Қазан төңкерісі әкелген қанды қырғын мен ашаршылық

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«...1917 жылдың 12-16 наурыз күндерінде ескі тәртіп құлап, жаңа тәртіп орнағанын қуана қарсы алған біздер, ол кезде өзіміз зор қуанышпен қарсы алған осы жаңа тәртіп халқымыздың басына бұрынғыдан бетер қасірет әкелерін ойламаған едік...
Біздің басымызға түскен жаңа қасіретті патшаның тақтан құлауы әкелген жоқ. Керісінше қарғыс атқан патшалық тәртіп біздің жаңа қасіретке душар болуымызға жағдай әзірлеп берді».

                                                                                                               Мұстафа Шоқай 

Адамзат тарихында басына бұлт үйіріліп, ордалары отқа оранған ұлт пен ұлыс аз болмаса керек-ті. Асылы, олардың арасында аты мен заты шежіреден өшкені де, ел жадынан көшкені де жетерлік. Тағдыр-талайы сондай ауыр халықтың бірі – қазақ халқы. Моңғолдың шапқынын, жоңғардың қырғынын, қытайдың құрсауын, орыстың тепкісін, қоқанның теперішін көрген исі Алаш ежелден «мың өліп, мың тірілумен» келеді. Кезінде ол «ақтабан шұбырындыға» тап болып, үркіншілікті бастан кешті. Тұтас ғасырға созылған ұлт-азаттық күресті тұншықтырған қанды қасаптар. Он тоғызыншы ғасыр – қазақтың қаралы ғасыры, қорлықты, тепкі-теперішті, езгіні аса көп көрген ғасыры. Сол ерлік рухтың отын сөндірмей сақтап қала алған ғасыры. Ең сойқан сұмдықтар ХХ ғасырда келді.
Жалпы, біздің тарихшыларымыз бен жазушыларымыз қазақ 1931-1933 жыл­дар­дың арасында ғана қырылды дегенді көп айтқан да, 1921-1922 жылғы ашар­шылыққа атүсті ғана тоқталып өтеді. Ал, шындап келгенде, қазақтың қырылуы 1916 жылдан басталып 1945 жылдарға дейін созылады. Яки патшалық Ресей бізді «бұра­тана» есебінде, ақтар қызылдарға болыстың деп, қызылдар ақтарға болыстың деп, коммунистер байсың деп, алашордашы­ларсың, ұлтшылсың деп, халық жауысың деп қырды. Белгілі демограф М.Тәтімов «қызыл табан қырғын» деп атайтын кезең табаны күректей отыз жылға созылыпты.
Қаншеңгел қарақшылар мен қанішер жазалаушылар қарусыз халыққа, ұлт-азат­тығы жолындағы күрескерлерге қырғидай тиді. Мәселен, Верный уезінде алғашқы­лардың бірі болып атқа қонған Ботпай болысында Хорунжий Александ­ровтың қара жүздігі үш ауылдың адамын түгелдей қырып салды. Олардың күллі қоныстарын өртеп, бар малын айдап әкетті. Міне, нақ осындай жазалау операциялары бүкіл қазақ жерінде асқан қатыгездікпен жүріп жатты. Аз ғана уақыттың ішінде Түркістан өлкесінде 347 адам өлім жазасына, Торғай облысының түрмелерінде бірден 3 мыңнан астам адам қамалды (Бұл сонда, 95-бет).
Жалпы алғанда, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін тұншықтырмақ болған әскерилердің жауыздығын мына бір мысалдан-ақ аңғаруға болады. Белгілі қазақ қаламгері Қошке Кемеңгерұлының 1925 жылы Мәскеуден шыққан «Бұрынғы езілген  ұлттар» деген еңбегінде: «Түркіс­танда қазақ – 1 577 341 жан. Мұндағы қа­зақтар – Ұлы жүз бен Орта жүз. 1926 жыл­ғы патша өкіметінің қырғынынан Жетісудағы 1 125 000 қазақтан 500 мың­дайы ғана қал­ды», – деп көрсетеді.
