Қазақ телевизиясының қайраткері, ұлт журналистикасының ұлықпаны Нұртілеу Иманғалиұлы бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отыр. Әрбір жасаған хабары арқылы патша көңіл көрерменді өзіне еріксіз баурап алатын қасиетімен ерекшеленетін Нұртілеу Иманғалиұлын танымайтын адам кемде-кем. Қызметін қатардағы қарапайым журналист болып бастап, бүгінде тұлға деңгейіне көтерілген оның жүріп өткен шығармашылық жолы да өзгешелеу. Иә, қоғамға танымал азаматтың атақ-абыройы да жоқ емес: Өнер академиясының құрметті профессоры, Алматы облысы Ақсу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бауыржан Момышұлы атындағы медальдың иегері, Қазақстан Журналистер одағы мен «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты. Тіпті Үкімет Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет атқарды. Осыншама марапаттың иесі болса да, табиғатынан таймайтын тұлғаны қазақ қоғамы көзәйнектің үстінен қадала қарап, қарымды пікірін қадап айтатын қарапайым азамат деп біледі, жақсы көреді.
Телеарнадан жүзі жарқ ете қалса, өзін аспандағы жұлдыз сезінетін буынмен бірге өскеннен бе, ол кісінің мұндай жағымсыз қасиеттен жұрдай екенін көріп таңғалғаным бар. Бірде Нұртілеу ағамен сұхбаттасу үшін шаңырағына барудың сәті түсті. Ауласында күлімдеп қарсы алған ағамыз кәнігі бағбандар құсап қолындағы шөп қиятын құрылғысымен ауласын ретке келтіріп жүр екен. Көпқабатты үйдің ауласына ерекше көңіл бөліп жүргеніне таңданғанымызда, өзінің сүйікті көп кәсібінің бірі екенін айтқан еді. Нұртілеу Иманғалиұлының «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшылығына келуі де, кетуі де үлкен әңгіме болды. Алып-қашпа әңгімелер де айтылмай қалмады. Білетіндер ол кісіні бірбеткей, ермінезді нағыз азамат дейді. Екеуара сұхбатта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бар ғой. Сіздің қызметтен кетуіңіз сол қақпақты өзіңіз де ашпай, өзгеге де аштырмай қоюыңыздан емес пе?» деген сұрағыма байыппен ғана: «Қызметтен кеткеніме өз басым диагноз қойып айта алмаймын. Себебі сен айтқандай болуы да кәдік. Қазіргі қоғамға ақ қарғаның керегі жоқ. Мен сол ақ қарға болуым мүмкін. Дәл сол себептен кеттім десем, дәлелсіз айтылған пікір болып шығады. Мөлшері солай болуы ықтимал деген ішкі ойларымның бар екені рас. «Бермесең – жүрмейсің, алмасаң – отырмайсың» деген принциптің бар екені рас. Бірақ менің аузымның «қан» болмағанын көпшілік біледі», – деп кесіп айтты. Шын мәнінде, көзі қарақты көрермен ұлтының бай-қуатты болуына тілекші болып жүретін ұлының кіршіксіз екенін біледі.
«Көкпар», «Алтыбақан» бағдарламаларымен танылған азаматтың «Қолтаңбасы» да қолдау тапты. Күйіп тұрған проблеманы күнделікті «Бетпе-бетте» талқылайтын. Ұлтқа қажетті «Діңгекті» шығарды, қоғамдағы қарын аштырар келеңсіздіктерді «Көршілерде» ашуға тырысып, мәселенің иін қандырады. Алпысты алқымдаса да осындай шығармашылық әлеуеті еріксіз сүйсіндіреді.
Саналы ғұмырының 35 жылын телевизияға арнап, өзіндік мектеп қалыптастырған дарынды әріптес-ағамыздың азаматтық бет-бейнесі туралы қоян-қолтық араласқан аға-інілерінің, достарының пікірін білген едік.
