Астанадағы еліміздің Тұңғыш Президентімен байланысты нысанның бастысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы. Жұртшылық «Жаңа Қазақстанның жаңарған тарихының мұражайы» деп атайтын осынау келбетті ғимарат Елбасының Жарлығымен 2004 жылғы 28 тамызда құрылған болатын.
Расында да, Тұңғыш Президенттің мұражайы нағыз тарихи ғимаратта орналасқан. Бас қаланың бұрынғы орталығында орын тепкен бұл ғимарат Елбасының елордадағы алғашқы резиденциясының бірі ғана емес, алғашқы қоныстану жылдарында мемлекет өміріндегі маңызды тарихи шешімдер қабылданып, кеңестер өткізілген, мәселелер талқыланған, жоғары деңгейдегі кездесулер жүзеге асқан киелі мекен. Айта кетсек, дәл осы ғимаратта 1997 жылдың желтоқсанның 10-ында ҚР Парламенті палаталары мен ҚР Үкіметінің салтанатты бірлескен отырысында еліміздің жаңа елордасы болып Ақмола қаласы атанғандығы үлкен мақтаныш. Елорданың басты келбеттерінің қатарынан ойып тұрып орын алатын мұражайдың тағы бір ерекшелігі – ол ғылым, білім мен мәдениет орталығын қапсырған ауқымды кешен болып табылады. Тіпті Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен даму үдерістерін толық және жан-жақты білгісі келген кез келген жан Тұңғыш Президент мұражайын бір айналып шықса болды, бәрін көз алдына келтіруге мүмкіндік алатыны сөзсіз. Өйткені мұнда ел тарихының маңызды кезеңін ашатын деректер, тарихи материалдар жинақталған.
Жалпы, мұражай экспозицияларында айтылатын негізгі идея республиканың мемлекеттік егемендікке қол жеткізуі мен оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекет құрудағы рөлі болып табылады. Қазіргі уақытта оның қорында 122 310 сақтам бірлік болса, соның ішінде Мемлекет басшысының жеке кітапханасының қоры 16 116 дана кітап пен баспа басылымдарынан, Елбасының жеке мұрағатының қоры 98 446 сақтам бірлігінен тұрады.
Мұражайда мәдени өмірдің орталығы ретінде көрсетілетін бірқатар көрме жобалары да сәтті жүзеге асқан. Айталық, «Алға ұмтылған Қазақстан» көрмесі елдің әр аймақтарынан ұсынылған барынша маңызды тарихи және мәдени артефактілерді көпшілік қауымға таныстыра алды. Ал «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық мәдени жобаларды қамтиды. Мәселен, бұған дейін осының аясында мұражайдың Үндістан елшілігімен, Үнді мәдени орталығымен белсенді ынтымақтастығының арқасында «Үнді шеберлігінің әдемілігі», «Мәңгілік өнер. Амрита Шер-Гилдің қайтып оралуы» атты көрмелер ұйымдастырылған. Жапония елшілігімен және жапон қорымен бірлесіп, «Жапонияның сәндік-қолданбалы өнері» көрмесі жүзеге асқан. Бұдан бөлек, көркемөнер галереяларымен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп өткізілетін серіктестік жобалары да баршылық. Ал 2010 жылдан бастап мұражай бес жобадан тұратын «Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы» ғылыми бағдарламасын іске асыруға кіріскен.
Қазіргі таңда мұражай өз қызметін «ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының 2010-2012 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы» аясында жалғастырып келеді. Тұжырымдаманың мақсаты мұражай қызметінің барлық бағыттарын одан әрі жетілдіру, жақын шетелдер музейлері арасында жаңа тарихымыздың жетекші ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік орталықтардың бірі ретінде орнықтыру болып табылады.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы өзін беделді ғылыми-зерттеу, білім және мәдениет орталығы ретінде көрсете білген ел астанасындағы көз тартар көрікті орындардың біріне айналды.
Мұражай Тәуелсіздік тарихынан сыр шертеді
Последние статьи автора