Шілде айында басталған толқулар тамызда бүкіл қазақ  пен қырғыз жерін тұтас қамтыған қарулы көтеріліске ұласты. Көтерілістің тамызда ең өршіген және аяғы қанды қырғын  мен жат елге босуға айнал­ған ауданы Жетісу облысы болды. Көтерілісті басуға ұмтылған патша әскері мен пересе­лен­дердің жасаған ойраны бұл өңірдегі халыққа бұрын болмаған қайғы-қасірет әкелді. Қазақ пен қырғыздың 94 ауылы бүліншілікке ұшырады. Ресми билік орын­дары, 5373 үй өртеліп, 1905 адам өлтірілді. Шын мәнінде, адам шығыны одан да көп еді. Мәселен, Түркістан генерал-губер­наторы А.Н.Куропаткин Николай ІІ патшаға 1917 жылғы 22 ақпанда жолдаған рапор­тында тек Пішпек уезінде 98 адам өлтіріліп, 65 адам із-түзсіз кеткенін хабар­лаған («Түркістан», 2009, 22 мамыр).
Большевиктер қазаққа не әкелді?
1917 жылғы ақпан төңкерісін қазақтар қуанышпен қарсы алды. Өйткені олар патша үкіметі тұсындағы бодандықтың бұғауынан біржолата құтыламыз деп үміттенді. Сондықтан қазақ зиялылары уақытша үкіметті қолдап, өздерінің Алашорда партиясын құруға қол жеткізді. Солардың бірі тамаша ақын, ойлы публицист Ж.Ай­мауытов болатын. Себебі 1917 жылы ақ­пан төңкерісі болып, патша тақтан түскенде ол алғашқылардың бірі болып «Сарыарқа» газетінің бетіне «Тұр, бұқара, жиыл, кедей, ұмтыл, жастар!» деген мақала жазып: «жа­сыратын қылық жоқ – бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық», – деп жар салған болатын.
Бірақ арада он жыл өтпей-ақ Ж.Ай­мауы­тов Москвадағы Ұлттар кеңесінің баспаханасынан басылып шыққан «Кәсіп таңдау психологиясы» деген кітабында 1917 жылғы қос  революция туралы: «Со­ғыс және төңкеріс, тонаушылық, аштық, ұлттық бостандық, автономия... – мұның бәрі де қазақ-қырғыз халықтарының тіптен түсіне кірмеген нәрселері, мұның бәрі де (қазақ-қырғыз халықтарын) қайыршылық пен таусылмас жоқшылықтың тұңғиығына тас­тады», – деп ашына жазды.
1919  жылы  тамызда Ахмет Байтұрсынов РСФСР ұлт істері жөніндегі халық комис­сариатының апталығына «Революция және қазақтар» атты мақала жариялады (Қара­ңыз: А.Байтұрсынов. Революция и киргизы. Жизнь национальностей, (1919, 3 август).
Осы көлемді еңбегінде А.Байтұрсынов Алаш автономиясы мен Алашорданың пайда болу себептерін өз пайымдауынша түсіндіреді. Сонымен қатар ол 1917 жылы қазақ қауымы большевизмді қабылдауға дайын емес еді деген тұжырым жасайды.
«Қазақтарға ақпан революциясы қан­ша­лықты түсінікті болса, – деп жазды А.Бaй­тұрсынов, – Қазан социалистік револ­юциясы соншалықты түсініксіз болды».