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымының докторы, профессор:
«Қазақ журналистикасындағы жастар Нұртілеуді үлгі етсе деймін»
– Бұрындары теледидарға соншалықты үңілмейтін едім. Кейінгі бір ай көлемінде ауырып, үйде жатып қалдым. Қазіргі жолдасым осы көк жәшік қана болып тұр. Байқағаным, телевизия саласындағылар бірсарынға түсіп алған сияқты. Бірін-бірі қайталаудан жалықпайды. Қандай қатал билік болса да, цензура болса да кәсіби біліктілігі жоғары журналист ебін тауып, діттеген мақсатына қол жеткізе алады деп есептеймін. Міне, осындай өзінің ісіне адал, білікті журналист деп мен Нұртілеуді айтар едім.
Нұртілеу Иманғалиұлы екеуміз бір-бірімізді ол қазақ телевизиясына келген жылдардан бастап жақсы танимыз. Досқа адал, үлкенді шын құрметтей білетін жігіт ретінде білемін. Нұртілеу інімді эфирге шыға сала өзін жұлдыз, данышпан санайтын жастарға үлгі боларлық тұлға деп есептеймін. Көрермен алдында әдемі болуға тырысып, не айтып қойғандарын өздері түсінбейтіндерді көріп жүрміз ғой. Ол – жасандылықтан ада азамат. Нақты дәлел айтар болсам, оның сонау кеңестік кезеңде жасаған хабарлары мен Тәуелсіздік жылдарында эфирге шығарған бағдарламаларында өзгешелік жоқ. Қоғамдағы күйіп тұрған проблемаларды ретімен көтеретін хабарлар жасай біледі. Табиғатынан ауытқымайды. Мүмкін сондықтан да шығар, оның әрбір бағдарламасы шынайылыққа тұнып тұрады. Теледидарда қалай бірбеткей, тікмінезді болып көрінсе, өмірде де сондай жан. Нағыз ер-азаматқа тән осындай қасиеттер өзіне жарасып-ақ тұрады. Зиялы адам қай жерде де біркелкі мінезімен ерекшеленеді ғой. Талай рет дастарқандас та болдық. Ол – өзінің ісіне, досына, отбасына адал азамат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған дағдарыс бүкіл жүйеге өз әсерін тигізді ғой. Телеарналар да жұмысшыларына жалақы төлей алмаған кезеңдер болған. Міне, осындай шақта өзінің кәсібіне адалдығын айқын аңғартты. Ол қай салада болсын өзін көрсете алатынына сенімдімін. Бірақ ол өзінің ақ адал көңілі қалаған журналистиканы таңдады. Қазақ телевизиясының отымен кіріп, күлімен шыққан азаматтың бірі Нұртілеу Иманғалиұлы десем артық айтқаным емес. Ол қарапайым журналистен бастап, өзінің табан еті, маңдай терімен басшылыққа дейін жетті. Билікке де қол жеткізді. Бірақ оның табиғаты осы телевизиямен байланысты. Сондықтан да шығар, көрерменін сағынып, көк жәшік арқылы халқымен қайта қауышты. Журналистиканың сұхбат, пікірталас жанрын жандырып жіберетінін мен ғана емес, миллиондаған көрермен де мойындайтын шығар. Осының бәрі оның өз мамандығының қас шебері екенін білдірсе керек.
Саналы ғұмырының жартысынан көбін қазақ телевизиясына арнаған талантты інім бүгінде 60 жасқа толып отыр. Меніңше, оның ұлт журналистикасына әлі де берері мол. Өйткені ол – қазыналы адам. Жастар өзіне осы Нұртілеу сияқты азаматтарды үлгі етсе деймін.
Жүрсін Ерман, ақын, Халықаралық «Алаш», М.Мақатаев атындағы сыйлықтардың иегері:
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу Нұртілеуге айтылғандай...»
