Бұл «Ай-Қарагөз...» бұрынғы «Қарагөзден» өзгерек...
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жазғы демалыстан кейінгі жаңа маусымды жаңа премьерамен қарсы алды. Премьера болғанда да, бұл қойылымның жөні бөлек – Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі». Алаш жұртшылығына әдеби шығарма ретінде де, сахналық қойылым ретінде де кеңінен таныс, бірақ ешқашан жалықтырмайтын, ешқашан өзектілігін жоймайтындығымен бұл туынды классикаға айналғаны әмбеге аян. Алайда бұл «Қарагөз» осыған дейін сахнада қойылып жүрген бұрынғы «Қарагөздерден» өзгерек...
Несімен? Әрине, Әуезов шығармасының желісі сақталған. Дегенмен режиссер әрі театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов шығарманың мүлдем жаңаша нұсқасын жасап шыққан. Мұнда сахналық безендірілуден бастап, актерлік ойындар да басқа және ең басты айтарлығы – қойылымға жаңаша әр беріп тұрған әуендері де. «Жігіттер» тобының орындауындағы «Ай-Қаракөз», Шәба Әденқұлқызының орындауындағы «Үрия-ай» әнін, Өмірқұл Айниязов репертуарының әндерін, «Қоңыр» тобының «Туған жер» әнін және қойылымның өн бойында лейтмотив іспетті, бірде әуені ғана, бірде әннің өзі орындалатын «Дариға-дәуренін» бұрын жеке-жеке тыңдап жүрсек те, солардың барлығы біртұтас қойылымда образдарды ашуға қолданылса, тіпті басқаша екен. Яғни бейне әу бастан аталған әндер дәл Қаракөз мен Сырымның махаббаты мен мұң-зарын жеткізуге жазылғандай әсер аласың.
Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші:
– Мен өзім бұрыннан орындап жүрген «Дариға-дәурен» әнін алғаш «Қарагөз» қойылымына қосқалы жатырмын дегенде, «бұл қалай болар екен?» деген біртүрлі сенімсіздікпен қарағаным рас. Сондықтан спектакльдің дайындық барысына әрдайым келіп, актерлердің осы бір әнді қойылымға үйлестіре жеткізуіне өзім басшылық жасадым. Кейіннен ойлап қарасам, мәселен, «кезінде Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсын қойған кезде қазақтың халық әндерін пайдаланып, әрқайсысын әрбір образға салған екен-ау» дедім. Ендеше, менің орындауымдағы ән ғана емес, жалпы, халық әндерінің спектакльде қолданылуын Талғат ағамыз өзінің осы «Қарагөзді» қою барысында жалғастырған екен. Шыны керек, басында тосырқай қабылдадым деп отырмын ғой, себебі Тұрсынжан Шапай ағамыздың «Дариға-дәуренін» орындағанда маған басқа бір ой келіп, басқаша елестететінмін. Бірақ енді қарап отырсам, Сырым мен Қарагөз жүректерін қауыштырған осы ән бе деп, сондай жылы қабылдап, сүйсіне тамашаладым.
Сахналық қойылымның сәтті шығуы, әрине, шығармашылық топтың шығарма жүгін, оның маңызын түсініп және өзі сомдайтын кейіпкердің ішкі жан тебіренісін табиғи жеткізе алуында екені айтпай-ақ түсінікті. Осы жағынан алғанда көрерменнің әсіресе Қарагөзді сомдаған жас актриса Аида Жантілеуова мен Сырым – Дархан Сүлейменов, Нарша – Мұхит Шынтаев және Мөржан – Гүлжамал Қазақбаевалардың еңбегін аса жоғары бағалағаны олардың сөзінен бұрын көзінен, яғни кейіпкерлермен бірге жылаған көз жастарынан көрініп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, жүректен шыққан дүниенің ғана жүрекке жететіні баршамызға аян. Әсіресе қойылым барысында Сырым мен Қарагөздің балалық шағы іспеттес қос бүлдіршінді сырт көз әрі көрермен мен қойылым арасын жалғаушы дәнекер еткені режиссердің ерекше бір шешіміндей көрінді. Мұндағы ой, біріншіден, оқиғаға сәби көзбен қарау болса, екіншіден, режиссер осы арқылы сезім деген дүниенің қашанда сәби секілді пәк күйде қалатынын айтқысы келген болуы керек, шамасы. Және сол қос бүлдіршін актердің өте нанымды ойнаған тұсы сәтті шықты.
Талғат Теменов, режиссер, ҚР Халық әртісі:
– Бұл шығармаға келу қиын болды, себебі жауапкершілік жүгі ауыр еді. Өйткені бұл спектакльді қоймаған театр жоқтың қасы. Бірақ бүгінгі заман басқа. Бұл сонау қазақта театр енді пайда болған 1926 жылы жазылған дүние, ал заман болса өзгерді, арадан ғасырға жуық уақыт өтті ғой. Бірақ өзгермеген және ешқашан өзгермейтін бір нәрсе болса, ол – сезім, ол – махаббат. Әрине, әр шығарманың жақсы жағымен қатар, кейде қабылдай алмайтын да жағы болады. Мен Мұхаңның «Қарагөзін» жаңа заманға лайықтау барысында, өзі болмаса да, көзіндей Мұрат Мұхтарұлына көрсетуді жөн деп таптым. Ол кісі «егер автор тірі болғанда, риза болар еді» деген соң, көңілдегі біраз қорқынышты сілкіп тастап, іске кірістік. Жалғыз өзім емес, әрине, көптеген азаматтар атсалысты. Оның бірі – бүгінгі қазақ өнерінің дарынды жастарының бірі Рамазан Стамғазиев, Шәба Әденқұлқызы атты керемет әнші қызымыз бар, тағы бірі – Өмірқұл Айниязов атты әнші ұлдарыңыз. Осы азаматтардың тек әндері қойылымда қолданыла салған жоқ, өздері осы шығарманың сахналануы барысында бастан-аяқ бірге жүрді дей аламын. Тағы бір жаңалығымыз десек те болатын шығар, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген Индира Ихсан атты қызымыз қоюшы суретші болып отыр. Бүгін – оның жалпы шығармашылық жолдағы тұңғыш премьерасы. Сонымен қатар ең басты жүк спектакльді алып шығатын актерлер мен жалпы шығармашылық топқа артылды. Сондай-ақ тағы бір айтарлығы, Мұхтар Әуезов классик болғаннан кейін, классикада әртүрлі жанрларға бару керек. Сондықтан біздің нұсқамызды қабыл алады деген ойдамыз. Өйткені классика – мәңгілік, Әуезов – мәңгілік, өнер – мәңгілік.