Оңтүстік жұрты Ұлықбек ақынды ұлықтады
Қазақтың заңғар ақыны Жұмекен Нәжiмеденов «Туған жер» атты өлеңiнде
«...Отанның қай жерiне де күн мен ауа тарайды,
Қай төбенiң аспаны да арайлы,
Қай төбе де, туған жер, мақтануға жарайды», — деп жырлаған едi. Сол айтқандай, байтақ даламыздың әр өңiрi қазақ үшiн туған жер саналмақ. Оған шырайлы Шымкентте өткен ақын Ұлықбек Есдәулеттiң 60 жылдық мерейтойы куә. Әуелi облыстық «Отырар» кiтапханасында өткен оқырмандармен кездесуде аға буын әдебиет өкiлдерi алпысты еңсерген Ұлықбек Оразбайұлының шығармашылығына тоқталып, арнау өлең жазса да өзгеше сарында, яғни адамның аты-жөнiн қолданбайтынына таңданысты. Кездесуде жастар көкейде жүрген сауалдарына жауап алып, қаламгердiң өлеңдерiн жатқа оқыды. Өз кезегiнде мерейтой иесi кездесудi ұйымдастырған «Отырар» кiтапханасына туындыларын сыйға тартты. Ал оқырман қауымның назарына ақынның қаламынан шыққан «Қара пима» поэмасының желiсiмен түсiрiлген режиссер Арыстан Отарбаевтың фильмiнен үзiндi ұсынылды.
Қаламгердiң шығармашылық тойы облыстық опера және балет театрында жалғасын тапты. Кiшiлер Ұл-аға, үлкендер Ұлқаш деп құрметтейтiн ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулеттiң шығармашылығы өз алдына бiр төбе. Атап айтар болсақ, «Көздерiңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күнi», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегi жарылыстар», «Заман-ай», «Киiз кiтап», «Қара пима», «Ынтық зар», «Әбiлхаят» атты кiтаптарының авторы. Шымшаһардағы шығармашылық кештi қазақтың көркемсөз зергерi Мархабат Байғұт жүргiзiп, ақынның әр кезеңдегi шығармашылығы туралы жылы естелiктермен бөлiстi.
«Ұлтын ұлықтаған Ұлықбек» атты кеште алпысыншы жылдардың аяғында 9-сынып шәкiртiнiң «Лениншiл жаста» жарқ ете қалған жырларынан кейiн ауруханада жатқан ақын Әбдiлда Тәжiбаевтың жас буынға ақжолтай тiлек бiлдiргенi туралы ағабуын өкiлдерi майын тамыза сөз еттi. Мархабат Байғұт бала ақын есiмiнiң елге танылуы сол кезде басталғанын, алғашқы жинағына Қадыр Мырза Әлi сәт сапар тiлеп, батасын берсе, «Жұлдыз жарығының» тұсауын қазақ лирикасының марқасқасы Қуандық Шаңғытбаевтың кескенiн, таңдамалы шығармаларының қос томдығына қазақ әдебиетiнiң классигi Әбiш Кекiлбаевтың егiлiп-төгiлiп алғысөз жазғанын баян еттi. Иә, осының өзiнен Ұл-ағаң шығармашылығының Ертiстiң шымырлап жатқан шүңетiндей тереңдiгiн байқауға болатындай...
Салтанатты кешке облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан қатысып, ақынға құрмет көрсеттi. «Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов қазақ поэзиясында Алтайдың сұлу табиғатындай, Бұқтырманың ерке толқындарындай көркем жырлар тудырған Ұлықбек ақынды 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыс жұртшылығының атынан «темiр тұлпар» сыйлап отыр. Ұлықбек ақынның тойы барша қазаққа ортақ той. Сондықтан қарасөздiң қадiрiн асырып жүрген ақынға шығармашылық табыс тiлеймiз», —дедi Құдайберген Ержан. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Ғалым Жайлыбай: «60 жас қарттық емес. Қазақ қарасөзiнiң басында тұрған Абай да бұл жасқа жетпеген. Сәкен, Iлияс, Бейiмбет, Қасымдардың бәрi 44 жасында «қырқылып» кеткен. Қарап тұрсақ, әдебиеттегi замандас дос Ұлықбек бақытты екен. Олай дейтiнiмiз, аға буын жетпеген алпысқа ат байлап отыр. Ақындығымен азаматтығы қатар, жырларынан әркез қазақтың сұлулығы, дархандығы көрiнiп тұрады бұл ақынның. Заманында бiрге қызметтес болған Ұл-ағаң аман болсын», — деп ағынан ақтарылды.
Кеште халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi, ақын Ханбибi Есенқарақызы қаламдас iнiсi туралы естелiктер айтып, арнау жырын оқыды. Әдеби кеште ақын жырларына жазылған әсем әуендер шырқалып, көркем жырлар оқылды. Тiптi, ақынның өзi «Киiз кiтабынан» керемет жыр төктi. Сөз арасында Мархабат аға Оңтүстiк әдеби ортада батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпiр екендiгiн, осыдан бiраз жыл бұрын Шымкентте батыстың тумасы Қадағаңның (Қадыр Мырза Әлi) кешiн атқарса, бүгiн шынарлы шығыстың өр ұлы Ұлықбектiң кешiн өткiзгендiгiн айтып, күнгейлiктердiң қонақжайлылығын, жомарттығын мақтап өттi. Салтанатты кеште жуырда ғана 90 жылдық торқалы тойын абыроймен атап өткен қарашаңырақ – «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Бақтияр Тайжанов кеш иесiне кәдесый мен оқалы шапан жауып, ақынға шалқар шабыт тiледi.
Ұл-ағаңның жақұттай жарқыраған жыр маржандарын қанша оқысаң да құмарың қанбайды. Тiптi, шабытына қамшы салдырар емес. Рухани кеште ақынның қоғам шындығын қыранша сергек сезiп, оны жүрекке жеткiзе жазатындығы туралы қаламдастары ұзақ әңгiмеледi. Ендеше, әлемнiң озық 10 елiнiң қатарында тұрған қазақ жыры Ұлықбектей жыр дүлдiлiмен мақтанса, ақын ұлдың қазақ деген қара орман халқына еркелеуi де заңдылық...