– Абылай ханға «Мен сені алғаш көргенде Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле бидің түйесін баққан құл едің» деп Бұқар жырауша айтқанда... 1982 жылы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, қазақ телевизиясының жастар редакциясына бас редактор болып бардым. Нұртілеу сол редакцияда редактор болып жүр екен. Рафаэль Жұмабаев, Құсман Игісінов, Надежда Белканова, Фатима Бегембаева деген аға-апалары оны барып кел, шауып келге жұмсап жүреді екен. Өйткені өзі елгезек, жұмысына пысық бала болғандықтан да шығар, мүйізі қарағайдай ұстаздары жауапты жұмыстарға жұмсайтын. Мен бастық болып барғаннан кейін біраз бауырыма тарттым. Менің мінезіме келмейтін кейбір жұмыстарды атқарғанда толықтырып қасымда бірге жүрді. Өйткені мен тұйықтау болсам, оның адамдармен тез тіл табысып, кез келген шаруаға білек сыбанып кірісіп кететін қасиеті бар. Осылай бір-бірімізге ерекше жақын болып кеттік. Содан бері 30 жыл уақыт өтіпті. Кейін мен әдебиет редакциясына бас редакторлыққа ауысқанымда жастар редакциясының басшылығына ұсынып кеттім. Көптеген хабарды бірге жасадық. «Көкпар», «Алтыбақан», «Жүректен қозғайық» деген хабарлардың түпкі идея жағында мен тұрғаныммен, оның орындаушысы, хабарды көркемдеп шығарып көрерменге ұсынушы Нұртілеу болды. Менің табиғатым салмақты хабарларға жақын болса, ол, қазіргі тілмен айтқанда, «модаға» айналған ток-шоуларға, мінез көрсететін бағдарламаларға жақын болды. Жасаған хабарларына қарап, Нұртілеудің қандай азамат екенін аңғаруға болады. Мұны миллиондаған көрермен де жақсы біледі. Жалпы, тележүргізушілер қанша сыпайы, әдемі болуға тырысса да, қалың көпшіліктен, көрерменнен ештеңе жасыра алмайды. Нұртілеу – өзін осындай өткір хабарларымен көрсете білген азамат. Таныстығымыздың алғашқы жылдарында мен оған бастық болсам, кейіннен ол маған басшы болған кезеңдерді бірге өткердік. «Қазақстан» телерадиокорпорациясына басшылыққа келгенінде мені көмекке шақырып, орынбасары етті, кейін корпорацияға қарасты Қазақ радиосының директоры болдым. Бұл – біздің кәсібімізге қатысты достығымыздан туған ойлар.
Біз жай әріптес қана емес, сонымен қатар дос, бауыр болып кеткенбіз. Отбасымызбен, бала-шағамызбен араласамыз. Оның үш қызы да біздің үйімізде өсті десем болады. Отбасылық тойларда, кішігірім қуаныштарда бірге жүреміз. Менің шаңырағымда той болса, білек сыбана кірісіп, асаба да болып кетеді. Қазақта жігіттерге қатысты «сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі теңеу бар ғой... Осы теңеу дәл осы Нұртілеуге айтылғандай. Себебі ол табиғи қағілездігінің арқасында журналистикадағы биіктерді бағындырды. Спортқа да икемді. Бокспен тұрақты түрде айналысқан. Міне, жасы алпысты алқымдаса да әлі күнге дейін волейбол ойнайды. Бильярд ойынының қас шебері. Нұртілеудің әкесі Иманғали – Жетісуға аты мәлім ақын болған кісі. Тектілігі шығар, Нұртілеудің де өлең шығаратыны бар. Екеуміз өлеңмен хат жазысып тұрамыз. Домбыра шертіп, ән салғанының өзі – бір төбе. Журналистиканың өзі сан салалы ғой... Нұртілеу – соның телевизия саласына жаратылған жігіт. 35 жылдық еңбегін халық бағалайды деп ойлаймын. Іні дегенге келе қоймас, арамыз бір-ақ жас қой. Досым, әріптесім Нұртілеу Иманғалиұлы туралы осындай пікірдемін.
Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, публицист:
«Нұртілеу – азаматтық тұлғасымен өмірдің қат-қабат қиыншылықтарын жеңе білген азамат»
– Нұртілеуді оқуды бітіріп, алғаш телевизияға келген сәтінен бастап білемін. Ол сол кезде қазақ көрерменіне аса танымал болған «Көкпар» сияқты бағдарламаларды жасады. Кейінгі буын оны тележүргізуші ретінде ғана таниды. Нұртілеу жас кезінде репортаж жасаудағы ерекшелігімен де көзге түскен болатын. Болған оқиғаны дер кезінде талдап, көрерменге ұсынудан алдына жан салмайтын. Қоғамға керекті пікір айта алатын адамды тауып сөйлеттірудің өзі үлкен ізденісті қажет етеді ғой. Нұртілеу – осының бәрін жасап, телевизияның барлық саласында өзін-өзі көрсеткен азамат.
Нұртілеу 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында қиын бір кезеңдерді өткерді. Жұмыссыз қалған кездерінде жолдасы Саламат қайтыс болды. Сондай бір өмірдің қат-қабат қиыншылықтарында мойымай, азаматтық тұлғасымен, ерекше қабілетімен бәрін жеңіп шықты. Көпшілдігінің белгісі шығар, спортпен де тұрақты түрде айналысады. Командалық спорт түрлерінен волейбол, бекзадалық ойын түрі бильярдпен әуестенеді. Осындай қасиеттерін көпшілік жақсы білгенімен, Нұртілеудің ақындық қасиеті бар екенін екінің бірі біле бермейді. Өте айшықты, образды өлеңдері көп. Егер де тележурналистиканы емес, поэзияның соқпақтарына түскенде, қазақтың маңдайалды, ақиық ақындарының қатарынан табылатын еді деп сеніммен айта аламын. Бірақ оның бойында телевизияға тартатын табиғаты атойлап тұрады. Өлеңді өзімен-өзі сырласқанда, жаны жабырқағанда жазады. Керемет ақындық қабілеті бола тұра, ол өлеңдерін көпшілікке көрсете бермейді.
Ерекше қабілетінің арқасында Үкіметте, Елбасының баспасөз қызметінде қызметтер атқарды. Осы жұмыстардан кейін телевизияға қайта оралғанында оның шабысы екі еселене түсті. Екінші демі ашылып, үлкен қызметтерге дейін өсті. Телерадиокорпорациясының басшылығына келгенде оның бойындағы шығармашылық қуатты жақсы білетін мен көп нәрсеге үміттендім. Жаңаша сүрлеу салатынына сендім. Жасыратын несі бар, Нұртілеудің еркін қимылдауына мүмкіндік берілмеді. Телевизияда бір-екі жылда өзгеріс жасау – мүмкін емес шаруа. Нұртілеу бұл қызметте азғана уақыт отырды. Қазаққа керек дүние жасауына уақыт тапшы болды. Жалпы, көпе-көрінеу әңгімелер жаны таза, арлы азаматтың атына кір келтіреді. Осындай келеңсіздіктердің бәрін парасатымен, интеллектуалдық қасиетімен жеңіп шыққанының өзі – үлкен ерлік.
Нұртілеудің айтқан сөзінде тұратындығы, салмақты ой-пкірлері оны өзінің ортасынан ерекшелеп тұрады. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында оған мықты денсаулық, үлкен табыстар тілеймін. Оның ішкі әлеуетіне, проблемаларды көре білу өнеріне тәнтімін. Сондықтан оның тележурналистикадағы жұлдызды сәттері әлі алда деп есептеймін.
Махат Садық, Қазақ радиосының директоры:
«Ол – ең бақытты журналист»
– Нұртілеу ағамыз – ең бақытты журналист. Өзінің жастайынан армандаған жұмыстарының барлығын атқара білді. Әр адам үшін сүйікті ісімен халықтың қошеметіне бөлену – үлкен арман, үлкен жетістік. Бұған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Міне, осы жағынан алғанда, ол кісіні арманы орындалған, бақытты әрі жастарға үлгі болуға лайықты деп есептеймін.
Ол кісінің қазақ телевизиясына сіңірген еңбегі орасан. Телеарнадағы жұмысын қатардағы журналист болудан бастап, үлкен корпорация басшылығына дейінгі жолды өзінің таза еңбегімен жүріп өткен санаулы абыройлы азаматтардың бірі де бірегейі деп білемін. Адам 50 жасқа дейін өзіне алады да, 50-ден асқаннан кейін жемісін береді екен. Нұртілеу аға қазір жас жігіттер мен қыздарға өзінің көп жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін салып білгенін үйретіп жүр ғой. Ағамыздың берері әлі де көп деп есептеймін. Сондықтан 60 жасына құтты болсын айтып, Нұртілеу ағамызға мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін.