1979 жылдың 13 сәуірі – Тұрсынғазы Рахымов үшін ерекше күн. Бұл күні оның тұңғыш ұлы мен Мұқағали ақынның өлеңіне жазған «Сәби болғым келеді» әні шыр етіп дүниеге келді. Алла тағала Тұрсынғазы есімді қазақ сазгерінің тұсауын осылай кескен-ді. Содан бері Қарасаздың қара баласының өлеңдері оның шабытын шақырып, қаншама әннің жүрегін соқтырды. Ақиық ақынның төрт аяғын тең басқан «Аягөз-ару», «Дариға, домбырамды берші маған!», «Я, Жаратқан Алла», «Отыздан асып барамын», «Пай, пай, қазағым-ай» өлеңдері Тұрсынғазы әндерімен әрлене түсті. Композитордың бағын ашқан да – Мұқағали сөзі. «Ақын рухына арнау болсын» деген ниетпен наурыздың 3-і күні Жазушылар одағында Тұрсынғазы Рахымов шығармашылық кешін өткізді.
Кеш шымылдығын Тұрсынғазы Рахымов бала күнгі әдетпен Мұқағалидың өлеңдерін арындата оқумен ашты. Таңды таңға ұрып жыр жырлайтын бұрынғының қағілез жыршыларының сарқытындай композитор ілгеріде жаттаған Мұқағали өлеңдерін ұмытпақ емес.
Мұқағали ақын 1967 жылы Тарбағатай тауының етегіне ақын Ерғазы Рахымовпен ілесіп барыпты. Ақын аға оқушы Тұрсынғазыны баласынбай, екі күн бойы әнін тыңдайды. Сосын Ерғазыға: «Мына інің құлын дауысты екен», – деп даусына сүйсініс білдіреді. Мұқағалидың бұл бағасы бала Тұрсынғазыға ақынның берген ақ батасындай әсер қалдырды. Жүйрік болар арғымақты бітіміне қарап жазбай танитын сыншыдай, Мұқағали да өзінің өлеңдерін ән ғып қалықтататын дәл осы бала болатындығын, бәлкім, сезген де шығар, кім білсін?!
Өзінің Мұқағали өлеңдеріне ән жазуының себебін: «Мұқағали ақынның өлеңдері халықтың жүрегіне жақын. Әуендерім Мұқағалидың сөзіне салғанда, кешегі Біржан, Ақандардың әндеріндей дәстүрлі түрде, халықтық үнде, халықтық сарында ерекше шығады. Сондықтан да оның өлеңдері мені өзіне тартып тұрады», – деп түсіндірген Тұрсынғазы Рахымов әуелі эстрадалық студияда ән алыбы Жүсіпбек Елебековтің класында дәстүрлі әннен сабақ алған. Ұстазынан әншілік өнерді кәсіби деңгейде меңгеруі сазгердің өз әндерін ерекше құбылта, әрлендіре, көркем орындауына септігін тигізді.
Тарихта астындағы жануарын әнге қосып, «Құлагер», «Маңмаңгер» деп мұңын шаққан Ақан серіден кейін аттың сынын әнге қосқан – Тұрсынғазы Рахымов. Ақсуаттың жүгірген аң, ұшқан құсқа жеткізбеген сәйгүлігі Еркежирен аламаннан озып келгенде, «аһ» ұрмаған ел жоқ. Семейлік ақын Мерғали Ибраев оза шапқан жүйрікке «Еркежирен» деп өлең арнаса, Тұрсынғазы ағамыз ән шығарды. Осылайша, сазгер толғау жанрын тірілтті.
Тұрсынғазы Рахымов – Біржан, Ақан, Жаяу Мұсалардан жалғасып келе жатқан дәстүрлі әннің ұлттық бояуын жоймай, шығармаларының бойына сіңірген композитор. Сазгер әндерінің құрылысын ерекше бағалаған әнші інісі Еркін Шүкімановтың «Тұрсынғазы ағаның әндері дәстүрлі әннің ізімен жазылған, тіпті бүгінгі күннің дәстүрлі әндері – сол кісінің әндері. Ал одан кейін дәстүрдің ізімен, ұлттық бедер-бояуын жоймай жазатын адам тумай ма деп қорқамын» деген пікірінен дәстүрлі әннің ертеңіне алаңдауын аңғардық.
Кешке ерке Ертістің етегіндегі Семейден Толғанбай Сембаев, Өскеменнен Еркін Нұрханов, Қарағандыдан Ерлан Құжимановтай әр аймақтың өз дүлдүлдері арнайы ат арытып келіп, Мұқағалидың сөзіне жазылған сазгер әндерін шырқап, қазақы әнге сусап жүрген тыңдаушысын бір серпілтіп тастады. Қазақтың маңдайалды әнші ұлдары Жоламан Құжиманов, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Қоңыровтар Тұрсынғазы ағаның әндеріне салғанда, әншілердің асқақ үндерімен астасқан халықтық сазға тебіренбеген, елтімеген жан қалмады. Осындай кештен айрықша рухтанып шығатын қабырғалы жұртымыз көңіл түкпіріндегі «дәстүрлі ән кеші жиі болып тұрса ғой» деген ойларын ірікпей айтып қалды.