Белгілі әнші, театр және кино актрисасы, қазақ өнерінің жарық жұлдызы Айгүл Иманбаеваның жеке театры тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді. Қайсар қыздың дарынын былай қойғанда қайраткерлігінің арқасында дүниеге келген «Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы» қазақтың атын әлемге тағы бір мәрте мойындатты. Таяуда театр ұжымы Македонияның көне қаласында өткен «Стоби-2014»XIII халықаралық театр байқауының Гран-При жүлдесін жеңіп алды. Естеріңзде болса, бұған дейін «Алаш айнасы» Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығының Сербияда, Украинада өткен халықаралық байқауларда алған жүлделі орындары туралы жазған болатын.
Ашылғанына аз ғана уақыт болса да «Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы» қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, атымызды айдай әлемге танытып келеді. Үстіміздегі жылдың басында театр ұжымы Сербияның астанасы Белград қаласында өткен ХІІІ «Славия» халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі бірінші орынды алып келген болатын. Бұның алдында 2012 жылы театр ұжымы Украинаның Керчь қаласында өткен ХІҮ «Боспор Агондары» халықаралық театрлар фестивалінде Гран-Приді қанжығалап қайтқан еді. Осы байқауда әлемдегі театр мамандарының назарына іліккен Айгүлдің театры тағы бірнеше халықаралық байқауларға қатысуға шақырту алды. Солардың бірі Македонияның Стоби қаласында өтететін байқау. Осы байқауға Жан Ануйдың «Медея» спектаклін шетелдік көрермендер мен әділ қазылар алқасына ұсынған театр труппасы әлемдік деңгейдегі театр майталмандарының жоғары бағасын алып, халықтың қошеметіне бөленді. Шілденің 25-інші жұлдызында ашық аспан астында, анфитеатрда өнер көрсеткен қазақ театры ең жоғарғы бағаға лайық екендіктерін дәлелдеді.
Театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Қуандық Қасымов атап өткендей, Македонияның анфитеарында Айгүл бастаған актерлер ұжымы өздеріне тиісті рөлді өте сәтті ойнап шыққан. Театр ұжымының өнерін Драган Спасов Дак,Кэти Borisovska және Венко Seraphinoff сынды қазылар алқасының мүшелері жоғары бағалады.
«Медея» Айгүлге табыс әкелді
2011 жылы қазақ театрлары жаңа жас театрмен толыққан болатын. Белгілі актриса, әнші, «Дарын» сыйлығының иегері Айгүл Иманбаева ашқан театр өзінің жаңашылдығымен, таңсықтығымен ерекшеленді. Қадырғазы Қуандықов, Гүлжамал Қазақбаева, Жұлдызбек Жұманбай, Әсет Иманғалиев сынды дарынды актерлерден түзілген труппа сахнаға алғаш шыққанан-ақ ерекше ойындарымен көрермен ықыласына бөленді. Көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымовтың режиссерлығымен театрдың шымылдығын «Медея» спектаклі ашқан еді. Бұл пьесаны орыстың жазушысы В.Дмитриев аударған екен. Осы шығарманы режиссер Қуандық Қасымовтың қолқа салуымен белгілі журналист, аудармашы Өтен Ахмет қазақшаға аударған еді.
Театр тарихында Софокл, Эсхил, Эврипид, Пьер Корнель, Жан Ануй секілді классиктерді өзінің жұмбақ сиқырымен баурап, қалам тербеткізкен кейіпкер – Медея. Өзінің бауырын өлтірген, баласын тұншықтырған, патшаларды жойған Медея әлем әдебиетіндегі шешілмеген жұмбақ кейіпкер.
«Медеяны тамашалап отырған адам кейіпкерге не ашуланарын, не сүйсінерін, не аярын білмей дал болады. Қойылымның кейбір тұстарында құйқаң шымырлап, кеуде тұсың шаншып, өне бойың бір ысып, бір суиды. Ал Медеяны ойнайтын актрисаға оның махаббатын, жан азабын, ашу ызасын көрерменге жеткізу қаншалықты күрделі десеңізші. Медеяның ашуы, махаббаты, қызғанышы, құштарлығы сахнаны көмкерген қызыл матада бұлқынып жатады. Бұл тамаша метафора. Медея қойылым басталғаннан аяғына дейін сахнадан түспейді. Ал Медеяны сомдаған актриса көрерменнің демін ішіне тартқызып, өзіне елітіп отырады. Театр тарихында көрерменді рахатқа бөлейтін актерлер көп емес. Дегенмен асыл тастың су түбінде жатпайтыны секілді, нағыз дарын қашанда жарқырап көрініп тұрады. Міне, Айгүл өзінің бойындағы дарынды «Медея» арқылы әлемге паш етті.
Басқа өнерін айтпағанда актрисалық шеберлігі бір төбе Айгүл Иманбаева тек өз еліміздің ғана емес, өзге елдің көрерменін де «Медея» арқылы тамсандыра білді. Айгүлдің Медеясына таңғалып, шын ықыластарын білдірген шетелдік өнер майталмандары, мәдениет жанашырлары, өресі биік көрермені біздің театр ұжымын жүлделі орынға лайық деп тапты. Шетелдік көрермендер мен әділ қазылар алқасы қазақтың тілін түсінбесе де, актерлердіңғ эмоциясына, әсіресе, басты рөлдегі Айгүлдің актерлық шеберлігіне тәнтті болды.
Кез келген өнер ұжымы үлкен байқауларда, халықаралық бәскелерде бақ сынау арқылы шыңдалып, тәжірибе жинақтап шығармашылық жағынан өсетіні белгілі. Көп жағдайда біздің еліміздегі театр ұжымдары, жекелеген дарын иелері, өнерлі жастар шетелге шығып қазақтың атын әлемге танытып, мәртебемізді асқақтатып жатқанда әр қазақтың кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Алайда қазіргі біздің қоғамда мәдениетке, өнерге деген материалдық қолдаудың аздығынан болар небір талант иелері жарқырап көріне алмай жатады. Ал «Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы» ешкімнен алақан жайып ақша сұрамай-ақ өз күш-жігерімен, тірнектеп жинаған тиын-тебендерімен халықаралық байқауларға барып елге абыроймен оралып жүр.
Театр ұжымы алдағы уақытта Чехияда, Польшада өтетін халықаралық театр байқауларына қатысып, бақ сынап көрмек. Айгүл Иманбаева бастаған театр ұжымы өздері қатысқан байқауларда өнерімен әділқазыларды тәнтті
«Театр өнерімен күреп табыс табу, байып кету мүмкін емес екендігі белгілі ғой. Егер ақша табуды мақсат кеткен болсам, маған қазіргі шоу-бизнестегі атақ-абыройым да жетер еді. Бірақ театр бұл саф алтындай құнды өнер. Бүгінгі қызыл-жасыл жылтырақ дүние өтеді де кетеді. Соңымызда не қалады? Ғабит Мүсіреповтың бір тамаша сөзі бар ғой. «Театр хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Осы мөлдір өнерді біз дамытпасақ, осы өнерге қызмет етпесек, несіне киелі сахнада жүрміз?» дейді А.Иманбаева.