Қайрат Нұртас тележүргізуші Дана Нұржігіттің әншінің отбасы жайлы білгісі келген сұрағынан тағы да жалтарып кетті. Журналист 27-ге келген азаматтың жанұясын неге жасыратынын айтып, әншіні тығырыққа тіреді.
Өміріндегі қызықты оқиғаларын Қайрат Нұртас пен оның отбасы “Қазақстан” телеарнасындағы “Дара жол” бағдарламасында журналист Дана Нұржігітпен бөлісті. Әртіс жайлы естеліктерін Лаки Кесоглу, өнердегі әріптесі Еркін Нұржанұлы, жанкүйері Назым Бибатырова да ортаға салды.
Қайрат Нұртас “Арман” атты тұңғыш әнінің хитқа айналғанын алғаш рет барахолкадан білген. Әнші арнайы базарға барып, халықтың не тыңдап жатқанын тексеріп көрген. Бірінші әні хит болған соң, өзін “жұлдыз” сезінген әнші кешкілік өнер көрсететін кафеге келіп, талаптарын айта бастапты.
“Кафеге колонка қойыңдар, көбірек жарық қойыңдар, кафені таза ұстаңдар деп ақырын айта бастадым”, – дейді Қайрат әңгімесінде.
Алғашқы ставкам 500-1000 теңге болды. “Следующая песня посвящается” деп ұра беретінбіз
Айта кетерлігі, әншінің алғашқы “ставкасы” 500-1000 теңге болған. Бұл жайында әншінің өзі былай дейді: “Алғашқы ставкам 500-1000 теңге болды. “Следующая песня посвящается” деп ұра беретінбіз”.
Ал танымал тұлға Бекболат Тілеухан Қайраттың өзге әртістерден бір ерекшелігі – орысша білмей-ақ, халыққа танымал болып кетуін сүйсіне айтты. Атақты жыршы Қайраттың аттың құлағында ойнайтын қабілетін де тебірене сөз етті.
Қайраттың шығармашылық жолының бастау алған шағында халықтың қандай әндерді тыңдайтынын Қайраттың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова алдымен базардағы әріптестерінен сұрап алған екен. Яғни, ұлының “сұранысы көп әнші” болуы үшін анасы маркетингтік зерттеу жүргізген.
Алғашқы “Арман” әнін танымал әртіс 700 долларға сатып алыпты. Осы әнімен атағы бүкіл елге жайылған әнші алғашқы концертін Қызылордада берген. Репертуарында 7 ән ғана болған Қайрат концерттің уақытын толтыру үшін “Арман” әнін сахнада 6-7 рет орындаған көрінеді.
Бағдарлама барысында журналист Дана Нұржігіттің “27-ге келген азаматсыз. Мұндай адамның отбасы болуы заңды нәрсе. Несіне жасырасыз?” деген сұрағынан Қайрат бұл жолы да жалтарып кетті.
Анасы Гүлзира Айдарбекова көрермендерден бұл тақырыпты қозғамауын өтініп, жақында көрермендерге үлкен жаңалық дайындап жатқандығын жеткізді. Тосын жаңалығын телеарнаға келіп жариялауға уәде берді.
nur.kz