Бүгінде интернет дамыған сайын виртуалды алаяқтық кәдімгідей белең ала бастады. Алтынмен аптаймыз, күміспен қаптаймыз, бірден байытып ақшаға қарық қыламыз деп мүмкін емес ертегімен адамдардың санасын жаулап, айтқандарын істеткізетін алаяқтар ғаламторда да өріп жүр. Ал оларға сеніп, барлығына бірден қол жеткізем деген өтірік-шыны аралас уәделерге еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін алданып жатыр. Алдаудың тәсілдері де сан алуан болғанымен, түбі аңқау адамдардан көбірек ақша сындыру немесе еңбектерін тегін пайдаланып кету мақсатында жасалады.
Интернетпен әлеуметтiк желiлердегі сенгіш адамдарды алдау – бүгінде кең тарай бастаған ең оңай әрі олжалы көлденең табыс әкелетін алаяқтықтың бір түрі болып отыр. Осы орайда ғаламтордағы алаяқтардың торына тап болған өз таныстарымның жағдайын көпшілікке сабақ болсын деп баяндап беріп отырмын.
Талапжан МАХМЕТОВ, студент:
– Facebook желісі арқылы маған бір шетел азаматынан хат келді. Ол хатта ағылшын тілінде шамамен былай деп тұрды: Сіздің атаңыз Бостонда қайтыс болды. Ол өте бай болған, артынан көп дүние қалды. Оның Бостонда табысты аяқкиім шығаратын зауыты қалды. Атаңыздың кенет көз жұмып кеткеніне біз қатты қапаландық. Оның жалғыз туысқаны сіз екенсіз. Ол бар ақшасын, екі үйі мен зауытын, басқа да құнды заттарын сізге аманатқа қалдырды. Менің аманат беретін орталықта жұмыс істегеніме он бес жыл болды. Осындай жағдайлар жиі кездеседі. Бізден сізге қажеті: тек сіздің жеке куәлігіңіз және сіз осы тасымалдаулар мен жолға кететін ақшаны төлесеңіз болды деді. Мен не сенерімді не сенбесімді білмедім. Себебі менің атам біраз жыл бұрын, расында да, із-түссіз жоғалып кеткен. Ойланып жүрген кезімде жаңалықтардан дәл осындай алаяқтан алданған адам туралы ақпаратты естідім. Содан кейін, әрине, осындай мазмұндағы хаттарға жауап бермейтін болдым.
Татьяна ДЕМЕНТЬЕВА, жалғызбасты ана, кәсіпкер:
– Мені құрбыларым танысу сайтында тіркеп қойған. Біраз уақыттан кейін бір еркек жазады. Жай қызық болсын деп, әңгімелесуді бастадық. Біртіндеп ол мен саған ғашық болдым дей бастады. Мен екі қызыммен жалғыз тұрамын. Басында қиналғанмын бірақ қазір бизнеспен айналысып, аяққа нық тұрдым деп мен оған тағдырымның қандай болғанын біртіндеп айта бастадым. Біраз уақыттан кейін ол менің тұратын мекенжайымды сұрады. Айтуы бойынша ол маған сыйлықтар алып қойыпты, енді соларды жіберемін дейді. Мен, әрине, мекенжайымды бірден бере қойған жоқпын, біраз созып жүрдім. Бірақ ол қояр емес, қайта-қайта сұрайды. Менің нем кетеді деп оған мекенжайымды бердім. Содан кейін ол маған осы мекенжай бойынша гауһар тасты сақина, екі ноутбук, Шанель фирмалық сумкасы мен үш өте қымбат атақты фирманың әтірсулары, отбасылық сурет, гүлдер мен он мың доллар жібердім деді. Барлығы төленгенін растайтын хаттаманы да жіберді. Онымен қоса онда бір тасымалдаулармен айналысатын сайттың адресі тұрды. Сол жерден кіріп, оның жіберген сыйлықтары қайда екенін көре аласың деді. Мен, әрине, бұған қуанып, сыйлықтарды күте бастадым. Айтуы бойынша екі-үш күннен кейін келуі керек еді. Бір аптадай күттім. Қарасам ол мекенжайын берген сайттан хат келіп тұр. Айтулары бойынша маған жіберілген хаттама Малайзиядан жіберілмей тұр. Себебі онда ақшалай сома бар. Енді олар хаттаманы маған жіберіп, тексеруден өткізу үшін мен 1200 доллар төлеуім керек дейді.