«1917 жылғы төңкеріс кезінде біз бәріміз федералист, унитарист тәрізді ағымдардың ықпалында болдық. Бәріміз түгел берілген осы көзқарастар бізді орыс демократиясына шамадан тыс сенімімізден туған еді», – деп жазды кейіннен Мұстафа Шоқай («Яш Түркістан», 1935, №63) 1917 жылғы ақпан төңкерісі нәтижесінде орнаған уақытша өкіметпен тіл табысқан Алаш арыстары елге тәуелсіздік алып келуді басты мақсат тұтады. Бірақ ақтың да, қы­зыл­дың да ұсақ ұлттар тәуелсіздігін мойын­дағысы келмегені ақиқат. Оқиғалар ағымы бұл екі автономияның да ғұмырын ұзақ еткен жоқ.
Қазан төңкерісімен қатар басталған азамат соғысы 1920 жылдың соңына дейін Ресей қарауындағы қазақтардың, оның ішінде Қазақстанның барлық күшін осы шиеленіскен тап күресіне жұмсауға мәжбүр етті. Халықтардың санасына сіңіп үлгермеген жаңа мемлекеттік басқару жүйесі – кеңестер құралмай жатып, бірден жантүршігерлік, бітіспес тап тартысының азамат соғысының қансоқтасына белшесінен батты да кетті. Ресей тарихында қалыптасып қалған мем­лекет, заң, қоғамдық тәртіп аяқасты болып қалды, ал жаңа мемлекет, оның заңдары осы соғыс жағдайында қалыптасты. Елде әскери диктатура орнықты. Кеңес өкіметіне қалаларға (жұмысшы табына) және соғыс­қа (қызыл әскер) қажетті тамақ, киім, көлік сияқтыларды ең алдымен ауыл-селодан (шаруалардан) алуға тура келді. Сөйтіп, ауыртпалық шаруаларға түсті. Әскери дик­та­тура астық үшін күресті, яғни социализм үшін күресті шаруаларға қарсы жүргізді. Кеңес өкіметі алдымен өзін қорғауға, сақтап қалуға күш салды.
Азамат соғысы және шетел интервен­циясы жылдарында Қазақстан орасан адам және шаруашылық шығындарына ұшы­рады. Екі жылдың ішінде (1917-1918) со­ғыс­тан және ашаршылықтан 800 мыңға жуық жергілікті халық қаза болды. Бұл жөнінде кезінде Кеңес үкіметі ауызға да алмады.
Сөйтіп, 1918 жылдың жазында шетелдік интервенттер мен ішкі контрреволюциялық күштер Қазақстанның Орал, Торғай, Ақмо­ла, Семей облыстарының көптеген жерлерін басып алды. Халықаралық империалис­тердің қолшоқпары болған ақгвардияшылар бұл аймақтарда контрреволюциялық дик­татура орнатты. Жергілікті халықты асып-атып, түрмелерге тоғытты. Құлақ естіп, көз көрмеген озбырлықтар жасалып, қазақ жері қан сасыған мүрделерге толды.
Азамат соғысы жылдарында қазақ же­рін қанға бояған атаман Анненков болатын. Осыған орай «Қазақ тілі» газетінде жария­ланған «Айуандық пен жауыздықтың туы» деген мақалада: «Анненковшылар кісі өлтіріп, қанаудың екі түрлі тәсілін ойлап шығарған. Оның бірі – Кеңес өкіметіне тілектес деп күдіктенген адамдарды бірден тауып өлтірмей, әуелі қолын кескен, сонан соң ішек-қарнын ақтарып, көзін ойған. Ал екінші тәсіл бұдан да қорқынышты. Бесіктегі нәрестені мылтықтың найзасына түйреп, пештегі отқа тастаған», – деп баскесерлердің зұлымдықтарын көрсетеді.
Анненков уақытша үкіметтің көмегімен жасақтап алған әскерлерімен 1918 жылдың қазан айында Семейге келіп, бейбіт халықты қырумен айналысады. Бұл туралы газетте: «Күн сайын қас қарайысымен отыз шақты тұтқынды іш киімдерімен Ертіс өзеніне ай­дап апарып, атып өлтіріп, тәндерін суға лақтырып жіберетін», – деп жазылыпты («Қа­зақ тілі», 1927, 2 шілде, 23 шілде).
