Семейден ұлылар мекенін бетке алып, Қарауылға жол тартқанда алдымен көзге түсетін өзгеше мекен бар. Ол – дерекке бергісіз аңыздарымен әйгілі Күшікбай батыр бұлағы. Қойнауына қасиет тұнған қарт Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті көрінетін бұл жердің өткен-кеткен жолаушы үшін жөні бөлек. Себебі ұлы Абай топырағына аяқ басқан жан алдымен осы Күшікбай бұлағының басына аялдайды. Жай ғана тоқтамай, тұнық суды қасиет тұтып, арнайы ыдыстарына да толтыра алып кетіп жатады. Тау бауырынан сарқырай ағып жататын бұлақтың ерекшелігі сол – қыста қатпайды, жазда да суы бір толастамайды.
Күшікбай – ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген қазақ батыры. Батыр жайындағы нақты деректер мардымсыз болғанымен, ел ішіндегі аңыздан мәлімі, қоныс еткен жеріне тосыннан шабуылдап, ауылдастарының малын тартып әкеткен ойрат-қалмақтардың соңынан түре қуып келіп, осы жерде айқасқа түскен. Өн бойына шешек қаптап, ауыр халде жатқанына қарамастан, атқа қонған ол жаудың бетін қайтарғанымен, жарақаты ауырлап, жасы 20-дан енді асқанда осы жерде найзасына сүйеніп тұрып жантәсілім еткен.
Қалай десек те, бұл жердің тарихи мәні зор, ұрпақ үшін ұғымы терең. Алғаш рет ел аузындағы Күшікбай бұлағының баяндалуы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде көрініс табады. «Қорғансыздың күнінде» баяндалған оқиға 1914 жылы болған екен. М.Әуезов оны 1921 жылы жазған.
«Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен жортуылға аттанып, уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағанына қарамай, талай қиын-қыстау сәтте ақыл тауып, қажымас қайрат, ерен ерлік көрсеткен. Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында оған да жеткен.
Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен...»
Бұл – жоғарыда сөз еткен Әуезов шығармасындағы үзінді. Жазушының жазықсыз зорлық көрген Ғазиза қыздың тағдырын суреттеген әңгімесіндегі осынау шағын үзінді уақыт өте келе Күшікбай батырдың тарихта қалуына түрткі болды. Сол себептен де Күшікбай батыр дүние салған жерге бір тарихи белгі қою қажеттігі жұрт ойында жүргені де рас еді.
Жуырда Шыңғыстау сырының құпиясын ашар кілт іспетті Күшікбай батыр бейітінің басына монумент қойылып, көпшілік көкейіндегі игілікті іс жүзеге асты. Салтанатты шараға қатысқан Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов Күшікбай батырға белгі қою тек бір ғана мақсатты көздеген біржақты іс емес, жалпы қазақ батырларына көрсетілген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Күшікбай батырдың басына тұрғызылған монумент «Күшікбай батыр» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр. Аталмыш қордың төрағасы, Семей қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Мирашевтің айтуынша, тарихи нысан құрылысы 2010 жылы қолға алынған. 20 шақырымнан көз тартатын батырдың дулығасы пішіндес монумент Маңғыстаудан әкелінген ақ таспен көмкерілген. Маңдайшасындағы қазақтың домбырасы мен еркіндікке ұмтылған аққудың да өзіндік айтар сыры бар. Ал дулығадан сәл кейінірек қойылған белгітастың оң қапталына найзасы мен қалқаны орналастырылған. Ертістің жағалауынан әдейілеп әкелінген алып тастың бетіне ақын Т.Жанғалиевтің батыр жайындағы толғанысы бедерленген. Тұғыртасы мәрмәрмен қапталған монументтің дулыға пішіндес болып иіліп келуі ұлылар мекеніне апаратын қақпа бейнесінде де көрінеді. Монумент эскизінің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, СМПИ көркемсурет-графика кафедрасының меңгерушісі Мадвақас Сексенбаев.