Қасиетті Құран Кәрім кітабының көлемі жағынан әлемдегі ең ірі нұсқаларының бірі жақында ғаламторда жарияланбақшы.
Мысырды билеген мәмлүктердің дәуірінен қалған, шамамен кемінде 500 жыл болған қасиетті ескі қолжазба кітаптың ірілігі соншалықты – ғалымдар кітаптың сандық бейнесін алу үшін оны дисплейге сыйғыза алмады. Себебі Құран Кәрімнің осы нұсқасының әрбір беті плазмалық экранды теледидардың көлемінен де үлкен болып шықты. Алайда кітап тым ескі болғандықтан, парақтары үлбіреп тұр, яғни көрмеге қоюға келмейді. Ұлыбританиялық ғалымдар бұл кітапты сақтап қалу үшін көшірмесін алып, ғаламторда жариялауды жөн көріп отыр.
Қазіргі уақытта Британияның Манчестер университетінің Джон Райлендс кітапханасының ғалымдары сандық технологияларды қолдана отырып, кітаптың әрбір бетін жеке түсіріп жатыр. Алдағы уақытта ол ғаламторда онлайн режимінде жарияланатын болады. Бұл өз кезегінде ғалымдар мен студенттердің аталған кітапты емін-еркін зерттеуіне мүмкіндік береді. Сандық бейнесінің сарапталуы негізінде ғалымдар Құран Кәрім кітабының нақты жасын анықтап айта алады.
Көлемі 88,9 х 60,96 см болатын плазмалық экранға сыймайтын бұл кітапты жариялау оңай бола қоймасы анық. Жалпы саны 470 бетті құрайтын кітап Каирден, Мәмлүк мемлекетінің ең соңғы сұлтандарының бірі Кансух әл-Гуридің кітапханасынан шыққан. Бұл кітапты бірнеше катиб жазған, кітап сұлтан Кансух әл-Гуридің мақтанышы болған. Кітаптың беттері жібек матаның бір түрінен (bombycine), сия қағазға сіңбей, бетінде тұратындай етіп, жылтыр тастармен үстінен жақсылап ысқылап, бастыру арқылы жасалған (мысалы, пергамент тәріздес). Тарихшылар бұл кітаптың жазылу тарихы туралы бір шешімге келе алмапты, бірі XIV ғасыр десе, екіншілері XV ғасырда жасалған деп ойлайды.
Құран Кәрім кітабын сұлтанның Каирдегі кітапханасында жатқан жерінен граф Кроуфорд сатып алған екен. Кроуфордтың жеке коллекциясынан Энрикете Райлендс атты ханым 1900 жылы осы қасиетті кітапты сатып алған, сөйтіп, өзінің күйеуі Джон Райлендстің жеке кітапханасының қорына әкеліп қосқан екен. 1972 жылдан бастап қазірге дейін бұл кітапхана Манчестер университетінің бір бөлігі болып саналады. Аталған кітаптың екі беті жоқ болатын, кейіннен 1970 жылы кітаптың жоғалған екі беті Ирландияның Дублин қаласындағы Честер Битти кітапханасынан табылды. Осы жоғалған беттерімен бірге қосып, қасиетті кітаптың ең майда детальдарына дейін көруге болатын сандық бейнесін түсіру, ғаламторда жалпақ жұртқа жариялау жоспарланып отыр. Ең кемінде 950 сандық бейне түсіріледі, әрбірінің көлемі 80 мен 120 МБ арасында болады. Жоба жетекшісі, Джон Райлендс кітапханасының қорлар бөлімінің бастығы Кэрол Берроуз былай дейді: «Осы уақытқа дейін бұл кітап өте ескі және көлемі жағынан үлкен болғандықтан, оны қолға ұстап оқуға бірді-екілі ғалымдардан басқа ешкімге рұқсат етілмейді. Үлкен көрмелерге, семинарларға қоюға да болмайды. Мұндай үлкен қолжазба кітаптың бейнесуретін алу біздің құрал-жабдықтарымыздың өзіне өте қиын болды».