Нұрхан ШАРХАНҰЛЫ: Екi миллионға кәсiп аштым

Биыл күз маусымында «Қазақстан» ұлттық арнасында жастардың делебесiн қоздырып, дегбiрiн тауысқан «Дарабоз» жобасының жүргенiн бiлесiздер. Бастапқы жарнамасында айтылғандай, оған қазақтың салт-дәстүрi, әдет-ғұрпынан хабары аз, «шала қазақтар» немесе қала қазақтары қатысып, оларға салт-дәстүрiмiзден «сабақ» үйретiп, жарыстырып, соңында ең қағiлезi жеңiп қана қоймай, нағыз қазақ болып шығуға тиiс едi. Сонымен, Нұрхан есiмдi қызылордалық жiгiттiң «Дарабоз» атанып, екi миллион теңгенi еншiлеуiмен жобаның соңғы нүктесi қойылып едi. «Бас-аяғы бес айдың iшiнде миллионер болып шыға келген Нұрхан кiм, қазiр қайда жүр және алған жүлдесiн қалай жұмсауда» деген оқырман сауалдарына орай бiз Нұрханмен сұхбаттасуды жөн көрдiк:

– Нұрхан, «Дарабоз», шынында, жеңiмпазға деген екi миллионды қолыңа бердi ме?
– Иә, әрине.
– Демек, миллионерсiң ғой?
– Солай деуге де болатын шығар...(күлдi)
– Қарапайым Нұрхан мен қазiргi миллионер Нұрханның айырмашылығы бар ма? Өмiр сүру қалпында дегендей...
– Жоқ, бұрын қалай жатақханада тұрсам, қазiр де сонда, бұрынғы достарыммен бiрге тұрамын. Оқуымды жалғастырып жатырмын.
– Ал егер құпия болмаса, екi миллионды қалай жұмсап жатқаныңды бiлуге бола ма?
– Мен оған кәсiп ашып, қазiр соны жүргiзуге жұмыстар iстеудемiн. Бiрақ нендей кәсiп екенiн әзiрге айтпай қоя тұрсам...
– Түсiнiктi, ал ендi әуел баста «Дарабозға» қалай келгенiңдi, жоба жайлы қайдан естiгенiңдi айта отырсаң...
– Негiзi, мен «Дарабоздың» жеңiмпазы атанғаным үшiн анама алғыс айтуым керек. «Қызылорда – Қазақстан» телеарнасында жұмыс iстейтiн ол бiр күнi жұмысынан келдi де, дастарқан басында осындай жаңа жоба басталғалы жатқанын айтты. Қазақтың салт-дәстүрi мен өнерi жайлы деген соң елең еттiм. Себебi өзiм де өнер саласында бiлiм алып жүрген соң, маған қатысу қызық сияқты көрiндi. Әрi аздап сурет салатын да өнерiм бар-ды. Жазғы демалыс кезiнде үйде жата бермей, не де болса қатысып, бағымды сынап көрмекке бел будым. Анкета толтырып, суретiмдi жiбердiм. Бiр жетiнiң көлемiнде «реалити-шоуға өттiңiз, келiңiз» деген хабар жеттi.
– «Дарабозға» дейiн немен айналысушы едiң?
– Негiзi, өзiм Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық Өнер академиясында оқитынмын, қазiр де оқимын. Сонымен қатар өз мамандығым бойынша үйлердiң дизайн-интерьерiн, жоба-сызбасын жасаумен айналысатыным да бар едi. Дәл сол тұста бiр тапсырыспен Қызылорда мен Алматының арасында қатынап жүргем.
– «Дарабоз» саған не бердi? Бұрын бiлмейтiн бiр нәрсе болса да үйрендiң бе?
– «Дарабоздың» ең басты көздеген мақсаты қазақтың салт-дәстүрiнен қол үзiп бара жатқан қала жастарына ұлттық салт-дәстүрiмiздi таныту, үйрету болды. Жоба барысында бiз алдымен ата-бабамыздың өткен ғасырлардағы өмiр салтын өз басымыздан кешiрдiк. Кең далада, киiз үйдiң iшiнде тұрудың қандай болатынын бiлiп, қалада өмiрi көрмеген қозы-лақ пен бұзау қуып, атқа мiндiк.
– Бұрын атқа мүлдем отыра алмаушы ма едiң?
– Жоқ, атқа мiнгенiммен, шаба алмайтынмын. Ал бiзге атқа шабуды ғана емес, атты қалай тану керектiгiнен бастап, оны күтiп-баптау – мiне, соның барлығын үйреттi.
– Мысалы, жоба барысында сендер қамшы өрiп, домбыра жасадыңдар. Соны да алғашында белгiлi бiр шеберлер үйреттi ме?
– Әрине, көрсеттi ғой. Апта басында мастер-класс өткiзуге шеберлер, мамандар келетiн. Бiрақ бұрын өмiрi қолына ағаш, балта ұстап көрмеген адамға бiр-екi көрсеткеннен меңгерiп кету қиын ғой. Ал өзiм өнерге бұрыннан жақын едiм, ағаштан түйiн түйiп, қамшы өретiн жолдастарым болды. Солардан көргендерiмдi еске түсiрiп, болмаса да ұқсатып бақтым. Одан басқа, мысалы, жiгiттердiң әрқайсысы бiлуi керек, бiрақ бүгiнде қала жастары бiле бермейтiн мал союды, оны жiлiктеудi, сондай-ақ қой қырқуды меңгердiк. Осының iшiнде жiгiттердiң барлығына бiрдей ұнағаны домбыра жасау болды.
– Ендi жоба аяқталғалы берi де бiраз уақыт өттi ғой. Әлгiнде үйренген өнер түрлерiн ұмытып қалған жоқсың ба? Қазiр қолыңа ағаш пен құрал-жабдық берiп, домбыра жасауды бұйырса, қолыңнан келе ме?
– Әрине, жасай аламын. Ал оның қаншалықты талаптарға сәйкес келетiнiн шеберлер өзi сынап көрер.
– Рақмет, алдағы уақытта тек миллионер ғана емес, ұлтжанды қазақ меценаты бола бер!
– Сiзге де рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста