...Театрдағы қойылымдардың бірін тамашалап отырған әже: «Сахнадағы әйелдердің бәрі жесір ме?» – деп сұрапты төбеден түскендей етіп. «Жоға, бәрінің де күйеуі бар», – деп жауап қатады жанындағы келіні. Сенер-сенбесін білмей аңтарылған қария: «Ендеше, неге киімдеріне жесір қатындардың оюын жапсырып алған», – депті. Ел аузында айтылып жүрген осы әңгіменің өзі ою-өрнектерімізден қалай ажырап бара жатқанымызды аңғартса керек.
Қазақтың қазіргі заманғы белгілі зергерлерінің бірі Ілияс Сүлейменов кеше Астана топырағына табан тигізді. Қолындағы барша зергерлік бұйымдарын арқалай келіпті. Ішінде әкесі марқұм Мұхамет-Халел Сүлейменовтің «Қазақ ұлты тарихындағы Шыңғысхан дәуірі» атты кітабы да бар. Ол елордада өзінің тұңғыш зергерлік өнер галереясын ашып, таныстырылымын өткізді. Жоғарыда айтылған ой сол галереяны тамашалай жүріп туындаған еді. «Қазақтың ою-өрнектері тұнып тұрған философия, жатқан бір құпия. 20 жылдан бері зерттеумен айналысып келемін. Қазір біз оның қарапайым ғана мәндерін түсіне алмай жүрміз. Мәселен, ер адамдарға арналған оюларды – әйелдердің киіміне немесе керісінше әйелдерге тән оюларды ерлердің киіміне жапсыра береміз. Тіпті жұбайлары бар келіншектер мен тұрмысқа шыға қоймаған қыздардың өзіне арналған жеке-жеке оюлар бар. Ал текеметтерге салынатын оюлар есіктен кірген адамға «төрге шығыңыз» дегенді нұсқап тұрады», – деді ол галереяның ашылуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында.
Ілияс Сүлейменовтің есімі берісі – Ресей, ТМД, әрісі Еуропа жұртына жақсы таныс. Италиялық даңқты зергер-дизайнер Паола Валентинидің өзінен тәлім алған шәкірті. Мәскеуде, Бременде, Цюрих қаласында қымбат тастарды бағалаудың қыр-сырын меңгерген. Бірқатар еуропалық және халықаралық сыйлықтардың иегері. Философия ғылымының докторы. Еуропаға қазақтың қазіргі заманғы қолданбалы зергерлік өнерін таныстырып жүр десек те қателеспейміз. Оның әрбір туындысынан көне сақ, түркі дәуірінің ізі байқалады. Алаштың исі аңқып тұрады. Айталық, оның талайларды тамсандырған жұмыстарының бірі – «Шыңғыс хан сарбаздары» атты шахмат. Ақ және қара күмістен жасалған. Шахмат тақтасы қапталған былғары мен ондағы қазақы оюлар, тіпті түрлі жауынгерлер бейнесіндегі шахмат тастары да қазақтың қолынан шыққанын бірден ұғындырады. Ал алтынмен апталған «Атамұралық қазына» атты үстел үстіне қоятын электр шамы қазақтың арғы тарихынан бүгінгі күніне дейінгі кезеңді қамтыпты. Аса қымбат тастармен безендірілген әшекей бұйымдардың атаулары да ұлттық нышанда: «Бақытты өмір», «Асыл мирас», «Күнше» сырғалары, «Тұмар ханшайым» тәжі, «Көк тәңірі» сақинасы, тағысын тағылар...
«Алдымда екі жол тұрды. Біріншісі – ірі компаниялармен жұмыс істеп, қомақты табыс табу, екіншісі – өзімнің жеке брендімді құрып, халқымызға пайдалы іске бет бұру. Мен соңғысын таңдадым. Zerger Ilyas («Зергер Ілияс») деген студия ашып, жұмыс істеп жатқаныма бірнеше жыл ғана болды. Алғашқы аяқ алысымыз жаман емес», – дейді зергер. Оның айтуынша, туындыларының ұлттық дәстүрге қанық болуына әкесінің де ықпалы болған. Ілияс сөз арасында былай деді: «Әкем Шыңғыс хан туралы еңбегін 10 жыл бойы жазып, жарық көргенін көре алмай дүниеден озды. Мен әкем салған оюлардың әсерімен бастаған «Шыңғыс аздары» атты шахматыма жеті жылымды арнадым. Жай ғана жауынгерлер бейнелерінің жиынтығы болып қалмасын деп, егжей-тегжей зерттедім. Ал жасап шығуға бір ай жеткілікті болды».
«Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» демекші, сөйткен даңқты отандасымыз ана тіліне келгенде шоқырақтап қалады екен. Өкінішті-ақ. Бұған ол «ғасырлар бойы жүргізілген бодандық саясатты» кінәлайды. Мемлекеттік тілге қатысты сауалдарға ол: «Жеткілікті көңіл бөлінуде. Үш тілді меңгеруге жағдай жасалып жатыр. Қазақ, ағылшын және орыс тілдерін. Біртіндеп бәрі түзеліп келе жатыр ғой», – деп жұбату айтты.
P.S.
Айтпақшы, қазақ зергері Ілияс Сүлейменовтің қолынан шыққан құнды әшекейлер Ресей, Швейцария, Франция, АҚШ секілді мемлекеттердегі өнерді бағалайтын адамдардың коллекцияларында жиі кездеседі екен. Тіпті танымал әншілер Сабрина, Патрисия Каас, сондай-ақ Лихтенштейн князьдігінің ақсүйектері де Ілияс Сүлейменовтің туындыларын күнделікті тұрмыста пайдаланады. Кәдімгі қазақтың ою-өрнектері кескінделген әшекейлерді! Осылайша, әлемге тарап жатқан оймақтай оюларымыздың қыр-сырын өзіміз ұға алмай жүргеніміз өкінішті...