Қателердiң «көкесiн» кинолардан көресiң

Қателердiң «көкесiн» кинолардан көресiң

Атам қазақ «Жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ болмайды» десе, әлем ойшылдарының бiрi – «Ешнәрсе iстемеген адам ғана қателеспейдi» дептi. Бұл екеуi де – қателесудiң адам баласына тән құбылыс екендiгiн ескертетiн нақыл сөздер. Алайда қадам сайын қателесiп, сүрiне беру кез келген iстiң берекесiн қашырмай ма? Дүниежүзi бойынша қателiкке ең көп бой алдырған сала кино саласы екен. Қазiргi кезде кiлтипансыз киноны шырақ алып iздесең де, таппайсың. Ұзақтығы екi сағаттық «Александр», «300 спартаншы», «Смит мырза мен ханым», «5-элемент» секiлдi әлемге әйгiлi фильмдерден бiр-екеу емес, 100-ге жетiп жығылатын қателiктердi табуға болады екен. Сондықтан бiз оларды санамалап жатпай, қазаққа етене жақын, қаншама рет көрсек те жалықпайтын киноларға тоқталсақ.

КЕҢЕСТIК КЕЗЕҢ КИНОЛАРЫНДАҒЫ ҚАТЕЛIКТЕР:
1. Мәселен, өзiмiз қанша көрсек те жалықпайтын кеңестiк кезеңнiң баға жетпес туындысы – «Тағдыр тәлкегi немесе жеңiл буыңызбен» фильмiнiң басқасын айтпағанда, ең басында экранға шығатын титрiндегi «Совершенно нетипичная история которая могла произойти только и исключительно в новогоднюю ночь» дегенде исключительно сөзiндегi л әрпi (искючительно) жазылмай қалған.
2. «Кавказ тұтқыны» фильмiндегi қыз алып қашпақ болған Вицин, Никулин, Моргуновтар кiм-кiмнiң де болса есiнде жақсы қалған шығар. Үшеуден қашып жүрiп бойжеткен бiр үңгiрге тығылатын едi ғой. Мiне, осы тұста үңгiрден қарғыбау таққан аю шыға келедi. Осы сюжеттегi бұл бiрiншi қателiк болса, ең басты қателiк, оқиға Кисловодск аумағында өрбiп отыр. Ал Гайдай фильмдерiнде жиi ұшырасатын гималай аюы бұл аумақты мүлдем мекендемейдi де.
3. Осы фильмнiң тағы бiр жерiнде Шурик өзенге ұйықтауға арналған қапшықпен құлайды. Оны құтқару үшiн суға секiрген Нинаның үстiнде жолақ кеудеше болған. Бiрақ келесi кадрда киiмiн кептiрiп алған Нинаны Шурик үйiне шығарып салып бара жатады. Осы екi ортада қыздың үстiндегi кеудешесi аппақ. Сонда ол киiм қайдан шыға келдi, әлде ала кеудеше суға оңып кеттi ме? Бұл – бiр, екiншiден, қапшыққа енерде Шурик аяқкиiмiн шешкен болатын, ал судан шыға сала ол қыздың қасында аяқкиiмiн киiп отырды. Сонда аяқкиiмi оған сумен жүзiп келдi ме?
4. «Иван Васильевич мамандығын ауыстырады» фильмiнде де ондай жайттар көп, соның бiрi – фильмнiң соңғы жағында пәтер ұрлығын тексеруге келген милицияның көлiгiне назар аудардыңыз ба? Егер байқаған болсаңыз, сонда ГАИ деп жазылып тұрды. Сонда қылмысты тексеруге жол қозғалысын қадағалайтын милиция келгенi ме?
ҚАЗАҚ КИНОЛАРЫНДАҒЫ ҚАТЕЛIКТЕР:
1. Әлемдiк кино өнерiндегi мұндай «дерт» қазақ киносын да сырт айналмасы айдан анық. Режиссер Ардақ Әмiрқұловтың сонау ХII ғасырдағы Шыңғыс ханның шабуылынан қан сасыған қазақ даласының қасiретi жайлы «Отырардың күйреуi» фильмiнде автокөлiк дөңгелегiнiң iзi сайрап жатқан жолды көрсетiп қалады. Автокөлiк те, шайтанарба да шықпаған кезде ол неғылған дөңгелек iзi? Сонау ерте заманға сүңгiп кеткен көрермен әлгiндей көрiнiстi көзi шалып қалғанда, бiрден селк етiп оянғандай күй кешпей ме?
