NAYA, «Достар» вокалды-аспаптық ансамблінің әншісі:
Алғашында Оңтүстік Қазақстан облыстық «Арай», республикалық «Жас қанат», халықаралық «Азия дауысы» сияқты байқауларда лауреат атанып, 2000 жылы «Өмір-өзен» атты алғашқы альбомын жарыққа шығарған әнші-сазгер Алтынай Жиенбекованың әндері бүгінде жақсы бағаланып жүр. Аталмыш альбомға авторлық «Қажыдым», «Мазала жырым», «Сен», «Сәби арман» т.б. әндері енді. Алтынай – бүгінде «Достар» вокалды-аспаптық ансамблінің әншісі.
– Алтынай, 2000 жылдан бері NAYA деген лақап атпен танылып келесіз. Оған дейін «Агат» дуэтінде өнер көрсеттіңіз. Сізді әнсүйер қауым Алтынай Жиенбекова деп емес, NAYA деп қабылдайды. Өзіңізге лақап есім ойлап табудың қажеттілігі неден туындады?
– Өйткені сол жылдары үлкен сахнаға менімен қатар Алтынай Жорабаева да жол тартқан болатын. Ол да – Шымкенттен, мен де. Ол да – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түлегі, мен де. Ол да 1978 жылы туған, мен де сол жылы дүниеге келгенмін. Тіпті аты-жөнімізді де қысқартып алсаңыз, А.Ж. болып шығады. Жоғарыдағы себептермен бізді халық үнемі шатастыратын. Оның үстіне, менің эстрадалық бағытым стандартты емес, электронды. «Алдарыңызда Алтынай Жиенбекова!» деген кезде бәрі қолында домбырасы бар, дәстүрлі халық әншісін елестетеді. Ал оған менің ұстанған бағытым да, әнім де мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан әнші ретінде қалыптасуыма себепкер болған Марина Керімбайқызымен, «Анда-санда» студиясының музыка өңдеушісі Ағын Қасымбекпен кеңесе келіп, осы лақап есімді қабылдадым. Өзіме ұнайды, алдағы уақытта да NAYA болып қала беремін.
– Бірақ бүгінде «Достар» вокалды- аспаптық ансамблінің құрамындасыз. Сазгер-әнші NAYA көлеңкеде қалып қоймады ма?
– Жоқ. Басқа топтың әншісі бола тұра, жеке шығармашылығыңды қатар алып жүруіңе әбден болады. Әндерімді де шығара беремін, оның бәрі де қаражатқа байланысты ғой. Ал «Достар» вокалды-аспаптық ансамблі, аты айтып тұрғандай, бәріміз бірдей ән салып, аспапта ойнаймыз және ең басты ерекшелігіміз – тек қана жанды дауыста өнер көрсетеміз. Осы ерекшелігіміз назарға іліксе керек, 2009 жылы Белоруссияда өткен халықаралық В.Мулявин атындағы «Золотой шлягер» байқауында 1-орынды иелендік. Бүгінде жеке студиямыз бар, өткен жылдан бері Айгүл Иманбаевамен бірге жұмыс істеп, бес облыстың қала-аудандарын, ауылдарын аралап, концерт бердік. Оның сыртында белгілі әншілерге жанды сүйемел жасаймыз. Өкінішке қарай, жанды дауыстың не екенін білмейтін, музыкалық аспаптарды өмірінде көрмеген бауырларымыз, ауылдарымыз бар. Ал қарапайым халыққа керегі де, қызығы да сол ғой. Өз басым жұмысымнан ләззат аламын, музыкадан жалықпаймын. Ән жазғанда демаламын, басқа сезімің ашылатын секілді. Десе де, «болды, енді ән жазбаймын» деген де кездерім болған. Бірақ бұл да болса – Құдайдың берген дарыны. Одан қашып құтыла алмайсың. Қалай жалтарсаң да, бір күні өзекті жарып шығып жатады. Әркімге әрқалай қарым-қабілет берілген ғой. Біреулер саудаға икемді, бірақ ол менің қолымнан келмеді. Әйтпесе «прилавканың» астына басымды тығып алып, картоп сатқан да күндер өтті (күліп алды).
– Қазіргі жазып жүрген әндеріңіз қандай?
– Ең қызығы, бірінші альбомымда мұңды әндер көп екен. Екінші альбомыма енгелі отырған әндер сергек, жеңіл. Жақында «Жылама» деген әнім шықты, радиодан да беріліп жатыр. Бұл ән бір құрбымның қайғысымен бөліскенде туды. Жігіті «әке-шешем солай деді, саған емес, басқа біреуге үйленетін болдым» деп, оны тастап кетеді. Сол кезде досым өмірден түңіліп, қайғыдан құса болды. Гитараны қолыма алдым да, «Жыламаны» шығарып, айтып бердім. Жылап алсыншы дедім. Яғни өмірде әртүрлі жағдайлар болады, бірақ түңілуге болмайды. Кім болсаң да, қандай жағдайға тап болсаң да еңсеңді көтеріп, өзіңді қолға алып, аяққа тұруың керек! Көптеген танысым, танымайтын да адамдарым осы әнді тыңдап, рақметтерін айтып, «рух береді екен» деп жатыр.