«Жұрт иесі қариялар! Ел ағасы мырза­лар! Дін бастығы ғұлама һәм ишандар! Қарындастық мұсылманшылық борышта­ры­ңызды шынымен-ақ ұмытып кеттіңіздер ме? Адамгершілік, мұсылманшылық боры­шымыздың үстіне мынау ағайындарыңызға туысқандық борыштарымыз тағы бар емес пе? Алаш балалары қанымыз бір бауыр емес пе едік? «Ағайын бір өліде, бір тіріде» деген қайда? Ағайын өлсе, өп-өтірік өкіріп келіп, жылаған боламыз. Тіріде керек қылмаған ағайынның өлгеніне жылауымыз рия бола ма? Жұрттың жайы – осы.
Енді мұның үстіне қошемет кеш болып тұрған қазіргі хүкіметтің қысымшылықтары – өз алдына бір бап.
Қалжан Қоңыратбаев
(«Бірлік туы» газеті. 14 (5) IV. 1918 жыл, №29)
(«Ақиқат», 1997, №9)
АНЫҚТАМА:
Кезінде Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанбек Қожанов, Әлихан Бөкейханов сияқты қазақтың көрнекті қайраткерлерімен бірге жүріп, ұлттық мүдде мен егемендікті арман еткен Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысты бастаған Мұстафа Шоқаймен жолдас бол­ған. Шетелде жүрген онымен 1926 жыл­ға дейін хат алысып тұрған. Ұлтшылдықпен күрес науқаны кезінде дербес, тәуелсіз, егеменді ел болуды ойлаған осындай аяулы адамның репрессиядан тыс қалуы мүмкін де емес еді. Ол 1941 жылы Амурдағы Ком­со­мольск қаласындағы НКВД-ының №22 лагерінде 64 жасында қатты науқастан қайтыс болған.
Елден береке кетті, мал тоналды, азық-түлік тартып алынды, халық аштықтан күй­зелді. Елден тартып алынған мал мен азық-түлік Кеңес өкіметінің төтенше экономикалық саясаты – «соғыс коммунизмінің» заңы бо­йын­ша ішкі Ресейдің ақтардан азат етілген аудандарына жөнелтіліп жатты.
Соғыс коммунизмінің қазаққа әкелген ауыртпалығы қандай? Бұған Ташкентте шы­ғып тұрған «Экономическая жизнь» жур­налы (1920 жылғы қазан-қараша айларын­дағы сандары) мына тұрғыда жауап береді: 1914 жылы Түркістанда 4.311.100 жұмыс малы болса, 1919 жылы одан 561 531 тұяқ қалған. Ал 1914 жылы 15 миллионнан астам қой мен ешкінің халықтың қолында қалғаны 2 117 мыңнан аспайды. Бұл тұста Түркістандағы күллі малдың 90 пайызы ежелден қазақтардың меншігі екенін ескерсек, исі Алаштың қаншалықты күйзел­генін түсіну қиын емес.
Түркістан халық комиссарлары кеңесінің кезекті төрағаларының бірі К.Сорокин былай деп ашығын айтқан:
«... Мұсылмандардың барын тартып алуда, алып қана қоймай, өздерін өлтіруде. Біздің әскерлер қорғаудың орнына тонап, қанға бөктіруде... Үрейі кетіп, берекесі қашқан халық босып жатыр... Мұны істеп отырған партия емес, зәбір-жапаны жасап жатқан Қызыл Армия дейтіндер де шығуы мүмкін. Бірақ осының басында партия тұр ғой... Партиядағы жолдастар... жағдайды түзеу үшін ешқандай шара қолданар емес... Маскүнемдік пен бейбастақтық белең ал­ған, әлбетте осының бәрі үшін партия кінә­лі. Мұсылман пролетариаты орыстан көмек сұрайды, орыс оған сенбейтінін айтады. Мұсылмандарды түртпектеп, қудалап, түбі­не жетуде... Ақ-қарасын ажыратып жатпай, дүние-мүлкін, қатын-баласын құртып жіберіп жатқан біздің отрядтардан мұсыл­ман кедейлерінің соры қайнауда... осын­шама қорлық-зорлық көре тұра, олардың бізге қандайлық достық сезімде болары айтпаса да түсінікті емес пе? Оларды біздің өзіміз ұлтшыл етудеміз...» (Т.Рысқұлов, «Төң­керіс және Түркістанның түп халқы», Мембаспа, Ташкент, 1925 ж, 101-бет).
