Алаштың рухы жаңғырған күн Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлі Астанаға әкелінді

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы жыл басынан-ақ ел үшін маңызды, ұрпақ үшін тәлімді болатын іспен басталып жатыр. Кеше мемлекеттігіміздің тұғыры – бас қаламыз Астанаға асыл текті Алаш рухы жеткізілді. Таңғы сағат 7-ден 25 минут өткенде Астана әуежайына Мәскеуден рейстік ұшақпен Алаштың ардақты ұлы, қазақтың елдігі үшін жастайынан аянбай еңбек еткен қайраткері, ұлт мұраты үшін күрескен арда азаматы Смағұл Сәдуақасұлының тағдыр жазуымен жат жұртта қалған мәйітінің күлі әкелінді.
Алдымен, Алаш рухын Астанаға әке­лушілерге келсек, көзіқарақты оқыр­­ман бұл істің бастауында Дихан Қам­­забекұлы мен Сабыр Қасымов сын­­ды біраз ғалым азаматтарымыздың жүр­­генін білер. Өткен желтоқсан айында Мәс­­кеу мэриясының Смағұл Сәдуа­қас­­ұлының мәйіт күлін қайтару туралы ше­­шіміне де үлкен ықпал еткен осы аза­­маттар болатын. Дихан Қам­за­бек­ұлы арнайы делегацияны да Мәс­кеу­ге өзі бастап барыпты. Ал Мәскеуден шық­­­­қан ұшақ Астанаға келіп қонғанда, Алаш ардақтысының рухын қарсы алып, тағзым етуді өзіне парыз санаған, ішін­­­де жастары мен журналистері, бір­қа­­тар ақын-жазушылары бар, 200-ге тар­­та азамат әуежайда күтіп тұрған еді. Бі­­р­ақ арасынан Ирак Елекеев, Жарасбай Сү­­­лейменов сынды заң шығарушы би­лік­тің өкілдерінен басқа әкімқараны кө­­­ре алмадық. Бұл енді сөздің сір­ә­ғы­сы.
Алаш рухы да оралғандай...
 Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлі салынған шағын қорап үстіне Мемлекеттік туымызды жапқан күйінде күтіп тұрған жұрттың алдына әкелінгенде, Алаш рухы да елімізге оралғандай болды. «Лайым солай болсын» дедік іштей. Арыс азаматымыздың аруағына елорданың Сәдуақас Ғилмани атындағы мешітінің бас имамы құран бағыштады. Бұдан кейін ақын, жазушы Нұрғожа Ораз, Смағұл Сәдуақасұлының туысы Қапар Айтуғанов, депутат Ирак Елекеев сөз алып, Алаш арысының келте ғұмырында атқарып кеткен істеріне тоқталды.
 Ол армандаған елдің Тәуелсіздігіне бүгін біздердің жеткенімізді атап айтты. Ал профессор Д.Қамзабекұлы: «Қазақта әдемі сөз бар, «су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген. Сол тұрғыдан қарайтын болсақ, әр жерде жатқан бабаларымыздың сүйектері сол жер біздікі екенін дәлелдеп жатыр. Ал Смағұлдың сүйегі христиан қорымында жатқандықтан, біздің ғұрпымызға қиғаш келгендіктен, әділеттілікті орнату үшін, туған топырағына қайтару үшін Астанаға әкеліп жатырмыз. Бұл – ғалымдардың немесе осында әкелуге атсалысып жүрген азаматтардың ғана бастамасы емес, бұл – көпшіліктің, Смағұл сүйегін туған топыраққа қайтару туралы мәселе көтерген халықтың тілегінің, арманының орындалған күні. Ал біз ендігі жерде Смағұлдың еңбектерін тағы да оқып, парықтауымыз керек. Астана Смағұлды танитын, Смағұлмен мақтанатын елорда болатынына сенемін», – деп, Алаш арысының рухына басын иіп келген барша жұртқа алғысын айтты.
Несіпбек Айтұлы, ақын:
– Бұл – ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі оқиға. Сәдуақас марқұмның мәйіт күлін жер қойнына тапсыру мәселесі ел болып, Үкімет болып шешілуі тиіс. Қалай болса, солай қоя салатын нәрсе емес. Құдайға тәубе, Тәуелсіздіктің арқасында Смағұлдың сүйегінің күлі болса да елге оралды. Бұған да шүкір. Әйтпесе бұл керемет қуанатын да жағдай емес, керісінше, трагедия. Қазақтың басы қайда қалмады, ханның да басы оралған жоқ. Сондықтан бұл – әрі мұңды, әрі тәубе дейтін іс.

Мәйіт күлі қайда жерленеді?
Осы сауал Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлінің дерегі нақтыланып, оны елге әкелу қажеттігі турасында мәселе көтерілгеннен бері елдік іске бей-жай қарай алмайтын азаматтардың бәрін ойландырған болар. Өйткені жат жерде көз жұмған Смағұл қарапайым қазақ емес, ол – қамшының сабынан да қысқа ғұмырында туған ұлты үшін өлшеусіз еңбек етіп, елдіктің жолында қыршын кеткен, істеген ісімен, сұм замандағы ерлік-жігерімен ұрпаққа өнеге бола алатын рухты тұлға. Сондықтан оның мәйіт күлін туған жерге әкелумен бірге Алаш рухы да елімізге қайта оралып жатыр деп ұғамыз. Ендеше, 77 жылдан кейін (биыл 2011 жылдың кіргенін ескерсек, 78 жыл деуге болады) елге қайтарылған Алаш ақиығының күлін қайта жер қойнына тапсыру ісі де бар жөн-жоралғысымен, ұрпаққа ой салып, тағылым беретіндей мән-маңызымен атқарылуы тиіс деген пікірлер де қисынды. Бұл реттегі пікір әзірге екіге жарылып тұр. Бірі Астананың «Жастар» ықшамауданындағы ескі қорымды атаса, енді бір топ Қабанбай елді мекеніндегі Қабанбай батыр мазарының жанына жерлеп, сол жерде ұлттық пантеон ашқан дұрыс дейді. Алайда нақты қай жерге жерленетіні әлі белгісіз. Бізге белгілісі – Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлі Сәдуақас Ғилмани атындағы ескі мешітке жеткізіліп, сондағы жаназа шығару бөлмесіне уақытша қойыла тұрады.
Зиябек Қабылдин, профессор:
– Негізі, пантеон жағы дұрыс. Оның қала орталығында болғаны да жақсы. Бірақ ертең осындай басқа азаматтарымыздың сүйегі табылып жатса, «Жастар» ықшамауданындағы ескі зиратқа сия ма, жоқ па?» деген де ой бар. Дей тұрғанмен, мәселеге кең ауқымда қарасақ, қаланың шетінен бір жақсы пантеон керек. Кей азаматтар Астана маңындағы Қабанбай мазарының тұсын айтып жүр. Бұл да жақсы, егер барлық коммуникациялық мүмкіндіктер жүргізіліп, тыңғылықты жасалатын болса. Екінші жағынан, жастар жиі келіп, тағзым етіп тұруы үшін қаланың ішінен ашқан да ыңғайлы.

Бақтыбай Қыдырбайұлы, С. Ғилмани мешітінің бас имамы:
– Шариғатта әртүрлі жағдайлар бар. Мысалы, су басып қалу ықтималдығы болғанда немесе құрылыс салуға байланысты (мәйітті) көшіру қажет болса, көшіре береді. Дәл мына жағдайда ол қараусыз қалып қойып отыр. Ал осы елге керек болған азаматтың мәйітін елі шешім қабылдап, ана жақта қор болмасын деп, туған жеріне әкеліп қоймақшы. Мұның сауабы болмаса, жаман ештеңесі жоқ. Ислами дәстүр бойынша әркім де өлген соң жер қойнына берілуі тиіс, себебі бізді топырақтан жаратты, топыраққа барамыз және топырақтан қайта тірілеміз. Сондықтан Смағұл Сәдуақасұлының Мәскеуден әкелінген мәйіт күлі мешітке жеткізіліп, жаназа бөлмесінде қашан және қай жерде жерленетіндігі анықталғанша тұрады.

Дерек
1900 жылы туылған Смағұл Сәдуақасұлы – 20 жасында ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында ағарту министрі болған қайраткер. 16-17 жасынан қазақ жастарының «Бірлік» атты тұңғыш ұйымына араласып, кейіннен Ақмола облыстық Алашорда комитетінде, Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында, Қазақ Автономиялық Республикасының Жастар одағында, Қазақ ОАК төралқасында, Қазақ Автономиялық Республикасы Жоспарлау комиссиясында, Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарған. Осыны білудің өзі-ақ отызға келіп орда бұзбаған, қырыққа келіп қамал ала алмаған көпшілігімізге жасындай түйрейтін ой салса керек-ті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста