Ерте, ерте, ертеде... балалар ертегі оқушы еді. Бүгінгі балалардың басым дені ертегі оқымақ түгіл, тыңдамайды да. Өйткені баяғыдай ертегі кітаптар жоқ, бары бүгінгінің бүлдіршіндерін қызықтырмайды. Сірә, бұл тұста баласына ертек оқып бермейтін ата-ананың да кінәсі бар шығар.
Бірақ бүгінгі жас аналар мен әкелердің өздері де қазақтың небір қызыққа толы танымдық ертегілерін біле бермейді. Өзі білмегесін, әрине, оған да бала-шағасы мазасын алмай, компьютерлік ойындар мен «көк жәшіктегі» шетелдік мультиктерге ұйығаны тынышырақ көрінер. Екінші жағынан, қазір дүкендерде түрлі-түсті суреттермен басылып шыққан ертегі кітаптар да жетіп-артылады. Тіпті көп, бірақ сапасы жоқ. Қолға алып оқысаңыз, бала тұрмақ, өзіңіз әзер түсінетіндері де кездеседі. Әуелі аударма ертегілерді былай қойып, өзіміздің кейбір халық ертегілерінің өзінде сөйлемдер орашолақ аяқталып, түсініксіз қысқарып кететіні бар. Сөз басында айтқан «баяғыдай ертегі кітаптар жоқ» деуіміздің сыры – осы.
Қалай айтсақ та, дәл бүгін үйдегі кішкентайларымыз – ертеңгі елдің болашақтарын ұлттық тәрбиенің қайнарынан сусындатуы тиіс балалар әдебиетінің ертегі әлеміне қатысты есемізді жіберіп жатқанымыз анық. Әйтеуір, бір қуанарлығы, еліміздің Мәдениет министрлігі осы олқылықтың орнын толтыруға кірісіпті. Соның бір мысалы – министрліктің тапсырысымен «Отандас жастар одағы» қоғамдық бірлестігі таяуда ғана «Ерте, ерте, ертеде...» деп аталатын қазақ ертегілерінің аудиокітабын құрастырып шығыпты. Қазақ ертегілерінің дыбыстап оқылған жинағы жазылған осы CD дискіні кеше Астанада «Отандас жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымхан Көкбасұлы таныстырды. Алып қарасақ, тәп-тәуір дүние жасалған тәрізді. Жалпы ұзақтығы 2 сағат 30 минут болатын бұл дискіге көлемі шағын, 2-3 минутта оқылып бітетін, жан-жануарлар мен хайуанаттар туралы қысқа ертегілер іріктеліп алыныпты. «Кім күштіден» бастап, «Көк кептердің балапандарына» дейін ұзын саны 40 шақты ертегінің негізгі мәтінін ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі диктор Аманжан Еңсебайұлы, жан-жануарлардың қосымша диалогтерін жас әртістер Әлима Қайырбекова мен Жәнібек Жақыпов нақышына келтіріп оқиды. Әр сөзі анық, мәнерлі, әсерлі шыққан. Қысқасы, өзі ертегі білмейтін немесе мәнерлеп оқып беруге уақыты тапшы бүгіннің жас ата-аналары үшін таптырмайтын аудио-кітап. Тек өкініштісі, бұл аудиокітап 3000 данамен ғана шығыпты. Оның өзі саудаға шығарылмайды, тек республиканың балабақшаларына ғана тегін таратылады. Мұның себебін Қасымхан Көкбасұлы аудиокітаптар министрліктің тапсырысымен мемлекеттің қаржысына шығарылғандығымен түсіндірді. Яғни жоба коммерциялық мақсатты көздемейді.
Қасымхан КӨКБАСҰЛЫ, «Отандас жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Бұл – 3 пен 8 жас аралығындағы балаларға арналған хайуанаттар туралы ертегілердің аудиокітабы. Жасыратыны жоқ, бүгінгі көптеген ата-ана ертегі білмейді. Білгендерінің өзі мына заманда ертегі айтып беруге уақытын тапшы көретін сияқты. Аудиокітап осы жағынан ыңғайлы. Ондағы ертегілерді «Отандас жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің жанындағы бала психологтері мен педагогтері іріктеп алды. Енді алдағы уақытта жұртшылық тарапынан сұраныс болып, Мәдениет министрлігі қолдау білдіріп жатса, ересек балаларға арналған ертегілердің де аудиокітабын жасау ойымызда бар.
Тақырыпқа орай туған ойтүрткі
Қазақ ертегілері – қазақ баласының ұлттық болмысын қалыптастырып, дүниетанымын ашатын алғашқы білімнің қайнар бұлағы. Өйткені халқымыздың ертегілері баланы ізгілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, елін-жерін сүюге үндейді, әділдік пен төзімділікке, батырлыққа баулиды. Ал мұндай тәрбие мынадай алмағайып заманда, әсіресе жастардың бойында ездік пен қатыгездік дендеп бара жатқан уақытта аса қажеттігін бүгінгі «қылмыс хроникасы» күн сайын емес, сәт сайын көрсетуде. Америкада, Еуропаның өркениетті елдерінде кейбір азаматтардың балабақшалар мен мектептерге шабуыл жасап, бейкүнә жандарды қатыгездікпен қырып салуы, рухани күйзелістерге ұшырауы ізгілікке толы ертегілерді бойына жастайынан сіңіре алмай, оның орнына қатыгездікке етін үйрететін атыс-шабысты мультфильмдер мен киноларды, компьютерлік ойындарды көп көруінен болып жатқанын психологтер де айтып жүр. Ендеше, елімізде жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары да соңғы кездері тым жиілеп кетуінің арғы себептері осында, яғни ұлттық тәрбиенің ең тиімді құралдарынан – ізгілік тамырынан ажырап қалуда жатқан жоқ па екен?
Ертегіге айналған ертегі кітап
Последние статьи автора