Жуырда Қыздар университетінде қазақтың ұлы ақыны, ұлт поэзиясын жалын жырларымен сыршыл лирикаға қанықтырған сөз зергері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Мен жастарға сенемін» атты әдеби кеш болып өтті.
Университеттің медиа орталығы хабарлағандай, аталмыш кеш Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау, рухына тағзым ету, жастарды ақынның өршіл, рухты өлеңдерінен жігер алуға шақыру, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді дәріптеу мақсатында педагогика кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент міндетін атқарушы Айсұлу Кенжанның ұйымдастыруымен арнайы өткізілді.
Кеште ақын поэзиясын пір тұтатын жастар поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақынның ыстық сезімге толы махаббат жырларын, қазақты ағартуға, көзі ашық, көкірегі ояу, азат та Тәуелсіз ел болуға шақырған уытты өлеңдерін, сол заманның ащы шындығын жырлаған ақынның өлең-жырларын оқып, ақын өмірбаянынан сыр шертетін театрландырылған қойылымдар қойды. Ал университеттің жас ақын қыздары өздері шығарған арнау өлеңдерін ерекше тебіреніспен оқып, жеткізді. Әдеби кеште, сонымен қатар туған ел, туған жерге арналған әндер шырқалды. Кеш барысында қазақ ақын-жазушылары Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлихан Бөкейханов, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың, Башқұртстанның белгілі қарт жазушысы Сайфи Құдаштың Мағжан Жұмабаев туралы айтқан ой-пікірлері, сонымен қатар «Ақындардың пайғамбарына» теңеген ақын-сазгер Серікбай Маханұлының арнау өлеңдері оқылып, тарихи тұлға Мағжанның философиялық көзқарасы, туған халқы мен адамзат өркениеті алдында сіңірген еңбегі жайында баяндалды.
Кеште «Мағжанның өзі өлсе де, ісі өлген жоқ. Келешек жастарға сеніп кетті. Біз сол сенімді ақтаймыз» деп жырлаған жастар, қанша жылдар өтсе де, өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мағжан ақынның шығармаларын пір тұтатындығын көрсетті. Шара соңы ақын шығармашылығы бойынша әзірленген арнайы көрмеге ұласты.
Мағжан жыры оқылды
Последние статьи автора