Астанада «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы таныстырылды. «Алмас қылыш» деп аталатын фильмде Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құру тарихы суреттеледі.
Көркем фильм Қазақстан кинотеатрларында қаңтардың бесінен бастап, ал телехикаяның өзі отандық арналарда көрсетіледі. Ұлы дала елінің тарихын жаңғыртып, экранға шығарамыз дегенде, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып, шуылдасты да қалды қазақ жұрты. Кинодастанды түсіруге 500-ге тарта адам, 100-ге жуық актер жұмылдырылды. Көркем фильмнің режиссері – Рүстем Әбдіраш. Фильм 15-ғасырдың орта тұсынан сыр шертеді. Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Керей мен Жәнібектің жер жәннаты Жетісуда өз ұлыстарын құрған сәтін суреттейді. Режиссер үміт пен күдік қатар билеген кезеңді көрерменге жеткізе білген. Рүстем Әбдіраш, қоюшы-режиссер: - «Алмас қылыш» Ілияс Есенберлиннің үш томдық трилогиясының бірінші кітабы ғой. Оны негізге алдық. Бірақ, тұтас кітаптағыдай болған жоқ. Себебі, Ілияс ағамыз кітапты жазған кезде көп тарихи деректер жоқтың қасы болатын. Және Кеңес идеологиясына сай көп нәрселер айтылмады. Сондықтан біз қайтадан қалпына келтіруге тырыстық. «Алмас қылыш» – бұл «Қазақ елі» телехикасының кинонұсқасы. Жалпы ауқымды тарихи жобаның идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтыкі. Қайрат Кемалов, Керей ханның рөлін сомдаған актер: - Берісі қазақ тарихы, әрісі жалпы түркі, Еуразия көшпенділер тарихы мені қатты қызықтыратын бұрыннан. Енді бұл рөл менің мойныма жүктелгенде өте қуанышты болдым. Бірақ, ұлы тұлғаның сахналық бейнесін жасау оңай болған жоқ. Іздендік. «Алмас қылыш» көркем фильмі экрандарға қаңтардың бесінен бастап шығады. Ал «Қазақ елі» телехикаясы отандық телеарналарда көрсетіледі. Алғашқы маусым 10 сериядан тұрады.