Бүгін Республикалық кітап мұражайында Ғабит Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толуына байланысты «Сөз зергері» атты көрме өтеді.
Қазақ әдебиетіндегі әңгіме, очерк, публицистика, повесть, роман, драма жанрларының қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосқан, сондай-ақ әдеби сын мен әдебиеттану саласында да үлкен еңбек сіңірген әдебиетші ғалым әрі ірі аудармашы Ғабит Мүсірепов – майталман сөз зергерлерінің бірі. Қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі зор. Заңғар жазушының 110 жылдық мерейтойына арналған көрмеге 1955 және 1992 жылдары шыққан таңдамалысының үш томдығы, 1935 жылы басылған – «Қыз Жібек», 1945 жылы басылған ең алғашқы кітабы – «Қазақ батыры», 1948-1950 жылдары жарық көрген – «Ана туралы аңыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Мәскеуде орыс тілінде басылған «Амангелді», «Оянған өлке», «Ұлпан» атты роман-повестері қойылған.
Социалистік Еңбек Ері, академик жазушының шығармалары әлем тілдеріне көп аударылғаны белгілі. Солардың ішінен мұражайдағы көрмеден венгр, чех, словак, латын, орыс тілдерінде сөйлеген «Солдат из Казахстана», «Ұлпан» романдарын көруге болады. Осы шығармалардың ішінен жазушының «Қазақстан Республикалық кітап музейіне сыйға тартамын» деп өзі жазып, қолтаңбасын қалдырған, автордың тұңғыш рет 1945 жылы араб әрпімен басылып шыққан «Қазақ батыры» атты кітабының маңызы ерекше. Сондай-ақ көрмеге жазушының өзі пайдаланған қаламы мен көзәйнегі де қойылған. Көрме сөресінен атақты суреткердің шығармашылығын зерттеген Ә.Тәжібаев, Ш.Елеукенов, М.Қаратаев, Ә.Нарымбеков, Н.Ғабдулин, Ж.Молдағалиев тәрізді ғалым-жазушылардың еңбектерімен де танысуға болады. Көрмеге Алматы қаласының зиялы қауымы, академик жазушының қыздары Гүлнар, Гауһар Мүсіреповалар, Ғ.Мүсіреповтің жұбайы Раиса Мұхамедиярова, әдебиетші ғалым Темірхан Тебегенов, жазушы Нұрдәулет Ақыш, ақын Әділғазы Қайырбеков тағы басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп оқушылары өнерлерін көрсетеді.
Ғ.Мүсірепов көрмесі жазушының сирек құжаттарымен, фотосуреттерімен, мерзімді басылымдардағы мақалаларымен, замандастарының ол туралы айтқан сөздерімен көркемделген.
Академик жазушының мерейтойлық көрмесі
Последние статьи автора