Гитара аспабы арқылы қалың көпшілікке қоңыр дауысымен танылған қарағандылық әнші-композитор Сейіл Аяған 52 жасқа қараған шағында қайтыс болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Қайғылы хабарды танымал журналист, экс-депутат Жанарбек Әшімжан өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында дүйім жұртқа жеткізді.
Қайран, Секем... Жасаған берген жаратылысы бөлек Сейіл Аяған, аға дос, сіз де көштіңіз бе мына бейопа жалғаннан… Жаратқан Иеміз көрмеген көшеңізден жарылқасын. Өзі мың құбылып тұрған мына дүниеге сіздің ғажайып әніңіз сәуле шашып тұр еді. Амал жоқ, — деп жазды Жанарбек Әшімжан.
Сейіл Аяған — әнші, композитор, гитара аспабын шебер меңгерген мықты музыкант. Ол 1971 жылы Қарағанды өңірінде өмірге келген. Өнер иесінің орындауындағы "Таң самалы", "Жас қалам" сынды әндер әлі күнге дейін халықтың жадында.