Ұлттық ән өнерінің қалың орманы қарағайдай қасқайған, қайыңдай жайқалған, кеудесі ән-жемісіндей мәуелеп тұрған бір ағашынан айырылды. Қасиетті жұма, 29 шілде күні Шәкәрім әндерін жаңғыртушы, орындаушы, мәдениет қайраткері Келденбай Өлмесеков 58 жасында дүниеден озды.
«Ажал айтып келмейді», Алматыға телеарнаның шақыртуымен ән жазуға келген әншінің жүрегі сыр беріп, инфарктан кенеттен көз жұмуы мәдениет, ұлттық ән өнері саласында жүрген әріптестерінің қабырғасын қайыстырып кетті.
Келденбай Өлмесеков 1953 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Құйған селосы Күршім ауданында дүниеге келген. Қаратоғай орта мектебін бітіріп, әскер қатарындағы міндетін өтейді. Бала кезінен әнге әуес, өнерге құмар Келденбай жұмыс істеген жерлерінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, көзге түседі. Ақыры тәуекелге бел буып, Алматыға оқуға аттанады. Жолы болып, Республикалық эстрада студиясының әншілер бөліміне оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітіріп шығады. Қазақ өнерінің қос бәйтерегі, Халық әртістері Жүсіпбек Елебеков пен Бекен Жылысбаевтан дәріс алып, олардың баулуынан өтеді. Еңбек жолын Өскемен филармониясынан бастап, 1978 жылы Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы филармониясына қызметке келеді. Өмірінің соңына дейін филармонияда қызмет еткен.
Келденбай Раузаұлы «қазақтың әр әні – менің жалғыз әнім» деп, киелі әнге көздің қарашығындай қамқорлықпен қараған жанашыр жандардың бірі еді. Оған «кейде мен де халық әндері өліп кете ме деп қорқамын…» деп бір сұхбатында айтқан сөзі дәлел. Әншінің ән қорында 300-ге тарта халық әні, Абай, Ақылбай, Ақан, Біржан, Ағашаяқ (Берікбол Көпенұлы), Үкілі Ыбырай, Мұхаметжан, Майбасар, Уәйіс, Міржақып, Жаяу Мұсаның және бүгінгі композиторлардан Т.Базарбаевтың, Ш.Қалдаяқовтың, Т.Рахимовтің т.б. әндері бар. Бұлардың арасында Шәкәрім, Шәкір әндері – бір төбе. Шәкәрім әндерін бізге жеткізген негізгі үш адам – Шәкәрім сүйегі жатқан құрқұдықты тауып берген Кәрімқұлдың Қабышы, шыңғыстаулық әнші Ниязбек Алдажаров пен ұлы Ахат. Осы үшеуінің аузынан тікелей жазып алған шежіре қарт – көп жыл Семейдегі Абай мұражайын басқарған Төкен Ибрагимов. Сол кісінің ағалық кеңесімен әнші Келденбай Шәкәрім әндерін қайта тірілтіп, жарыққа алып шықты. Сөйтіп, 1982 жылдан бастап, өле-өлгенше өнер жолын Шәкәрім мұрасын насихаттауға арнады. Сол кезден бастап мұражай қорындағы Ахаттың, Шәкірдің, Ниязбектің, Қабыштың орындауындағы сақталған Шәкәрімнің ән қазынасы Келденбайға аманат етілді. Келденбайдай әнші ғұмырының тағы бір нұрлы сәті ғасыр куәсі, шыңғыстаулық ақын, композитор Шәкір Әбеновпен кездесуі болды. Ол Шәкәрім әндерін алғаш Шәкірден естіді. Келденбай Өлмесековтің ән қорында Шәкәрімнің 20 шақты әні болды. Бүгінгі таңда Шәкәрім әндерін бірден-бір орындаушы ретінде «Қазақтың 1000 әні» антологиясына да Шәкәрім әндері Келденбай Раузаұлының орындауында енді. Дос-жарандары әншінің ерекше білімді, қағілез болғандығын айтады. Содан да болса керек, Шәкәрім мұрасына қатысты әншіден сұраған жан жауапты толық әрі тиянақты алатын. Дегенмен өнерпаздың өзі өзін шәкәрімтанушы ғалым деп атағаннан гөрі, әншімін деп білетін.
Тұрсынғазы РАХЫМОВ, композитор, әнші:
— Келденбай екеуміз Семейдің филармониясына 1978 жылы бірге келдік. Ол менің сыңарым еді ғой. Ел-жұрт бірге жүріп, бірге өскендіктен, бізді телқоңыр дейтін. Біз Жүсекеңнің (Жүсіпбек Елебеков – автор) шәкіртіміз. Шәкәрім әндерінің барлығын жарыққа шығарған – Келденбай. Кейін шығарып алып, басқалар ол жасаған дүниеге жабысып жатыр. Бар ғұмырын Шәкәрімге арнады. Балаларымыз, отбасымызбен араластық. Жұбайы да – әнші. Аңқылдаған, аузын ашса, жүрегі көрінетін турашыл жігіт еді. Кек сақтамайтын. Білімді болды. Оның ерекшелігі, ауыз әдебиетін кез келген ғалымнан артық білетін. Әсіресе Абайды, Шәкәрімді, Мағжандарды жақсы білуші еді. Досқа, туысқа, балаға, шәкірттеріне – барлығына бірдей қарайтын кең пейілді, ақ көңіл, қамқоршы болды. Бүкіл өмірін басынан аяғына дейін сарқып филармонияға арнады. Өмірі іссапарда жүретін. Көрмеген қиындығы жоқ: жаяу да жүрді, 40 градустық аязда да, ыстықта да бортты көліктің үстінде, тракторда жүрді. Енді қайтеміз, айырылып қалдық асыл достан.
Абайша айтсақ, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Келденбай Өлмесековтің Шәкәрім мұрасының іздеушісі ретінде тарих бетінде қалары анық. Дүйсенбі күні әншіні Семей жұртшылығы арулап, жер қойнына тапсырды. Орны толмас қазаға ортақтаса отырып, «Алаш айнасы» газетінің ұжымы әншінің отбасы мен ет жақындарына көңіл айтады. Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні жер қойнына тапсырылған ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын демекпіз.
Қазақ әні Келденбайынан айырылды
Последние статьи автора