Егемен ел болғалы елімізде тек үш-төрт телесериал ғана түсіріліпті. Көпсериялы «Тоғысқан тағдырлар», «Саранча» фильмдері осыдан тоғыз жыл бұрын экранға шықса, жақында ғана «Қазақстан» ұлттық арнасынан алты сериялық «Ағайындылар» фильмі көрсетілді. Әрине, қазіргі кезде телесериал тұрмақ, қазақ көрерменіне арналған бір сағаттық көркем фильм түсірудің өзі мұң болып тұрғанда «бізде телесериал аз» деудің өзі де артықтау шығар. Есесіне, қазақ көрермендері жаппай телеарналарымыздан күндіз-түні көрсетілетін тілі де, ділі де, діні де жат телесериалдардың бірін жібермей көреді. Осы олқылықтың орнын толтыруға талпынған қазақстандық ALDONGAR Productions\Kazakhstan\ компаниясы таяуда көпсериалы «Арман қала» атты телесериал түсіру жұмысын бастап кетті.
Шартты атауы «Арман қала» деп аталатын 12 сериялық фильмнің идеясы «Нұр-Медиа» медиа-холдингі мен «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі. Ал картина ALDONGAR Productions\Kazakhstan\ кинокомпаниясының өндірістік-техникалық базасында түсірілуде. «Арман қала» телесериалын түсіруге кіріспес бұрын жоба продюсерлері Ермек Аманшаев, Арманжан Байтасов, Борис Чердабаев, Әлия Увальжанова Ресей мен Украинаның телесериал түсіру технологиясымен мұқият танысқан екен. Сондай-ақ олар қазақстандық, оңтүстік кореялық және қытайлық кеңесші продюсерлермен кеңесіпті.
«Арман қала» – Астана. Алайда телесериал Астана мен Алматы қалаларында қатар түсірілуде. Картинаның жанры – мелодрама. Телесериалдағы негізгі оқиға бас кейіпкер дәрігер Әлия Сәбитованың (Венера Нығматуллина) өмірімен байланысты өрбиді. Жоба авторлары бұл телесериал кез келген жастағы және әлеуметтік жағдайы да әртүрлі көрермендерге: балаларға, студенттерге, кәсіпкерлерге, егде адамдарға, үйде отырған әйелдерге де қызықты, тартымды болады деп үміттеніп отыр.
– «Арман қала» – ойдан шығарылған қиял-ғажайып оқиға емес, өмірден алынған шынайы оқиғаларға құрылған картина. Бұл жерде біз мейірімділік, сыйластық, түсіністік, бірін-бірі қолдау секілді қарапайым адам құндылықтарына назар аударғымыз келді. Бас кейіпкердің қандай болуы керек деген мәселеге көп ойландық. Ойлана келе, денсаулық сақтау саласына тоқталуды жөн көрдік. Қазақстанда осы сала төңірегіндегі проблема жетерлік. Алайда медицинадағы проблемалар экраннан ашық көрсетілмейді. Фильмде басты екпін дәрігер мен науқас арасындағы қарым-қатынасқа түсіріледі, – дейді ALDONGAR Productions\Kazakhstan\ кинокомпаниясының продюсері Әлия Увальжанова.
* * *
Алғаш телесериал түсіру туралы идея туған кезде жобаны жасаушылар фильм сценарийін бірлесіп жазуға Ресейден мамандар шақыруды ұйғарған. Алайда болашақ фильмге қатысты ұсынылған бірде-бір сценарийдің нұсқасы жоба авторларының көңілдерінен шықпаған көрінеді. – Қазақстандық көрерменге ресейлік киногерлердің сюжеті, солардың киносына тән әдістер қызық болмайтынына көзіміз жетті. Сондықтан да қазақстандық сценарийстерді тартуға күш салдық, – дейді Әлия Увальжанова. Сонымен фильмнің сценарийін Әлия Увальжанова, Ғазиз Насыров, Александр Канн, Люция Иржанова жазды. Сондай-ақ фильм белгілі әнші Батырхан Шүкеновтің орындауындағы әнмен әрленбек. Ал түсіру алаңындағы басты тұлға – қоюшы-режиссер кім? Жоба авторларына режиссер таңдау аздап қиындық туғызыпты. Көптеген қазақстандық режиссерлер телесериал түсіруге бөлінген уақыттың тарлығына, түсіру шарттарына байланысты ұсыныстардан бас тартқан көрінеді. Өйткені телесериал осы жылдың қараша айында толығымен дайын болып, көрерменге жол тартуы тиіс. Ал біздің режиссерлеріміз бұрын-соңды мұндай қысқа мерзімде кино түсіруге дағдыланбаған. Жобаны жасаушыларға біраз режиссерді сынап көруге тура келді. Соңында таңдау қырғыз режиссері Эрнест Әбдіжапаровқа түсіпті. Бұрын телесериал түсірмесе де, бірнеше картинасы әлемдік деңгейде көпшілікке танылған режиссер аталмыш картинаны түсіру туралы ұсынысты қабыл алады.
