Қазақта «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз барын білеміз. Яғни жаңа түскен жұртындағы ешкімнің түсін әлі түстеп білмейтін келін үшін, соның бәрін таныстырған адам ыстық. Осы сөздегі келіннің орнына кино кейіпкерлерін қойсақ... Жаңа жерге түскен келін мен кино кейіпкерінің ұқсастығы неде дерсіз, бәлкім? Мәселе – келіннің де, кейіпкердің де алғаш «бетінің ашылуында»... Келін үшін алғаш бетін ашқан адам ыстық болса, көрермен үшін қандай да бір актерді танытқан бейне ыстық. Ыстық болғандығы сонша – кейіннен қанша рөл ойнаса да, көрермен оны басқа кейіпте қабылдай алмайды, оның көз алдында тек сол бір бейне оттай басылып қалады. Осының сыры неде? Қысқасы, бүгінгі айтпағымыз – көрерменнің көз алдында бір ғана бейнеде қалып қойған актерлер жайы.
Жұлдызды рөл – басқа қонған бақ
Көзінде үлкен көзілдірігі, селдір сары шашы бар, түсі жылы және ең басты ерекшелігі үнемі бір оқыс оқиғаға ұшырайтын да жүретін кейіпкер кім десек, бәріңіз оны бірден табарыңыз хақ. Әрине, Шурик! Александр Демьяненко өзінің кино ғұмырында 112 рөл сомдаса да, көрермен оны тек Шурик деп қабылдап, тек сол бейнені ғана жаттап қалды. Ең алғаш бұл кейіпкер кино әлеміне 1965 жылы Леонид Гайдайдың «Операция Ы және Шуриктің басынан кешкен хикаялары» фильмі арқылы жол тартыпты. Көрермен бір көргеннен осы бір аңғал да ақкөңіл жігітті жақсы көріп кеткендіктен, режиссер араға екі жыл салып түсірген «Кавказ тұтқынын» онсыз шығара алмады. Дәл сол Шурик 1973 жылы «Иван Васильевич мамандығын ауыстырады» атты фильмде инженер Саша Тимофеев болып, көрерменге жол тартты. Бірақ жұрт оны Саша деп емес, бәрібір Шурик деп қабылдады. Бір жақсысы, оған дейін 15 шақты фильмге түссе де, соншалық таныла қоймаған актердің осы рөл бірден бағын ашты. Ол тіпті өз заманының символы дәрежесіне бір-ақ көтерілді.
Кеңестік киноларда дәл осылай бір рөлмен естен кетпей қалған кейіпкерлердің бірі – Шерлок Холмс (Василий Ливанов), Амфибия-адам (Владимир Корнев), Будулай (Михай Волонтир) әлемдік кинодағы детектив Коломбо (Питер Фальк). Мысалы, осы Фальктің әртістік шеберлігіне ешкім шүбә келтіре алмас еді және 64 жылдық актерлік карьерасында ол сомдаған бейнелер жай ғана саусақпен санап бітіре саларлықтай емес, көп әрі қандай рөлдер еді десеңізші?! Тіпті екі рет «Оскар», бес рет «Эмми», тіпті «Алтын глобусқа» дейін алып, асарын асап, жасарын жасап қойса да, ешбір рөлі оған дәл осы Коломбодай танымалдылық сыйламап еді. 1968 жылдан 2003 жылға дейін түсірілген «Коломбо» киносының бас қаһарманы бүгінде 83-те болса да, әлі де ат үстінде! Айтпағымыз, кімге қай рөл бақ болып орнап, қаншалық танымалдылық сыйлағандығы жайлы емес. Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек... Алайда әзірге мұны қоя тұрып, қазақ киносындағы дара бейнелерге көшсек.
Шурик те жылайды...
немесе «бақсам, бақ дегенім сор емес пе?»
Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтар тұсында «алтын заманды» бастан кешіріп, әлі күнге ұлт болып ұйып көретін туындыларын дүниеге келтірген қазақ киносында да «мәңгілік бір рөл тұтқындары» жетерлік. Мәселен, Қыз Жібек. Әйгілі актриса Меруерт Өтекешованы жұрт басқа кейіпте көре ала ма? Жалғыз Жібек емес, Төлеген де Құман Тастанбеков үшін жалғыз рөл болып қалғандай. Сондай-ақ «Тақиялы періштедегі» Тайлақ. Оған дейінгі өмірінде актерлік салаға мүлдем қатысы болмаған Әлімғазы Райымбековті осы рөлінен кейін режиссерлер көріп, оған рөл ұсынған. Бірақ халық бәрібір өз Тайлағынан айырылмады. «Менің атым – Қожадағы» бас кейіпкер Қожа – Нұрлан Сегізбаевты да осы ортадан табуға болады. Санай берсек, тағы қаншасын табарымыз сөзсіз. Алайда мақсат ол емес, мәселе – басқада. Яғни, жалпы, «жалғыз рөлдің тұтқыны» немесе «жұлдызды рөлдің құрбаны» болу қаншалықты керемет, керісінше, қаншалықты ауыр? Сырт қарағанға өз заманының символы дәрежесіне көтерілу, тіпті күні бүгінге дейін сүйікті кейіпкер болып қалу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Алайда мұның да бағымен қатар соры бар екен. Айталық, Шурик – Демьяненко жұлдызды рөлдің маңдайына таңба болып басылғаны сонша – ешкім оған басқа рөл ұсына қоймағанына өкінетінін жасырмайды. Трагедия, міне, осында! Өйткені мүмкіндігі сан қырлы шебер актер үшін өзінің басқа да қабілетін көрсете алмаудан артық қандай өкініш, қандай мұң болушы еді?.. Алайда оған бас ауыртар кім болды? Көшеде көрінгеннің «әне, Шурикті қараңдар!» деген сұқ саусағынан құтыла алмаған зиялы, сабырлы актер Александр Демьяненко осылайша жалғыз рөлдің тұтқыны болып қалғанына күйінгенін жан адамға түсіндіре алмаған күйі, басымен дубляжға кетіп қалып еді. Біз атын атаған, атамасақ та көрерменнің көкейінде тұрған дәл осы типтес «жалғыз рөл тұтқындарының» осы тақылеттес сыры мен мұңы болғаны даусыз.
Кейіпкерінің тұтқыны болуға өте ұқсас тағы бір құбылыс та осы тұста қылаң береді. Ол – үнемі бір образдың таз кепеші басына киіліп, содан өмірінің соңына дейін құтылмағандар жайы. Мысалы, қазақ киносында о баста шал кейпінде көрініп, әлі күнге тек шалдың шекпені иығынан түспей келе жатқан актерлердің көш басында Нұржұман Ықтымбаев атамыз тұр. Кейінгі кезде кинодағы қарияны тек бірыңғай осы актердің мойнына арта салғанымыз анық. Бекжан Тұрыс та одан қалыспай келе жатқандай. «Ұят болмасында» Ақылбай ақсақал болып көрініп еді, тіпті былайғы өмірде де жұрт Бекжанды жас күйінде қабылдай алмайды. Тағы да осындай бір мұңды арқалап жүрген жандар – сатирада көрінген актерлер. Оларды көрермен жеңіл-желпі ажуаның адамы деп қабылдап қояды да, актер қанша мықты болса да, одан кейін өмір бойына драмалық кейіпкер ретінде көріне алмай қалатынға ұқсайды. Алысқа бармай-ақ, марқұм Құдайберген Сұлтанбаевты алсақ. «Тамашаның кемпірі» күйі кеткен Сұлтанбаев баспасөзге берген бір сұхбатында өзінің драма актері ретінде көріне алмағанына аздап қынжылатынын сездірген. Бұл жерде кінәнің бір ұшы режиссерлерде де жатқандай. Себебі актердің бағын ашатын бірден-бір тұлға сол – режиссер. Ендеше, неге олар осындай актерлерді басқа қырынан ашып көруге тырыспайды? Қазіргі Ресей киноиндустриясы бұл жағынан бізге озық үлгі бола алар еді. Мәселен, Константин Хабенскийдің бір кейіпкері бір кейіпкеріне ұқсамайды. Ол Адмирал Колчак та, ол Бекмамбетовтің әр киносында әр түрлі кейіпкер, алқаш та болды, қысқасы, бір рөлмен қалған жоқ. Сол секілді Безруков та тек Саша Белый болып қана қалған жоқ. Демек, мықты бір режиссер шықса, Бекжан Тұрыстан шалдың шекпенін шешіп, басқа жаңа кейіпкер шығаруға әлі де кеш емес. Актерлерді «кейіпкерінің тұтқыны» болып қалудан құтқаратын «қаһарман» режиссерлер қайда екен?..