Алматыдағы Боралдай сақ қорғандары таяу уақытта ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ. Қазір бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыстар қызу жүріп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асатын болса, Қазақстан Оңтүстік Корея мен Венгриядан кейін әлем бойынша аспан астындағы мұражайы бар үшінші ел атанады. Бұл туралы кеше аталған аумақта ұйымдастырылған тазалық жұмыстары кезінде белгілі болды.
Жалпы, Алматы қаласында археологиялық және архитектуралық 170-ке жуық ескерткіш бар. Соның ішіндегі ең ірісі әрі табиғи қалпын сақтап қалғаны осы Боралдай сақ қорғандары болып табылады. Қалалық «Мәдени мұра» бағдарламасына енген сақ қорғандарының аумағы 430 гектар жерді алып жатыр. Мұнда ертедегі темір дәуірінен қалған 47 үлкен қорған және үйсін дәуірінің 200-ден астам ескерткіші бар. Сақ қорғандарының биіктігі – 10-14 метр, ал диаметрі 80-100 метрге дейін жетеді. Бұл құнды мұра 2007 жылы Алматы қаласының тарихы мұражайына берілген көрінеді. Қазіргі уақытта аталған аумақты аспан асты мұражайына айналдыру бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, мұражайдың алдына төрт жүзге жуық жеміс ағашы мен шыршалар отырғызылыпты. Арнайы әкімшілік ғимарат та салынған. Территория аумағына қоршау тұрғызылуда. Жақында қазақстандық археологтар корей және неміс ғалымдарымен бірлесіп, кешенді археологиялық қазба жұмыстарын бастайды.
Айбек СЫДЫҚОВ, Алматы қаласы тарихы мұражайы директорының орынбасары:
– Бұл жерді аспан астындағы мұражайға айналдыру арқылы құнды мұраларымызды тиімді жолмен сақтап қала аламыз. Және туристерді тарту үшін де бірқатар шаралар қолға алынды. Мәселен, мұражай ішіне ұлттық киіз үйлер тігіп, ортағасырлық этнографиялық аумақ жасау көзделген.