Түркістан Компартиясы басшыларының бірі болған Иван Тоболин: «маркстік тұрғыдан алғанда, экономикалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір құрып-бітіп,  жоғалуға тиіс» (Бұл да сонда).
Әлгі «сәуегей» айтқандай, халықты құр­тып-жойып жатты. Патшалық тұсында бас­талған құрту саясаты одан әрі жалғасты­рылып, кәдімгідей жоспарлы түрде мыңдап, миллиондап халықтың көзін жойып жат­ты.
«Правда» газетінің 1922 жылғы 20 ма­мыр­дағы №111 санында жазылғандай...» 1917, 1918, 1919 жылдарда жерлерін тартып алу үшін қырғыздарды (қазақтарды) тірідей өртеді!» «... оларды аң аулағандай аулады. Олар өз-өзінен құрып кететіндей күйге жеткізілді...» «Олардың мал айдауына кедергі келтіру үшін көптеген жер учаскелері басып алынды. Мал айдап өтушілерден айып-анжы үшін көш жолдарына әдейі омарташалар қойылды».
Түркістан Республикасы Кеңестері ор­талық атқару комитетінің РСФСР-дағы өкілетті өкілі У.Шакиров 1919 жылы жазда РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық   ко­миссары И.В.Сталиннің орынбасары С.С.Пест­ковс­кийге жазған хатында: «Түркістанның қазіргі үкіметі өзінің қыр халықтарына қарсы жасаған қылмысты іс-әрекетінің нәтижесінде оларды толық қайыршылыққа ұшыратты және бұрын-соңды естіп білмеген 60 проценттік қыры­луға жеткізді...», – деп ашына атап көрсете­ді (ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты, 1318-қор, 1-тізбе, 56-іс, 197-бет).
Алғашқы кәмпеске
Халық жеңілдікті аңсады, алайда азамат соғысы аяқталғанмен, қандастарымызды соғыс коммунизм саясатының қиыншы­лықтары күтіп тұр еді. 1920 жылдың көкте­мінде бүкіл дала өңірінде астықты, малды, киім-кешекті күштеп тәркілеу (конфискация) басталды.
Соғыстан соң, халық шаруашылығын қал­пына келтіру жылдарында жер мен малды жаппай национализациялау, көш­пелі халықты отырықшылыққа ауыстыру саясаты да мал басын азайтып қана қоймай, адамдарды да жаңа қырғынға ұшыратты.
1920 жылдың басында Кеңестер Қа­зақстанда азық-түлік салғыртын (продраз­верт­каны) жаппай енгізді. Салғыртты жинау күшпен жүргізілді, сондықтан азық-түлік отрядтары (продотряд) – қарулы күштерге сүйенді және олар Ресей қалаларында жасақталды. Бұл арада да қисын бар: сырттан келген қалалықтар өзі үшін қандай қаталдықтан да бас тартпауы керек. Астық олардың қалаларына, отбасыларына жібе­рі­летіні анық еді. 1920 жылдың соңында РК (б) П-ның шақыруымен Ресейден Қазақ­станға 11500 азық-түлік жинаушылар жіберілді («Известия» Тур ЦИКа, 1920, 19 тамыз). Әрине, қарулы күш есебінде бұл аз емес еді. Кейін бұлардың сандары еселеп артпаса, кеміген жоқ. Олардың күшімен тек Семей облысында ғана 15 млн пұт астық жиналуы тиіс болды.
