31 арна Алматы қаласында «Келіндер бәйгесі» шоуының екінші маусымының таныстырылымын өткізді. Шоуды 24 қазаннан бастап дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 19.00-де арнамыздан тамашалай аласыздар.
«Келiндер Бәйгесiнің» алғашқы маусымы биылғы жылдың көктемінде эфирге жол тартып, жоғары рейтингтік көрсеткішке ие болды. Жобаның үлесі – 13,7. Яғни, бағдарламаны Қазақстанның әрбір алтыншы тұрғыны көрді деген сөз.
- Бұл той-томалақты, сән-салтанатты жақсы көретін қазақстандықтардың менталитетіне жақын тақырыптағы реалити-шоу, - деді таныстырылым барысында 31 арнаның Бас директоры Бағдат Қожахметов. – Біз қателеспедік. Қазақ халқының жанына жақын, өмірінде маңызды орын алатын құбылыстарды басты тақырып етіп, жобалар жасау керек екен. Той – қазақтың қазынасы. Зерттеулер қазақ халқының ертеңге үлкен үмітпен қарайтын, рухы мықты, шаңырағын кие тұтатын халық екенін көрсетті. Бізде той көп, көшеден аяғы ауыр келіншек көрсек, көбейіп жатырмыз деп қуанамыз. Оның үстіне, қазақстандықтарға басқа біреудің тойының қалай өткенін, тойда қандай жаңа салт-дәстүрлер пайда болғанын білу қызық. Сол себепті бойжеткендер үздік қалыңдық атануға таласатын біздің дәл осы жобамыз көрермендердің ерекше назарына ілікті. «Келіндер бәйгесінің» екінші маусымы алдыңғысынан да қызықты, продюсерлеріміз мейлінше күш салған, жоба қазақ тілінде, экранға орыс тіліндегі субтитрлармен шығады, негізінен, экранда не болып жатқанын түсіну үшін қазақ тілін білудің қажеті де жоқ.
Б. Қожахметовтың айтуынша, «Келіндер бәйгесі» - қатысушылары қарсыластарының тойы жайлы өз пікірін айтып, бүкіл Қазақстан халқының алдында біріне-бірі баға қоятын жоба. «Соның арқасында біз қарым-қатынас мәдениетін дамытып, жастарға бірін-бірі құрметтеуді үйреткіміз келеді. Өйткені қарсыластардың бірі екіншісі жайында жағымсыз пікір айтып, сырттай тілдесе, көрермендер бұлай істеген жақсы ма, жаман ба деп ойланып қалады, - деп атап өтті Бағдат Болатжанұлы. – Оның үстіне, біз той ұйымдастыру деңгейін, сапасын көтеруге тырысамыз».
Тойлар бір-біріне мүлде ұқсамайды, әрқайсысының стилі әр басқа. Сондықтан жоба қатысушылары мен көрермендері еліміздің әр аймақтарындағы той рәсімдерін өткізудің ерекшеліктерінен хабардар болып, әр ұлттың салт-дәстүрлерімен танысады. Реалити-шоудың екінші маусымында бағдарламаға республикамыздың әртүрлі қалаларынан қалыңдықтар қатысады. Егер бірінші маусым Шымкент, Тараз және Алматы қалаларында ұйымдастырылған болса, екінші кезеңде жобаның ауқымы кеңіп, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан, соның ішінде Павлодар, Ақтөбе қалаларының өкілдері жоба қатысушысы атанды.
Мәселен, Шымкентте өткен тойларға 500-ден аса адам қатысса, той кортедждері, лимузиндер, жастардың қыдырыстарына ерекше көңіл бөлінсе, Ақтөбеде келіннің қолынан шай ішуге қатысты ерекше дәстүр бар. Ол еліміздің оңтүстік аймақтарында жоқ. Ал павлодарлық тойлар күндіз сағат үште басталып, кешке он бірде аяқталады. Тараз бен Алматыда, керісінше, қонақтар шақырылған уақыттан бір-екі сағатқа кешігіп келсе, жастар жағы кешкі жетіден ерте қыдырысқа шықпайды, - деп жоба туралы пікірімен бөлісті арнаның атқарушы продюсері Әсел Тоянова.
- Биыл мен қызымды тұрмысқа беріп, қыз ұзату тойын жасадым. Сол кезде салтанатты шараның басынан-аяғына дейін өзім жүрдім. Қызым Қызылордаға ұзатылды. Ол жақта үш күн қатарынан той болады екен. Мың жарымға жуық қонақ келді. Ең қызығы, құдалық кезінде менің алдыма қамырдың орнына тұшпара салынған үлкен ас келді. Олар ең құрметті қонақтарына асты осылай ұсынады екен, - деді журналистермен кездесуінде Бағдат Қожахметов. – Шымкентте тойға үш мың адам келеді дейді. Бірақ мен мың адамнан артық сияқты тойхана көрген емеспін. Сосын олардан мұнша адамды тойханаға қалай сыйғызасыздар деп сұрадым. Сөйтсем, Шымкентте той сағат бесте басталады екен де, алдымен мың адам келіп, 7-ге таман олар кетеді де, орнына тағы да мың адам келеді екен (күледі). Бірақ алдыңғы қонақтар бірден емес, біртіндеп кетеді екен. Сосын олар қонақтардың тізімін жасамайды.
«Келіндер бәйгесінің» ең көп ұпай жинаған жеңімпазы 31 арнадан тосынсый – той сыйлығына ие болады. Ал қатысушы қалыңдықтардың ең үздік тойларын бүкіл 31 арнаның миллиондаған көрермені тамашалайды.
«Келiндер Байгесi» реалити шоуын 24 қазаннан бастап дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 19.00-де арнамыздан тамашалаңыздар!
Отыз бірінші арна – таңғалдыратын, шабыт пен мейірім сыйлайтын, қызықты, қауіпсіз, бүкіл отбасына арналған ұлттық ойын-сауық арнасы. Арнаның ұраны – «Отбасымен бірге көрейік!».