Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған стансысында Тама Есет батыр атындағы мешіт бой көтерді. Кеше оның салтанатты ашылу рәсіміне тек осы төңіректің тұрғындары ғана емес, шалғай аймақтардан да көптеген қонақтар келіп қатысты.
Үш жүзден астам адамға арналған мешіттің құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Оны салуға бастамашы болып, қаржылық қолдау көрсеткен кәсіпкер азамат – Абылай Ғабжалилов. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл елді мекенде бұрын-соңды мешіт болған емес. Есет батыр атындағы мешітке енді тұрғындар үздіксіз ағылатын болады. Әсіресе, құлшылық орны жастарды жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеуге зор үлес қоспақ. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, талай ғасырдан бері бұл жерді қазақтың бас батырларының бірі – Қарасай батырдың ұрпақтары жайлап келген. Кейіннен Кеңес өкіметі шырайлы өлкеге өзге ұлттың өкілдерін қоныстандыра бастайды. Сондықтан да болар, жергілікті жердің басшылары мешіт салуды ойламаған. Ал қазіргі күні Шамалған стансысы халқының басым бөлігін сырттан келген қандастарымыз құрайды. «Бүгінде жергілікті жердің халқы түгелдей – мұсылмандар. Ал мұсылмандары бар ауылға бір мешіттің керегі белгілі. Мешітті салуға атсалысып, көмек көрсеткен адамдарға Алланың рақметі жаусын», – дейді жергілікті тұрғындар. Мешіттің ашылу рәсіміне Тараз, Шымкент және басқа да көптеген қалалардан арнайы қонақтар келді. Мұның өзі мешіттің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.
Ізтұрған БАЙТАНОВ, тұрғын:
– Бүгін – қасиетті жұма күні. Мешіттің осы күні ашылуын жақсылыққа жорып отырмыз. Осыған дейін біздің стансыда мешіт болмаған. Бұл алғашқы мешіт болғандықтан, оны салуға атсалысқан қамқоршы азаматтарға халықтың ықыласы ерекше. Енді тұрғындар мешітке үзбей келеді деген ойдамын. Әсіресе, жастар жағының қуанышында шек жоқ. Себебі қазіргі күні имандылыққа бет бұрған жастарымыз көбейіп келеді.
Хайрулла ҒАБЖАЛИЛОВ, кәсіпкердің әкесі:
– Мешіт бірліктің, рухани тазалықтың ордасына айналуы қажет. Халық осы жерде тәубаға келуі тиіс. Осындай имандылық орындары көп болса, жастарымыз да иманды болып өседі. Бүгінгі жиында мен мешіттің кілтін ауыл халқының өзіне табыс еттім. Енді бұл мешіттің иесі – халық.
Есет Көкіұлы – батыр, қолбасшы, би, аға старшын, тархан, әулие адам болған. Ол кісіге байланысты ел арасында кең тараған «Мәдинада–Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет, Ақтөбеде – Ер Есет» деген қанатты сөздер бар.
Қарасай ауданында Тама Есет батыр мешіті ашылды
Последние статьи автора