Зорлық-зомбылыққа төзе-төзе шыдамы таусылған халық әділеттік іздеп, жоғары орындарға арызды қардай боратты. Бірақ мұндай арыздар тексерусіз қалып отырды. Кейде тіпті жазаланғандары емес, жаза­лаушы партия, кеңес қызметкерлерін ақтау­ға тырысушылық та орын алады.
Қазақ жеріндегі аштық, оның себептері туралы сол кезеңнің ірі қайраткерлерімен қатар, жергілікті халық, тіпті шетелдіктер де өз баспасөздерінде жабыла жазып жатты. Мәселен, аштық туралы ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі Сафаров: «Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гиржот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен 1 мил­лиондай қазақ аштан өлді», – деп жаз­ды («Правда» газеті, 1920, 20 маусым, №133).
1917-1920-шы жылдары алынған ста­тис­ти­калық деректердің мәліметтеріне ғылыми салыстырмалы талдау жасау бары­сында тарихшы В.А.Семенюта: «Түркістан халқы­ның саны 1 млн-нан астам адамға аза­й­ған деп қорытынды жасайды («Общес­т­венные науки в Узбекистане», 1989, №12, с.34). Кеңес елінде 1919 жылы жарияланған деректерге сүйеніп, М.Шоқаев Түркістанда 1 114 000 адам аштан қырылған деп жазды. Ал төтенше комиссар П.А.Кобозев аштық кезінде Түркістан халқының 25 па­йы­зы, яғни шамамен 1 900 000 адамның қырылғанын мәлімдеген (Қоңыратбаев  О.Тұрар Рысқұлов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі, «Қазақстан», Алматы, 1994, 69-бет).
Тұрар Рысқұловтың Түркістан өлкесіндегі ашаршылыққа қарсы күресі
Тұрар Рысқұловтың Түркістан Республи­касындағы атқарған жұмыстарының ең маңызды парақтарының бірі оның 1918-1921 жылдардағы Түркістан өлкесін жаппай жайлаған ашаршылық нәубетімен күресі болып табылады. Т.Рысқұлов алғаш Түркіс­тан Республикасында орыс шовинизміне, отаршылдық қалдығына қарсы күрескен саяси топтың жетекшісі ретінде танылды. Оның есімі Түркістан өлкесінде ашаршы­лыққа қарсы күрестің символына айнал­ды.
1918 жылы күзде Түркістан Республи­касының Денсаулық сақтау халық комисса­ры болып Т.Рысқұлов тағайындалады. Комиссариаттың жұмысы қайта құрылып, негізгі күш-қуат халық арасында кең тараған жұқпалы ауруларды жою ісін ұйымдас­ты­руға, дәрігерлік көмекті дұрыс жолға қоюға жұмсалады. 1918 жылғы 26 қарашада Түр­кіс­тан Орталық атқару комитетінің шешіміне байланысты, Өлкелік денсаулық сақтау комиссариатының жанынан Т.Рысқұловтың басшылығымен ашаршылық пен эпиде­мияға қарсы күрес комиссиясы құрылды. Сол кездің өзінде-ақ ашаршылық пен эпидемияға қарсы күрес үшін Түркістан өлкесі бойынша 34 арнаулы комитеттер құрылды.
Түрікатком тарапынан аштыққа қарсы күресті ұйымдастыруға жауапты адам ретінде Т.Рысқұлов И.Сталинге төмендегідей хат жолдады:
«Түркістан кедейлері арасында араны ашылып келе жатқан ашаршылықты көре отырып, мен толығымен ашаршылықпен күрес мәселесі туралы мақсат қойдым. Себебі: біріншіден, көшелердегі, ой-шұқырлардағы, қыстақтардағы аштықтан қырылып бара жатқан миллиондаған про­летарлар мен балаларды құтқарып қалу... Екіншіден, орыс жолдастарға жергілікті халықтың кедейліктен қырылып бара жатқан және бұлар Кеңес үкіметінің соңғы тірегі екендігін түсіндіру; Үшіншіден, өздері сол халықтың ішінен шығып, кедейлерді ойламаған, ешқандай шара қолданбаған комиссарларды жағдайды толық ұғынуға үгіттеу және шара қолданбаған жағдайда оларды жазалау. (Себебі ол комиссарлар аш қалғандарға емес, соғыстағы армияға көбірек қаржы бөлуді қолдаған); Төртінші­ден, жаңылыс керітартпа саясат арқылы шет жерлерге кетіп қалған жергілікті еңбек­шілерді совет өкіметіне қайта тарту және жергілікті кедейлерге сүйеніш болу».
1918 жылы 13 желтоқсанда Т.Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің мәжілісінде ашаршылықпен күрес туралы баяндама жасады. Баяндамада Түркістан Республикасында ашаршылыққа қарсы күрес шаралары тура айта келіп, ай сайын 81 миллион сом ақша қажет екенін айтып, бұл қаржының бөлінуін жоғары өкіметтен талап етіп, орындатты да. Т.Рысқұлов уездердегі ашаршылыққа қарсы күрес комитеттерінің арнайы Ережесін жасап, оның құрамына жергілікті ұлт өкілдерінің мүше болып кіруін талап етті.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жеңі­ліске ұшырағаннан кейін аяусыз жазалаудан ығысып, Қытайға ауған босқындардың ту­ған жеріне оралуына Т.Рысқұлов басқарған Аштықпен күресетін орталық комиссия орасан зор көмек көрсетті. Босқындар ашыққан, ауруға шалдыққан, барлық малы мен күн-көріс көзінен айырылған жүздеген мың адамдар тобы болатын. Олар үшін ар­на­йы ауруханалар мен асханалар ашылды, дәрігерлік көмек көрсетілді. Еңбекке жарам­дылары жұмысқа орналастырылып, шаруа­шылықтарын қалпына келтіру үшін матер­иал­дық көмек көрсетілді.
1919 жылы наурыз айында өткен Түр­кіс­тан Республикасы Кеңестерінің төтенше VII съезінде жасаған «Аштықпен күрес және азық-түлік мәселесі» деген баяндамасында Т.Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе революциядан соң орнаған Кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді. Кеңес өкіметінің азық-түлік саясатын іске асырушы өлкелік Азық-түлік директория­сының қатыгез саясатын айыптай келіп: «Азық-түлік директориясының мұндай саясатынан қатты зардап шеккен мұсылман еңбекшілері болды. Олар өздерінің азық-түлік бөлімдерінен ешқандай көмек алмады...», – деп атап көрсетті (Қоңырат­баев О. Аталған еңбегі, 65-бет).
Қорытындылай айтсақ, Ресейде болған 1917 жылғы қазан төңкерісінің әсерімен Қазақстанда орнатылған Кеңес өкіметі шын мәнінде жергілікті халыққа бостандық әкелудің орнына бодандықтың бұғауын одан әрі жалғастырып, қайғы мен қасіреттен басқа ештеңе бермепті.
Сонау 1916 жылдан басталған соғыс, ашаршылық, неше түрлі аласапыран, одан қала берді Кеңес үкіметінің бастан асып жатқан алым-салығы халықты әбден күй­зелтті. Ал шын мәнінде халық қалада да, далада да шыбындай қырылып жатты. Сонда да «революция шығынсыз болмай­ды» деген теориясымақты ұстанған көсем­дер зұлмат операциясынан тайынған жоқ. Соның салдарынан 1916-1920 жылдары кем дегенде 1,5 миллионға жуық қазақтың басы сай-сайда домалап қалды, бірқатары торғайдай тозып, басы ауған жаққа быты­рады.


Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор,  ҚР ГҒА академигі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста