Тамыздың 14-і мен 16-сы аралығында Жайық топырағынан нәр алып, күллі қазақтың жайсаң ұлына айналған ҚР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың республикалық «Атамекен» ән фестивалі болып өтті. Биыл алтыншы рет шымылдығын түрген бұл байқау алғаш 2000 жылы басталған болатын. Алайда 2006 жылдан бастап ол халықаралық дәрежеге ие болды.
Он жылдан аса тарихы бар «Атамекен» фестивалі ән саласында өзіндік ізін қалыптастырып, өнерге үлес қосуға талпынған жастардың болашағына жол ашып үлгерді. Бірнеше ұрпақтың жан азығына айналған әндердің ішінде белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиевтің де әндері бар екенін барша Алаш мойындайды.
Бұл жолғы байқауға еліміздің барлық аймағынан және Ресейдің Астрахань облысы, Саратов қаласынан барлығы 28 жас үміткер қатысты. Ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы келіп, қатысушыларға өз аузымен жеңіс пен сәттілік тіледі. Сонымен, сайыстың аты – сайыс, жүзден жүйрек, мыңнан тұлпардың озып шығуы шарт. Ендеше, байқау қорытындысы бойынша, 3-орынды бес үміткер бөліссе, 2-орын Қызылорда облысынан Индира Ахметоваға, Жамбыл облысынан Жанна Асанқұловаға және оралдық Айнара Айтқалиеваға бұйырды. Ал байқаудың бірінші жүлдесін Ескендір Хасанғалиевтің туған жерінен келген «Қаратөбе» квинтеті өз қанжығасына байлады. Квинтет құрамы Ақташов Рүстем, Байтеміров Жарқын, Бранов Абзал, Рамазанов Мұхтар, Жапаков Айдос секілді ауданның жас әншілерінен тұрады.
«Атамекен» алтыншы рет қанат қақты
Последние статьи автора