Менің компьютерлерді жақсы білетін туысқаным жаңағы сайтқа кіріп, қарастыра отырып, ол үй ішінде жасалғанын, ондай мекеме жоқ екенін анықтады. Мен осыны анықтадым деп жаңағы алаяққа жазсам, ол сен қалай маған сенбейсің дейді. Ондайлар әдейі күйеулерімен ажырасқан, балаларымен қалған жалғызбасты аналардың басын айналдырады екен. Олардың сенгіш келетінін біледі. Ал жақында тағы танысу сайтына кірсем, жаңағы алаяқ атын, жасын, тұратын жерін ауыстырып басқа әйелдердің басын айналдырып жүр. Осыдан кейін еркектерге қалай сенемін?
Адамдарды алдау тек интернетте емес, өмірде де кең тарап жүр.
Майра ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, үй шаруасындағы келіншек:
– Мен базарға кетіп бара жатқанда сүйкімді жас қыз мені тоқтатып, лотереяға қатысыңыз деді. Қай жерде істейсіз, шетелде болып па едіңіз, күйеуіңіз бар ма деп сұрақтар қойды. Біз сізге тегін билет береміз, ал сіздің ұтуға керемет мүмкіндіктеріңіз бар деп менің телефон нөмірімді жазып алды. Егер мен ұтсам онда олар айтқан мекенжай бойынша келіп, ұтысыңды алып кете аласың деді. Бір-екі күннен кейін маған бір компаниядан келіп, ұтысыңызды алып кетіңіз деді. Жұбайым екеуіміз барсақ, алдында адам толып тұр. Сыртындағы күзетшілер жұптарды бір-бірден кіргізіп жатыр. Кірген кезде жеке куәлік пен купонымыздағы атымызды тексерді. Одан кейін бір залға келіп отырғызды. Сыйлықтарды тек дәріс соңында, үш сағаттан кейін ала аласыз деді. Жанымызға бір сол компанияда істейтін адамды қосып қойды. Ол сабақтардың басынан бастап, соңына дейін қасымыздан шықпай, аузы жабылмай түсіндіріп отырды. Көбіне діни әңгімелер айтылды. Сыйлық дегендері шетелге демалуға жолдама екен. Бірақ ақшасын алдын-ала төлеу керек екен. Төлей алмасаңыз компания сізге өзі ақша төлеп, кепілдік береді екен. Кейін анық болғандай – бұл да бір алаяқтық екен. Олар өз істерін негізінен интернет арқылы жүргізеді екен. Қысқасы, бұл зымияндықтың соңында адамдар қалталарынан қағылып қала береді екен...
Данышпан Абай «ойын арзан, күлкі қымбат» дегенді тектен-текке айтпаса керек. Жеңіл-желпі жылтырақ дүниеге кім құмар болмайды? Дегенмен «арзан сорпаның дәмі татымайды» дегенді есте сақтаңыз. Артығымен төлеп алданатыныңызбен қоса, жүйкеңізді біраз жұқартасыз. Осындай жағдайда қалғыңыз келмесе, тек сенімді серіктермен жұмыс істегеніңіз абзал.
Тағы бір айта кететін жайт, өзіңіз туралы жеке мәліметтерді тек сенімді адамдарға ғана айту керек. Және уәделерді бітіріп алғаннан кейін ақша сұрай бастайтын адамдардан аулақ болыңыз.
Алаяқтар ғаламторда да тор құрып жүр
Последние статьи автора