Ұлтымыздың ұлы қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы көзі тірі болғанда, биыл тоқсанның тоғызына келер еді. Димаш атамыздың халыққа пайдасы тиген істерін санап тауысу қиын, бұл кісінің елге жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Жалпы алғанда, Алматының тауы мен тасында Қонаевтың қолтаңбасы жатқанына ешкім де дау туғыза қоймас. Тіпті ару қала Алматыны асқақ еткен де – Қонаев! Жалғыз Алматы емес, ол кісі көзі тірісінде 43 қала тұрғызған. Міне, алдағы жылдары ұлы тұлға Димекеңнің дүниеге келгеніне 100 жыл толғалы отыр.
Осыдан дәл 13 жыл бұрын Д.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты кітабы қолыма тиді. Ол кезде мен Алматы қаласындағы №19 орта мектептің оқушысымын. Ұлы тұлғаның қолжазбасын оқи отырып, ол кісінің дәл өзім білім нәрін алып жүрген мектепте алғаш әліппе ұстағанын біліп, кеудеме бір ерекше күш, зор мақтаныш ұялады. Кітапты алып сол кездегі мектеп директоры Гүлсара Сансызбайқызына бардым. Мектеп басшысына барлық жағдайды айтып, мектебімізге ұлы тұлға Қонаев атамыздың есімі лайық деп есептейтінімді айттым. Гүлсара апай ойланбастан келісті, ертеңіне ата-аналарды шақырып, үлкен жиналыс өткіздік, барлығы да – орысы да, қазағы да бірауыздан қолдады. Бірақ арада он жыл өтсе де, еш өзгеріс жоқ. Жыл сайын атамыздың туған күні қарсаңында өз ұсынысымды газет беттеріне жариялаудамын. Алдыңғы жылы марқұм, белгілі жазушы Серік Әбдірайымұлы ағамыз шақырып: «Балам, мақалаларыңды оқып жүрмін, ұлы тұлға Димекеңе деген құрметіңе рақмет. «Жалғыздың үні шықпас» деген, бұл мәселені сен екеуміз бірлесе көтерейік», – деген еді. Әттең, ажал шіркін Серік ағамызды да арамыздан алып кетті. Қарап отырсақ, алып шаһарымыз Алматыда қоғам қайраткері Қонаевтың есімімен аталатын бірде-бір мектеп жоқ. Сонда қалай, елу жыл ел ағасы болған халқының сүйікті перзенті Дінмұхамед Қонаевқа бір мектепті қимағанымыз ба? Димекең кіршіксіз таза ниетті, қарапайым, халықты әрқашан өзінен биік ұстаған жан еді. Ол кісінің бір сөзі еріксіз ойға оралып тұрғаны: «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да – ел, данаң да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім». Мұндай сөз Қонаевтай халқының құрметіне бөленген биік парасат иесіне жарасады.
Ал Дінмұхамед Қонаевтың есімін мектепке беру жөніндегі ұсыныс өте орынды деп есептеймін. Енді бұл игілікті істі кейінге қалдыра берудің жөні жоқ. Атамыздың биыл аталып өтетін туған күніне орай қала әкімі Ахметжан Есімов мырза бір шешім қабылдарына кәміл сенеміз. Әмбе келер жылы атамызға 100 жыл толмақ.