Эрнест Әбдіжапаров, режиссер:
– Бұл сериал, негізінен, адам сезімдеріне арналған десе болады. Заманға сай арман қала тұрғындарының ол мейлі кәсіпкер болсын, шенеунік, қарапайым сантехник болсын, кім екені маңызды емес, ең бастысы фильм солардың сезіміне құрылған. Тіршілікте жас та, кәрі де ешқашан махаббатсыз өмір сүре алмайды. Картина адам өміріндегі ең асыл сезім – махаббатқа арналады. Мен өзім сценарий жазып, өзім түсіруге дағдыланған адаммын. Бұл жолы мен үшін сәл-пәл қиынға соғып тұрғаны – фильмнің сценарийі басқа адамның материалы. Ал киноға түсіруші топпен ешқандай қиындық жоқ. Актерлермен де қуана-қуана жұмыс істеудемін. Қазақстан мен Қырғызстандағы кино өндірісін салыстыруға келмейді. Дегенмен қырғыз кино саласы мүлде артта қалды деп айта алмаймын. Қырғыз сериалы деген өзінше бір телекомпания бар. Осы уақытқа дейін жеті-сегіз сериал түсірілген. Қазақстанда да телесериалдар түсіру тәжірибесі бар. Алайда осы жолғы жоба ұлттық сериал болады. Бұрынғы сериалдар инвестицияның есебінен түсірілсе, «Арман қала» Қазақстанның өз бюджетінен түсіріліп жатыр әрі картина Қазақстанның қазіргі бет-бейнесін көрсетеді.
* * *
«Арман қала» актерлерін таңдау да оңай болмағанға ұқсайды. Өйткені аталған картинаға түсуге келіскен қазақ киносының ардагері Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Лидия Кәденова секілді марғасқалары — бұрын-соңды телесериалға түспеген үлкен экранның актерлері. Сондай-ақ жоба басшыларының өздері қалаған актерлерін таңдауға келгенде аздап қипақтағаны, оларға төленетін қаламақының аздығына қысылған көрінеді. Тіпті жоба продюсерлерінің бірі Әлия Увальжанова: «Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Венера Нығматуллина секілді жоғары дәрежедегі актерлерге фильмге түсуге ұсыныс жасағанымызда, төленетін қаламақының көлемін айтуға ұялдық», – дейді. Алайда Әлия жалпы, телесериалға бөлінген 700 мың доллардың қай актерге қаншасы төленетінін ашып айтпады. Біз бұл туралы Асанәлі Әшімовтің өзінен сұрап көрген едік.
Асанәлі Әшімов, актер:
– Мен өзімнің шығармашылық жолымда бірінші рет телесериалға түсудемін. Бұрын «Тоғысқан тағдырлар», «Саранча» секілді телесериалдарға түсуге маған ұсыныс жасағанда, келісім бермегенмін. Мен жалпы, үлкен экранға арналған фильмдерге ғана түсемін. Ал бұл жолы «Арман қала» дегеннен кейін Астана туралы екі ауыз сөз айту біздің міндетіміз деп ойладым. Осы мемлекетте тұрғаннан кейін Астанаға бәріміздің қатысымыз бар. Сондай-ақ осы жобаны қолға алған шығармашылық топ өте жоғары деңгейде жұмыс істейді. Эрнест деген жігіттің фильмдері бірнеше рет жүлде алғанына куәмін. Келісім беруімнің тағы бір себебі, картинада Меруерт, Венера, Лидия және басқа да жас дарынды актерлер ойнайды, ұжым өте жақсы. Ал қаламақысына аса мән бердім деп айта алмаймын. Егер бәрі қаржыға келіп тіреліп қалса, онда киносыз қаламыз. Фильмнің шамасына қарай қаламақымызды аламыз.
«Арман қала» телесериалының түсіру алаңында біз Меруерт Өтекешова, Венера Нығматуллиналармен де кездесіп, тілдесуіміздің сәті түсті. Олардың сөзінен байқағанымыз, картина актерлерге өте ұнаған секілді. Тіпті Меруерт Өтекешова телесериалға түсу оның біраз уақыттан бергі арманы екенін айтты. Ал Венера Нығматуллина өзі бейнелейтін кейіпкердің болмысы өзіне қатты ұқсайтынын тілге тиек етті.
Ой-түйін
Әрине, әлі түсіріліп біте қоймаған телесериал туралы пәлендей деп пікір айта қою қиын. Біз тек жобаның идеясы мен түсірілу барысы туралы сөз еттік. Қалай болғанда да, әрбір жаңа картина дүниеге келерде бес қыздан кейінгі ұлды күткен әкедей қазақ көрермені ерекше үміттенетіні рас. «Арман қала» осы үмітімізді ақтаса екен дейміз. Аталмыш телесериал алдыңғы қазақ сериалдары секілді қос тілділікті таңдапты. Бірақ мұнда да басымдылық орыс тіліне берілген. Бұған дейінгі сериалдарда орыс пен қазақ отбасын құрып, ұлтаралық татулықты дәріптегісі келгендей болды. Ал бұл жолы «Арман қала» арқылы елордамыз, ал бетке ұстар актерлерімізбен қазіргі қазақ бейнесі дәріптелмек. Ендеше, құрметті көрермен, картинадан әрқайсымыз өз бейнемізді көретінімізге үміттенейік.