Кеше Алматыда жұртшылық белгілі ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Ғылым академиясының академигі, вице-президенті, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің төрағасы, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовты ақтық сапарға шығарып салды.
Келісті керуенге жүк боларлық өмірбаян жасақтаған Тоқмұхамед Сәлменұлының қоғам өміріндегі, ғылымдағы орны ерекше еді. Т.Садықов 1938 жылы 26 қыркүйекте Ресей федерациясының Алтай өлкесінде дүниеге келді. Еңбек жолын оқытушылықтан бастаған ол бүкіл саналы өмірін ұстаздыққа арнап, нәтижелі еңбек етті. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін 20 жыл бойы басқарды. Ол 400-ден астам ғылыми зерттеудің, 20 монографияның авторы. Қайраткердің қазасына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев оның отбасы мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, жеделхат жолдады. «Белгілі ұстаз, ғалым әрі қоғам қайраткері, үлкен жүректі зиялы азамат Тоқмұхамед Сәлменұлының кенеттен өмірден озғанына орай, ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол аса жігерлі азамат, жан-жақты дарын иесі болатын. Өзінің бүкіл қажыр-қайратын туған халқының көкірегін оятып, білімін көтеруге, Қазақстанның ғылымын дамытуға, тәуелсіз еліміздегі саяси тұрақтылық пен береке-бірлікті нығайтуға жұмсады... Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жарық болсын. Баршаңыздың алдағы күндеріңізге тек жақсылық тілеймін»,– делінген Елбасы хатында.
Соңғы уақытта ғалымның тұщымды ой-пікірлері «Алаш айнасы» газетінде тұрақты түрде жарияланып келген еді. Газет ұжымы қайғылы қазаға орай, марқұмның отбасы мен барша зиялы қауымға көңіл айтады.