Осыдан бірер ай бұрын еліміздің телеарналарынан жаппай көрсетілген «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильм өзінің шынайылығымен көрермен көңілінде мейлінше жылы әсер қалдырды. Елбасының дүниеге келген сәтін және балалық шағын көрсетумен басталып, 17 жасқа дейінгі өмірін қамтыған фильм негізінде басты кейіпкердің бірегей бітім-болмысы мен қайраткерлік мінезінің қалыптасу қайнарлары жатыр.
«Балалық шағымның аспанына» арқау етілген жайттар мен осы төңіректегі оқиғалар жөнінде фильм режиссері Рүстем Әбдірашевтің төмендегідей сыр шерткені бар...
Боямасыз шындықты арқау еттік
Өмір шындығын арқау ете отырып, фильмде тәрбиелік мәні бар, адамның жан-дүниесін қозғайтындай әсерлі оқиғаларды көрсетуге тырыстық. Адамның негізі балалық шақта қалыптасатындығы мен Алладан тілеген дұғаның құр кетпейтіні кино сюжетінен айқын аңғарылады. Елбасының естеліктеріне жүгіне отырып, біз ол кісінің кішкентайынан әжесінің тәрбиесінде болғанын білдік. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ес жиған күнімнен Мырзабала әжемнің тәрбиесінде болғанмын. Ол кенжесі Әбіштен немере сүйгісі келіп, менің дүниеге келуімді ұзақ күткен екен. ...Құдайдан жалбарынып сұрап алған баласын «көз тиеді» деп, көлденең көк аттыға көрсетпей, тығып өсіріпті. Егер біреулер амандығын сұрай қалса, «жаман бала ғой, өзі аурушаң» дейді екен. ...Ең алғаш ертегі айтқан да сол әжем болатын», – деп жазған. Ал әкесі туралы: «Егер әкемді «ертеден түнге дейін еңбек етті» десем де, бұл сөз оған олқы соғып жатар еді. Мен оның қай кезде ұйықтайтынын немесе ештеңе істемей, құр тынығып отырған сәтін көрген емеспін. Бірде отын жарса, бірде тамыр қопаратын, енді бірде бірдеңе сату үшін базарға кетіп бара жататын. Әкем әрқашан «бөтен іске араласпа, ешкімге тиісуші болма, басшылыққа қарсы келме, сынама» деп құлағыма құятын да отыратын», – дейді. Сол сияқты «Ұйқыңды аша алмай, есеңгіреп, қалың қарды омбылап, бес-алты шақырым жерден әрең жетсең, әлі ерте, сағат бес-алтылар шамасы. Қарауыл қайырымды болса жақсы, мектепке кіргізеді де, өзі от жағуға кіріседі. Оның жанындағы киіз үстіне аз-кем уақыт ұйықтап алуға да болады», – деген сөздерінен де Елбасының қиын балалығынан көп сыр аңдауға болады. Осындай детальдарды енгізе отырып, біз фильмнің әсерлілігін арттыра түсуді көздедік.
Айтарлықтай қиындықтар болған жоқ
Кішкентай Сұлтанның рөліне түсетін баланы еліміздің түкпір-түкпірінен іздедік. Сөйтіп жүргенімізде, ол Алматының тап іргесіндегі Бұрындай ауылынан табыла кетті. Елжас еркелеу бала екен, түсірілім кезінде сәл әбігерленуімізге тура келді. Әсіресе кейіпкерінің балалармен күресетін жерінде күліп қоя берді. Қайта-қайта түсіруге мәжбүр болдық. Өзі де сезімтал бала. Фильмге қатысқандардың ішінен әженің рөліндегі Бибігүл Төлегеноваға риза болдым. Халық әртісі бола тұра, түсірілім барысында сөзімді екі еткен жоқ. Кейде адуынды көрінуге тиіс жерде өзінің табиғатына салып, мейірімді болып ойнап жібереді. Ондайда: «Сіз өз табиғатыңызға басып кеттіңіз. Рөлге еніңіз», – десем, ренжіместен қайта ойнап шығады. Елбасы анасының жас кезін сомдауға «Хабардың» режиссері Алмагүл Әлішеваны таңдадық. Сұлтанның оқушы кезін актер Әбунасыр Серіковтің ұлы Әбілмансұр сәтті ойнады. Ал Әбіш ақсақалды кейіптеген Нұржұман Ықтымбаев, Әлжан ананың егде кезіндегі рөліндегі Наталья Арынбасарова, жас Әбішті ойнаған Ержан Жарылқасынұлы, бозбала шағын бейнелеген Нұрлан Әлімжан кәсіби актерлер болғандықтан, түсіру кезінде айтарлықтай қиындықтар болған жоқ.
Фильмді түсірудің өзіне бір жарым жыл уақыт кетті. Бас-аяғы 150-дей адам жұмыс жасады. Дыбыстау жұмыстарын Францияда жасаттым. Француздар фильмді өте жоғары бағалады, қазақ халқының салт-дәстүріне таңданысты. «Тіпті Канн фестиваліне әкелсеңіз де, жүлдесіз кетпес еді», – деп, қызығушылық танытты. Мырзабала әжей рөліндегі Бибігүл апайымызды сахна саңлағы Ғазиза Әбдінәбиева, ал Елбасы анасының жас кезін ойнаған Алмагүл Әлішеваны актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы дыбыстады.
Ойымызды табиғаттың өзі құп алғандай болды
Мен табиғат пен адам арасында көзге көрінбес тылсым күш бар деп ойлаймын. Мысалы, Әбіштің қоралы қойға шапқан қасқырлармен алысатын жерінде сценарий бойынша қар жауып тұруы керек болатын. Қырсыққанда, дәл сол күні аспан ашылып кетті. Түсірілім екі күнге тоқтап қалды. «Енді не істейміз?» деп отырғанда үшінші күні бірден күн суытып, қар жапалақтай жөнелді. Жапа-тармағай түсіруге кірісіп, көріністі таспалап үлгердік. Сосын Мырзабала әженің қайтыс болатын сәтін түсіргеніміз қызық болды. Жаймашуақ күн райы аяқ астынан бұзылып, алай-дүлей жел тұрып, жаңбыр құйып кеп берді. Кейін білсек, әжей дүниеден өткенде шынымен де сондай жағдай болған екен. Одан кейін Сұлтан дүниеге келіп, әкесі жары мен ұлын перзентханадан шығарып алып келе жатқанда сценарий бойынша нөсерлетіп, найзағай ойнауы қажет еді. Мұны «компьютермен жасармыз» деп ойлағанмын. Жоқ, дәл сол түсірілім кезінде тура ойласқандай күн күркіреп, жауын жауып, найзағай ойнап кетті. Маған біздің ойымызды табиғаттың өзі құп алғандай болып көрінді.
Алғашында: «Елбасы фильмнен өз өміріне сәл де болсын ұқсастықтар табар ма екен?» – деп қатты қобалжыдым. Бірақ кино басталысымен-ақ, ол кісі экранға еніп кеткендей болды. Бір-екі жерінде тіпті көзіне жас алды. Егер өз өмірін көрмесе, көңілі босамас еді ғой. Соңында күлімсіреп шығып, ең әуелі Бибігүл апайымыздың қолын алып: «Менің әжемнің ғана емес, бүкіл қазақ әжелерінің жинақы образын сомдапсыз. Сізге мың да бір рақмет!» – деді. Бәрімізге де алғысын жеткізді. Әсіресе әкесінің жас кезін ойнаған Ержанға ерекше ықылас білдірді. Тұсаукесерде кішкентай Сұлтанның рөлін сомдаған Елжастың басынан сипап тұрып: «Қане, балам, өскенде кім боласың?» – деп еді, ол да қысылмастан: «Ұшқыш болғым келеді!» – деп жауап берді. Алдағы уақытта Елбасының 17-25 жас аралығындағы өмірін түсірсек деп ойлаймыз. Оны, әрине, уақыт көрсете жатар.