Әдетте тарихи оқиғаларға қатысты шығарылған әндер халықтың жадында жақсы жатталып қалады. Желтоқсан оқиғасына қатысты шығарылған әндердің бірі 1987 жылы жарық көрген «Қарабауыр қасқалдақ» әні.
«Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап? Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап. Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт, Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт» деп келетін өлең жолдары көпшіліке таныс. Бұл әнді естіп жүргенімен, көп жастар осы ннің авторларын біле бермейді. Осыдан біраз жыл бұрын «Сіз білмейтін бір сыр бар...» бағдарламасында көшедегі жастардан әннің авторына қатысты сұрақ қойылды. Сонда көбі осы сұраққа жауап бере алмады.
«Қарабауыр қасқалдақ» әнінің сөзін белгілі ақын Есенғали Раушанов, ал әнін шардаралық композитор Лесбек Аманов жазған.
«...Қарап отырсам, "Жұлдыз" журналына Есенғали Раушановтың 5-6 өлеңі жарияланған екен. Жалпы, Есенғалидың өте мықты ақын екенін бұрыннан білемін. Соның ішінде мынау "Қарабауыр қасқалдақ" деген өлеңі бар екен. Соған есім кете берді. Қайта-қайта оқимын. Қасымдағы домбыраны алдым да, "Әй, мынаның бір айтатын ойы бар. Өзі бір мұңды. Әлде, патриоттық сезімі бар ма... Мынауың керемет өлең екен!" деп, бірден шырқап жібердім ғой», – дейді Лесбек Аманов бағдарламаға берген сұқбатында.
Сол кездегі Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Геннадий Колбин ол әннің саяси астармен жазылғанын естіп, ақын Есенғали Раушановты дереу шақыртып алады. Сонда Есенғали Раушанов Колбинге әннің ешқандай саяси астары жоқ екенін, Арал жойылып бара жатқандықтан экологияға арнап жазған ән екендігін, әнде сол жерді мекендеген қасқалдақ деген құстардың аты аталатынын айтып құтылған көрінеді.
Осылайша, ақын бір қатерден өзінің тапқырлығымен құтылғанымен, қауіп бұлты сейіле қоймайды. Кейін Есенғали Раушанов Шардарадағы композиторға телефон шалып: «Заман құбылып тұр. Ертеңгі күннің не болары белгісіз...» деген. Оны естіген Лесбек Аманов Қызылқұмның қойнауында мал бағып, елеусіз қалуға тырысқан.
«Қарабауыр қасқалдақ» әнінің мағынасын сол кездің өзінде көп адам түсінбеген. Әуені жаңаша болғандықтан жастар бұл әнге той-тоймалақта билеп жүреді. Кейінен газет-журналдарда бұл әннің Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған жастардың рухына арналған ән екендігін айтып, журналистер мақалалар жазды. Содан кейін бұл ән көбіне 16 желтоқсан қарсаңында шырқалатын болды.
1991 жылы Дінмұхаммед Қонаев Түркістанға зиярат етуге барған сапарында Лесбек Амановты арнайы алдыртып, танысқан екен. Бір әннің қос авторы – ақын мен композитор болса, ән шыққаннан 5 жылдан кейін, яғни 1993 жылы ғана кездесіпті. Композитордың бұдан бөлек 300-ге тарта әні бар. Көпшілігі халық әні болып кеткен. "Оралыңның барында ойна да күл", "Біздер де ғашық болғанбыз", "Әйелдер-ай, қандайсың?!" сынды танымал әндер де сол кісінің жүрегінен шыққан.
«Қарабауыр қасқалдақтан» басқа Желтоқсан көтерілісіне арналған әндердің тағы бірі – ақын Әбдірахман Асылбек пен композитор Әбиірбек Тінәлі жазған «Желтоқсан желі» әні. Бұл ән Тәуелсіздік алған 90-жылдардан бастап эфирге шығарылмады. «Қарабауыр қасқалдақ», «Желтоқсан желі» әндері мен режиссер Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмі әлі де өзінің әділ бағасын алатынына сеніміміз мол.
Айнұр СЕНБАЕВА