Сосын «Өмір гүлім» деген ән жаздым, өлеңі – Исраил Сапарбайдікі. Ол барша қазақтың сұлу қыз-келіншектеріне арналған. Жүрген жерімде солай атаймын. Көпшілік жақсы қабылдады. Ана туралы да бір ән жазғанмын, бірақ әуеніне дөп келетін, әдемі, салмақты сөз жаза алатын бір ақынға тоқталу керек болып тұр.
– Соңғы кездері «Жылама», «Күрсінбе», «Аһылама, үһілеме» деген әндер көбейіп кетті. Неге? Ақын-сазгерлеріміз күйреуік пе, әлде қоғам сондай ма?
– Кей орыстілді қазақ музыканттарымыз «ыңырсып қалған ән жазбайықшы» деп жатады. Бірақ табиғатымыз солай ғой, ескі өлеңдерді алсаңыз да, мұңды әндер басым. Далаға шығып алып, «аха-а-у» деп шерімізді тарқатпасақ болмайды. Өзіміздің қанымызда бар нәрсе, сосын сұраныс та талғамға сәйкес артады. Қазір қосымша вокалдан дәріс беріп жүрмін. Сонда байқайтыным, жастардың көбі «Мейрамбек, Нұртас сияқты болғым келеді» дейді. Соларға еліктейді. «Мен әуелі халықтың жүрегінен орын алуым керек» деп, көпшіліктің сұранысына қарай ізденіп, сазгерге тапсырыс береді. Тәжірибеге сүйенсек, халық ең көп тыңдайтын, рейтингі жоғары «МузАРТ» тобы болсын, Қайрат Нұртас болсын бәрі мұңды әннен бастайды да, біртіндеп жеңіл әндерге көшеді. Яғни алдымен аудиторияны баурап алып, жеке шығармашылығына, өзінің жеке бағытына ойысады.
– Сонда әншілеріміз өнерге емес, сұранысқа қызмет етеді демексіз ғой?
– Шетелде тәжірибе бөлек, олар жүректеріне жақын дүниені жазады. Ал біздікілер сұранысқа, көпшіліктің ығына жығылады. Әсіресе тойда өтетін әндерді жазғыш-ақ. Өкінішке қарай, одан халықтың өресі өспейді, сол «унса-унсамен», бір темппен қалып қояды, ары қарай даму жоқ. Осындай кезде «байғұс, әншілер-ай» дегім келеді. Себебі әнді өңдеуге 1000 доллардай, сазгерге 1000-нан 3000 долларға дейін шығындалады. Оған қоса, ортаңқол деген бейнебаяндарға 10 000 доллардай тағы жұмсайды. Бірақ та соның бәрінен ең қымбатқа түсетіні – ротация, телеарналармен жұмыс істеу. Мысалы, біздің арналар ресейлік болмаса шетелдік әншілерді тегін «жарнамалап», таңертеңнен кешке дейін соларды дәріптейді. Ал өзіміздің әншілерге келгенде қалтадан қағып қалуға тырысады. Әділетсіздік қой! Осыдан барып қайдан ғана шығармашылық, өнер, эстрада өссін? Өспейді. Меніңше, өз әншілерімізге, олардың шығармашылығын дамытуға, бейнебаяндарын экрандауға жеңілдік жасайтын, жағдай тудыратын қандай да бір заң шығарып, қабылдау керек. Сосын тағы бір айтқым келетіні, «мәдениетті дамытуға» деп қаншама миллиондаған қаражат бөлініп жатыр. Бірақ ел-елді аралағанда, ауылдағы аппаратты, ескі қаңырап қалған клубтарды көргенде жылағың келеді. Әнші-әртістердің көбі – апалар, оларды жұмыстан шығарайын десе, жас маман жоқ. Ал баласына кәсіби білім беруге, өнерге баулып, аспап әперуге көп ата-ананың қалтасы көтермейді. Меніңше, мемлекет тарапынан үйірмелер ашып, ансамбльдер құрып, ауылдың мәдени ошақтарын жандандыру қажет. Біздің де балаларымыз кез келген аспапта ойнай алса екен дейсің. Байқасаңыз, әлі күнге бас гитараны, тіпті жай гитараны кәсіби деңгейде тарта алатын қазақ баласы жоқ.