2. Сондай-ақ таяуда ғана тұсаукесерi болып, сонау Францияда өткен ХV халықаралық Азия фильмдерiнiң «Синемас Азия» фестивалiнде Гран-придi иеленген «Сталинге сыйлық» фильмiнiң бiр-екi жерiнде де осындай қателiктер кеткен. Атап айтқанда, Қасым ақсақал қасына баласын ертiп, темiржол рельсiнiң үстiмен жаяу кетiп бара жатады. Иығында ауыр қоржыны бар. Кенет сонадайдан пойыз жүрiсiне кесiрiн тигiзетiн тасты көрiп қалады. Сөйтедi де, баласына бiр жақсы үлгi көрсетейiн деп иығындағы қоржынды жерге қойып, 2-3 метр арыда жатқан тасты көтерiп алып, аулаққа лақтырып тастайды. Ал келесi кадрда, қайдан келгенi белгiсiз, дәл жанында жатқан қоржынын iлiп алып, кете барады. Қоржыны әлгiнде ғана 2-3 метр аулақта қалып едi ғой, ол қалай қарияның қасынан табылды? Осы жағы көрерменге түсiнiксiз боп қалды.
3. Екiншi бiр қисынсыздық осы фильмнiң орыс келiншек пен жер аударылып келген поляк жiгiтiн үйлендiрiп, той жасап жатқан тұста кездеседi. Қой сойылып, қазанда ет қайнап жатқан тұс. Дәл үстiнен алынған кадрда қазан толы ет қайнап жатады. Ал келесi бiр алыстан алынған көрiнiсте қазанның бос екенi анық бiлiнiп қалған. Бұл – әрине, бiз көрген қателiктердiң бiр-екi мысалы ғана. Ал миллиондаған көрермен осындай олқылықтың қаншасын байқап, басын шайқады екен?
4. Биылғы жылы тұсаукесерi болған тағы бiр тарихи туынды «Мұстафа Шоқай» фильмiнде Карина Абдуллинаның аузының қимылымен әннiң сәйкеспеуiн айтпағанда, режиссердiң ең басты нәрсеге назар аудармағаны қызық. Мұстафа қылшылдаған жас кезiнде қандай болса, жiгiт ағасы, одан ел ағасы болған кезде де дәл сол қалпында қалған. Қаншама қиындық көрген адамның бет-әлпетiн әжiм баспағаны былай тұрсын, киiм киiсi мен шаш үлгiсiнiң сонау 1917 жылдан 1941 жылға дейiн өзгермеуi мүмкiн емес қой.
5. НКВД жансызы, Мұстафаның туысқаны Байдрахманға қатысты көрiнiсте де сенiмсiз сәттер байқалады. Бiрнеше құлыптың арғы жағында сақталатын «Аса құпиялы» құжатты ешқандай арнаулы қызмет Мұстафаның қолына танысу үшiн берiп, тастап кете салмайды. Оның үстiне «Франс» операциясын жүзеге асыруға арнайы келген Байдрахманның немiстердiң бiрнеше сүзгiсiнен сүрiнбей өтiп, сонау НКВД-дан келiп отырған кадрлық офицер, «ценный агент» екендiгiн ескерiңiз. Арнаулы қызметтiң барлығында iсқағаздарына қатысты құпиялылық режимi деген қатаң сақталады. Байдрахманға қатысты жедел құжаттар танысуға берiлген күннiң өзiнде оның желкесiнде бiр құпия қызмет өкiлi тұрса, сенiмдiрек болар едi. Ал ұшқан шыбынның ызыңын естiп отырған Вермах, Абвер, Гестапоның қойнындағы өте құпия құжаттармен Мұстафа ауылдан келген хат сияқты таныса бередi...
Қатенiң «көкесi» триллер, боевик, сондай-ақ тарихи киноларда өрiп жүредi. Режиссерлердiң айтуынша, кинодағы қателiктер фильмдi түсiру барысында техникалық себептерге байланысты қиындықтарға тап болып, содан ол жерде тiрелiп қалмай, ары қарай жалғастыру үшiн, амал жоқ, жiберiлетiн көрiнедi. Жалпы, қателердiң түрi мен себебiн, сипатын бiз былай жiктеп көрсетсек:

ТҮЙIН:
Кейде көрермен көзiмен қарағанда қате секiлдi көрiнетiн кейбiр жайттар әдейi, идеологиялық мақсатта жiберiледi екен. Фантастикалық, мистикалық, экшн фильмдерде, бәлкiм, олай етуге болатын шығар, бiрақ тарихи тақырыпқа абай болу керек қой. Өйткенi кино – ең мықты идеологиялық құрал. Бүгiнде өзiмiз көрмесек те, киноларымыз шетелдердегi фестивальдерден жүлделi оралып жүр. Қазақ деген қандай халық екенiн әлем жұртшылығы сол киноларымыздан көрмей ме? «Қырық кiсi куә болса, өтiрiк те шынға айналады» дегендей, бүгiнде кейбiр кинематографиялық шарттылықтардың әдетке айналғаны соншалықты, оның тiптi шындыққа жанасымсыздығына ешкiм назар аударып та жатпайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста