Алаштың ҚОЛӨНЕРІ

Қайыңның үйіліндей ұйыған...
Жарғақ  құлағы жастыққа тимей, сайын даланың төсінен жәдігер іздеген археологтердің жанкешті еңбегіне Жаратқан Ие мейірленеді де! Олжасын сүйіншілейді. Енді сол  бүгінге дейін табылған мұраның сипатын меңгеруші, жаңғыртушы, оны әлемдік өркениет құндылықтары қатарында көрермен көзайымына айналдырушы қаны қазағына тартқан естияр ұрпақ емес пе?! 


Туған елінің білім дәулетінің қайнары екенін мақтаныш ететін  шығармашыл, іскер, ұлттық қолө­нер­ге жанашыр қазақ жастарын  баулуда еңбек­тері ерен кәсіби ұстаздар мен ұлттық  өнер саласындағы ең алғашқы оқу орны  туралы Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қол­данбалы өнер колледжінің директоры, Қазақ­стан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор Шалабаев Сейітқали Исақұлұлы әңгімелейді.
–  Бұрын Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркем­сурет училищесі  болған бұл білім ордасы өз тарихи жылнамасын 1938 жылғы Қазақ халық комиссар­лар кеңесінің №870 жарлығымен бастаған. Жиырма жылдан бері өнер тарланы, қылқалам шебері, академик Орал Таңсықбаевтың есімімен аталады. Келер жылы 75  жылдық мерейтойын атап өтетін бұл киелі өнер ошағы содан бері еліміз­дің көптеген атақты қолөнер шеберлерінің, халық суретшілерінің, дарынды жастардың ой-таным шеберлігін шыңдап, шығармашылық ізденімпаз­дығын паш етумен айналысуда. Бүгінде қайыңның үйіліндей ұйыған ұжымда Мәскеу, Петербор, Ал­ма­ты, Ташкент қалаларының және Ресейдің  басқа да ірі орталықтарында жоғары оқу орындарын бітіріп, қазіргі заман талаптарына сай кәсіптік  дең­гейде білім беретін ҚР еңбегі сіңген өнер қайрат­кері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Кенжебай Дүйсенбаев, ҚР Білім  және  ғылым министр­лігінің Ы.Алтынсарин атындағы белгісінің иегері Күлшарым Тұяқова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алла Молдағалиева сынды көптеген жоғары дәрежелі ұстаздар қызмет атқаруда. Содан соң орта буын және шығармашы­лық жұмыстары шыңдалып келе жатқан жас мұғалімдеріміз бар. Бір жағынан, олар үлкен дәрежелі суретшілер болса, екіншіден, тәжірибелі ұстаздар. Осы  ұстаздар өз еңбегін балалардың қолындағы алғашқы төл туындыларын талапқа сәйкес деңгейге жеткізуге және өз бетімен шығар­ма­шылық жұмыстар жасай алатын мамандар дайындау мақсатына  арнайды.


«Өнер өлшеніп тартылса...»
Өнердің қара шаңырағы болған соң, алдағы уақытта оны республикалық, халықаралық деңгейде қалай ұстап тұра аламыз?  Бүгінгі таңда неге көп көңіл бөлуіміз керек? Мемлекеттің, Елбасының тарапынан елімізге  кәсіби деңгейде   жұмысшылар дайындау  керектігі айтылып жатыр.
Суретші-шеберлер С.Әбдірахманұлы, А.Құлахметұлы, Б.Нұрпейісова шәкірттерге кеңес беруде.
Ал біздің саламызға шығармашылық тұрғыда жұмыс істей алатын мамандар керек. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, осы оқу орнының еліміздің түк­пір-түкпірінде қызмет істейтін түлектері, тәлімгер су­рет­шілер, суретші шеберлер ұлттық өнерге жаны жақын өрендерді жер-жерден танып, баулып, олар­ды кәсіби білім алу үшін бізге бағыттайды. Бұл өнер саласына жастарды бағыттау- бағдарлау жұмыс­тарының үлесіне тиеді.  Биылғы жазда да өнер орда­сы өзіне Қазақстан Республикасының 9 және11 сы­ныптарын бітірген, сурет салуға қабілетті жастарын қабылдады. Жалпы, байқауға 11 өнер саласы бо­йын­ша 143 талапкер қатысты. Мемлекетіміздің тап­сы­рысы бойынша талапкерлердің  30  пайызы ауыл­дан келген балалардан қабылдануы керек.  Жаңа оқу жылына  38 пайыз, яғни 23 ауыл баласы студент атан­ды. Жалпы, мемлекеттік бюджет есебінен тегін оқуға  60 бала байқаудан сүрінбей өтті.  Сондай-ақ байқаудан өтпеген 83 баланы да  сырттан жібере салмай, оқу аудиториясына кіргіздік. Себебі әр бала өз қолынан шыққан дүниесін жақсы деп есептейді. «Неге менің жұмысым төмен баға алып қалды?», «Неге мен өтпей қалдым?» деген сауалдарға жауап іздейді. Сондықтан оларға «байқаудан өте алмай қалғандарыңа өкінбеңдер, қынжылмаңдар.  Сіздер­дің ақылы бөлімде оқуға мүмкіндіктерің бар. Ақылы бөлімде жақсы оқысаңдар, тегін оқу құқығына ие боласыңдар» деп көңілдеріне демеу бердік. Қабыл­дау комиссиясының қаулысы шыққан күні 45 бала ақылы бөлімге құжат тапсырды. Өзіміз таңғалдық.  Жалпы, біз педагог болғандықтан, әлі кәмелеттік жас­қа толмаған жасөспірім бізге оқимын деп талап­танып келгеннен кейін оларды жүрегіндегі салмағы­мен кері қайтармай, рухани қолдау міндетіміз деп ойлаймыз.
Иә, білім ордасына өз жолдарымен өнер іздеп келген жастар бәсеке кезінде  дана Абайдың «Бі­реу­ден біреу артылса, Өнер өлшеніп тартылса...» дегенін естерінде мықтап ұстап, майталман ұстаз­дар­дың ақылман әр сөзін бағамдай алады. Бала бойын­дағы өнерді ғана емес, адами мінез-құлқын шыңдау­ды да жауапкершілігіне алатын ұстаз көре­гендігі деген ерекше сипат.


Көрген көздің зайымына айналған...
Оқу үдерісі кезіндегі тапсырманың өзі – студенттің төл туындысы.  Олар сол арқылы шыңдала береді. Халықаралық «Шабыт» шығарма­шыл жастар фестивалі аясында өткізілетін байқауларға қаты­сады.  Оқу орнында көрме залымыз бар. Оны шетелден келген кәсіпкерлер, туристер де тамашалай алады.
Мәселен, Қазақстан іскер әйел­­дер қауымдастығының өкіл­дері бір жолы өздерімен іскер­лік байланыста жұмыс істейтін жиырма шақты  шетелдік кә­сіп­керге көрмемізді таныс­тырды. Шетелдіктер біздің өнер­лі жаста­ры­мыздың қолынан шыққан кескіндеме­лерге, ұлттық көркем өнер әшекейле­ріне, қыш, металл және ағаштан жасалған тұрмыс­тық  бұйымдарға, көркем тоқы­ма өнері туындыларына аса қы­зы­ғушылықпен қарап сүйсінді, таң­ғалды. Ұнатқан заттарын са­тып алды. Бұйым сатылды деген сөз сту­денттің шығарма­шылығы бәсекелес­тікке жетті дегенді біл­діреді. Ол, бі­рін­ші­ден, ұлттық тақырып; екіншіден, шебердің  шығармашылық  дең­гейін көр­се­теді. Егер дүние сапа­сыз, ба­ла­­ның қолынан шыққаны бай­қалып тұрса, оны әркім са­тып ала бермейді. Жыл сайын бір рет Алматыдағы рес­публи­калық деңгейдегі төрт колледж П.И.Ча­й­ковский атындағы му­зы­ка кол­леджі, А.В.Селезнев атындағы хо­реография колледжі және Ж.Елебе­ков атындағы  эстрада-цирк  колледжі бірлесіп,  шығар­машылық көрмелер, шеберлік сабақтары, концерт, дефиле (сән үлгісі) өткіземіз. Өз қолдарынан келген соң өнер ұя­сы­ның мүсін­шілері  аулада мүсін саябағын жасап та қой­ған.  Оның ең басты­сы – өнер тарланы О. Таңсық­баев­тың мүсіні көрген көздің көзайымына айналды.
                                                                     мүсін

                                                                     қобыз

                                                                     сандық-жүкаяқ

Бір орталық болса деген арман бар...
Өнер адамын дайындауда  кей жағ­дайда  жел қайыққа тәуе­­ке­­лі­міз­ді  арта­мыз. Десек те, келешек­те осы колледждің Алматы қаласы ма­ңында ау­қым­ды шы­ғар­машылық  және ғы­лыми-әдістемелік орталығы болса  деген арманымыз бар.  Біздің орта ғасырда ұмытылып кеткен ұлттық өнерімізді сол жерде зерт­теп-талқы­лау жүзе­ге асса дейміз.  Әдет­те, адам бір жоғалып табыл­ған за­тына ұқып­ты болады ғой. Сол сияқ­ты  өт­кен тарих­тың заттай ай­ғағы, ата-бабалары­мыздың көзін­дей асыл мұрала­рымыз  шығарма­шы­лық ор­та­лық­тың көрме­сінде тұрса, оны ел хал­қы болсын, шетел­діктер бол­сын қалаған уақы­тын­да көре алатын бо­ла­ды. Шебер­лер шеберлік сабағы ар­қы­лы ұлттық дү­ниенің  жаса­лу тех­ноло­гиясын қы­зы­ғушы адам­ға сол жер­де көрсетіп, жа­сап  берсе, бұйым бірден тұты­нушының қолына өтер еді. Ше­тел­дерде осындай өнер ор­та­­­лық­тары бар. Ол тек  ұлт­тық өнер­­­ге наси­хат  емес, жас өрен­дер­дің жиі ба­рып, ұста­лық­қа көзін үй­ретіп,  өнер­ге үл­кен дайындықпен келуіне ықпал етеді. 


Қолөнер шебері  кәсіби суретші болуы қажет
Сәулетай ӘБДІРАХМАНҰЛЫ, суретші-мүсінші:
– Қолө­нердің  барлық саласының да­муы­­ның негізі бейнелеу өнері екендігі анық. Ендеше, қазіргі кезде сәндік қол­дан­балы өнер шеберлері­нің (көркем тоқыма өне­рі, көркем өнер әшекейлеу, ағашты көр­кем­деп өңдеу, көркем қыш, металды көркем­деп өңдеу) кәсібін мең­геруде ең бі­рін­ші кәсіби суретші болуы қажеттілік.


Бүгінде заманауи сұранысқа кеңінен ие мамандықтар интерьер ди­зай­ны, графи­калық  дизайн,  киім дизай­ны­мен ай­на­лы­­сатындар да суретші-ди­зай­нер маман­дығын алады, сондай-ақ кескінде­меші-суретші, суретші-мүсінші, театр сахна суретшісі де өз алдына ұлттық құн­дылықты бағалайтын қазақ жастары үшін таңдауы жоғары мамандықтар. Ғалым­дардың дәлелдеуінше, адам туғаннан оның бойында мақсатты түрде қалыптасқан және дәстүрлі нормалардан тыс жаңа идеяларды жаратуға жаны жақын шығармашылық қабілет болады. Бірақ бұл шығармашылық бағыт көп жағдайда сыртқы ортаның әсерінен жо­йы­лып кетеді. Рас, менің ұлттық қолөнер жанашыры, суретші ретінде айтатын түйін сөзім де, осы сала бойынша айтпақ­шы болған негізгі мәселем де осында жатыр. Алғашқы мүшелінде қолына қалам ұстап, сурет салмайтын бала бол­май­ды. Мен суретші баланың талантын екі-үш сызығынан-ақ байқаймын. Бала сурет салу барысында  өзін-өзі басқарып, ой-қиялын ұшқырлап, дамудың белгілі бір сатысынан өтеді. Десек те, мені олар­ды ары қарай  өсу, өрлеуге бағыттаудың орнына  кей ата-аналардың  қазір нарық заманы деп, оларды  есепшілікке  беруі қынжылтады.  Бұл олардың шығарма­шыл, шыншыл болып жетілуге деген адами жаратылысының  табиғи талпыны­сын тоқырауға ұшыратады.


Үйімізде, төрімізде мұра болып тұрған ер...
Аманқұл ҚҰЛАХМЕТҰЛЫ, суретші-зергер:
– Көшпелі ата-бабаларымыз алыс отарларға ауыл-ауыл болып көшкенде, көш-көліктің көркі, сәні кірсін деп аналар мен сұлу бойжеткендерге  ақбоз ат  немесе аттың су жорғаларын әшекей­лі күміс ер-тұрманмен жасап, жабдық­тап мінгізетін болған. Олар көштің алдына күміс шолпылары жарқырап, күміс ат әбзелдері анадайдан сыңғыр­лап, ел назарын өздеріне  аударады. Жол бойы әр ауылдың ел-жұрты көш мәдениетін көріп, бір-бірінен үлгі ала­ды.  Сүндет той, қыз танысу, қыз ұзату т.б салт-дәстүріміздегі  той-томалақтың  сәні де, мәні де  жылқы болған. Сонда қыз- келіншектер мінген күмістелген ер-тұрман сахара мәдениетінің ажарын ашып, сол кездегі өнер иелерінің даң­қын асқақтатқан.
Әр ауылдағы шебер зергерлерге  ел басылары мен атақты байлар тай тұяғы немесе қой тұяғындай күміс беріп, аналар мен қыздарға күміс ер- тұрман жасатқан. Ұсталардың еңбекақысы атан түйе, жақсы ат, атан өгіз, сауын сиырмен бағаланған. 


Шарықты шыр үйірген шын шебер
Архео­логия­лық  мәдениеттің  көзайым бол­ған материал­дарының бірі  –  көр­кем қыш бұйымдары.  Соған қарап ата-бабаларымыздың  қолөнердің бұл түрімен етене айналысқанын байқаймыз. «Көркем қыш өнерімен айна­лысу, біріншіден, күнделікті пайдаланылатын ыдыс-аяқ, тұрмыстық сәнді бұйымдар; екіншіден, өзіміздің туған топырағымызда сазды өңір көп», – дейді  суретші-қыш шебері Марат  СӘРСЕБАЕВ  ағамыз.


– Ақ лай, қызыл лай, қара лай  т.б. Әрқайсысының құра­мы бір-біріне ұқсамайды.  Қырық  жылдан бері осы кәсіптің ыстық-суығын көріп келемін. Жалпы, қыш бұйымдарының жасалу технологиясы күрделі.  Сарайшықта, Таразда, Оты­рар­да сол уақыттарда шеберлер қыш бұйымдарын жабдық­тардың көмегімен емес,  өз күштерімен жасаған. Лайды мата­дан,  елеуіштен електеп өткізіп дайындаған. Қыштың сапасы дөрекілеу болғанымен,  ыдыстардың бетіне жағатын сыр алуан түрлі гүлдерден, өсімдіктерден, қамыстың күлінен алынған табиғи зат.
Мен шарықпен жұмыс істеймін. Шарықты өте жақсы меңгергендіктен, шарықтың күшімен көп пластикалық дү­ние­лер, композициялар, ыдыс-аяқ, сәндік бұйымдар, инте­рьерге арналған құмыралар, паннолар жасаймын. Біз өнімді конвейермен шығаратын фарфор зауыттары  сияқты өндіріс орындарында емес, өз қолымызбен жасайтын болғаннан кейін, жалпы қолданыстағы заттарды жасай  бермейміз. Кей төл туындымыз қайталанбайды да. Шығармашылық жұмыс­тарымды көрмеге қойып, көрушінің көзайымын аламын. Қазақстанда қышпен айналысатын Рыспаев Абай, Шолақов Олжабай есімді талантты шеберлер бар. Біздің алға қойған мақсатымыз  – бұрынғы шеберлердің қолынан шыққан ескі дүниелерді жаңартып, оның әдемілігін жалпы халыққа көрсету.  Білгенімді жасырып қалу маған жат нәрсе.  Қыш бұйымын қолмен жасау күрделі болғандықтан, оған тек адам үлкен ынтамен  жақындайды. Өзімнің балам болсын, өзге бала болсын, өнерге талабы болса, бар білге­німді үйретуден жалықпас едім. Өнердегі шеберлікке әр  адам өзінің еңбегімен, талпынысымен жетеді. Бір заттың рецептісін  дүниежүзіне жариялағанмен де, оның сырын ше­бер­дің өзіндей ешкім түсіне алмайды. Өзім әр нәрсені жасау кезінде тәлім аламын, машықтанамын. Тәжірибелік  машы­ғың кейінгі жұмысыңа сеп болады. Қышпен жұмыс істеу кезінде рецепті жазып отырмасаң, шатасып кетесің. Өйткені бәрі ойда сақталмайды. Әрбір шебер өз биігіне өз еңбегімен жетеді. Бұйымның рецептісін ұрпағыңа айтып кетуге болады. Бірақ бір ғана пешпен жұмыс істеудің өзі  ішіне сан құпияны бүгеді. Бір дүниенің өзі бірнеше күйдіруден өтеді. Пештің ішіндегі отқа сіз бұйрық бере алмайсыз. От қалай жанады, пештің ішінде қалай айналады? Жылу қалай болады? Бір жағынан жылу келеді де,бір жағынан айналып өтіп кетеді. Бір жағы ыстық болса, бір жағы суық болады.  Сол сияқты пештің ішінің өзінде алуан құбылыс бар. Бұрынғы қыш бұйымдары мыңдаған жылдың  тарихи көзі болса,  қазіргі  бұйымдар тіпті өміршеңдігі жағынан одан асып түседі. Технологиясы уақытпен жарысып, жаңарып отыр. Қоспа компоненттері бар. Электроника саласында қыштан жасала­тын тоқ өткізгіш материалдардың қазіргі заманауи техноло­гияда  пайдалану өрісі өте жоғары.


Өнер адамы өнегелі іс жасай ма?
Ботагөз Нұрпейісова, суретші-шебер:
– Өзгені қуантуға асығамыз.  Бұл –  адамның бойына өнер қа­лыптастыратын адами парасат­тылық, жомарттық. Мен де, ме­нің шәкірттерім  де қоғамдағы адам жанына күйзеліс әкелетін жайттарға бей-жай қарай алмаймыз. Сондықтан әр уақытта жасаған өнер туындыла­рымызды жинақтап  және   тиын-те­бен­ге жеміс-жидектер, тәттілер алып, Алматыдағы «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасына, Балалар онкологиялық ауруханасына, балалар үйіне, қарт­тар үйіне жылына  бірнеше рет барамыз. Өнерлі жастар жетім және науқас балаларға әкелген жұ­мыс­тарын көрсетіп, оның мән-маз­мұнын  түсіндіріп, бұйымдар сыйлап, жас өр­кен­дерге қызықты шеберлік сабақтарын  өткізеді. Олардың порт­рет­терін салып, өздеріне сыйға тарта­ды. Балаларға  сурет салғызады. Сөй­тіп, олардың жасып, кіреуке тартқан көңіл күйлерін көтереді. Мені қазіргі нарық заманында жастарымыздың өздерінде артық ештеңе болмаса да,  қайы­рымдылық  іске белсенділік та­ны­туы қуантады.


Қазақтың қолөнеріне қамқорлық қажет пе?


Мұхаметқали ДҮЙСЕНБАЕВ, суретші-тоқымашы: 
 – Бүгінде  ісмер  әже, апалары­мыздың тоқыма тоқу өнерін  зерт­теп, зерделеуде қазақтың қыз-келіншектері белін де, көзін де жазбай еңбектенеді десем артық айтпаймын. Бүгінде елімізде болатын ортаазиялық жәрмеңке­лерде тоқыма өнері көп көрінеді.  Кесте тоқуда әртүрлі технологияны  қолданып жатырмыз. Десек те, бізге қазір табиғи  жіп жетіспейді. Алматыдағы  кілем фабрикамыз жабылып қалды.  Онда өндірілетін жіп өзінің техноло­гиясын сақтайтын. Оған біте түспейді.   Құрамында табиғи  жүн көп. Енді елімізге жақын шетелдерден синтетикалық жіптер келіп жатыр. Қазір таза  жүнді Қырғызстаннан ала­мыз. Бұрын өз еліміздегі фабрикалардың қалдық жіптерін де кәдеге жарататынбыз. Ауылдағы қол шеберлері болмаса, біз ескі кілемдерді көшіріп қайта тоқымаймыз. Себебі өзіміз әуесқой емес, кәсіби сурет­шіле­рміз. Өз шығармашылығымызға қазақтың ою-өр­нек­тері сынды ұлттық элементтерді қолданамыз. Қазақстанның табиға­тын, пейзажын тоқыма өнерінде  көрсетеміз. Уақытты да бейнелейміз. Мемлекетіміз бен кәсіпкерлеріміз осы тоқыма өнері саласын табиғи жүн, жіптермен қамта­масыз ететін фабрикалар ашып, шеберлерге қамқорлық көрсет­се, қолөнердің  өркені өсе түспек.  


Елдос ЕЛМҰРАТҰЛЫ, өнертанушы:
– Қазір базарларда сатылып жатқан  қолдан жасалған бұйымдардың көбі – Қытай, Өзбекстан, Қырғызстаннан  әкелініп жатқан заттар. Қолөнер қашанда қымбат бағаланады. Мәселен, алыстан келген турис­тер еліне барғанда есіне түсіретін бұйымдар алайық  десе, соның бәрі, шыны керек, көрші елдердің бұйы­мы. Шетелдік сувенирлер – фабрика өнімдері.  Қазақтың ұлттық сувениріне   соңғы уақытта көп мән берілуде. Осы салада жүрген адамдар өздеріне заңды түрде жеке кәсіпкерлік ашады. Жеке кәсіпкерге салық жағы қымбат, болмаса  тағы басқа жағдайлармен, әйтеуір, қазақтың қолөнері кең ауқымда  дамы­май отырғаны шындық. Бірақ қолөнер – қай уақытта болсын, бүгін болмаса ертең өз шығынын ақтайтын кәсіп. Қолынан келіп тұрған соң, жасап, сатып, осы кәсіппен күнін көріп жүрген ше­бер­лер баршылық. Меніңше, қазақтың қолөнерін насихаттауға  мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс. Мәселен, Ресейді алсақ, олардың  матрешкасы бар.  Кез кел­ген шетелде матреш­каны көрсеңіз, орыстар есіңізге түседі.  Сол сияқты Қазақстанның бренді болатындай  заттар жоқ емес, бар, соны кеңінен таратуға үкімет тарапынан үлкен көмек болса деп ойлаймын. Ауылда шебер ұсталар  көп, олар табиғи заттар­дан әртүрлі тұрмыстық бұйымдар жасайды. Жұмыстары өзге  өңір жұртына кең танымал емес, атағы шығып жатқан жоқ. Со­ған жергілікті әкімшіліктердің қолдауымен көрме-жәрмең­келер жиі ұйымдастырылып тұрса, ісіміз оңға басар еді.

Бетті дайындаған Күнсая ЕРМЕКҚЫЗЫ, эл.почта: Kunyan 72 - 72 @mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста