Криминология тарихында қылмыскер боп туады дегендер де, жоқ тууы мүмкін емес, тек қоғамда қалыптасады деген де көзқарастар баршылық. Айталық, «қылмыстық ген», «артық хромосома» теориялары қылмыскер болып туады дегенге саяды. Бұлардың ішіндегі құлашты кеңге сермегені антропологиялық мектептің өкілі – Ч.Ломброзо болатын. Оның еңбектерінің табы қазақ даласына да жеткен болатын. Бұл ұстаныммен Абай атамыз да таныс еді.
Хакім Абайдың өз заманындағы ғылыми әдебиеттермен кең ауқымда таныс болғанын білеміз. Ол туралы М.Мырзахметұлы, Қ.Мұхамедханов, Т.Жұртбай, т.б. белгілі абайтанушылар жазып жүр. Тіпті, Қ.Салғараұлының Абай кітапханасы туралы «Таным баспалдақтары» атты зерттеу еңбегі де бар. Хакімнің мол кітапханасының білгірі қадірлі Мұхаң (М.Әуезов) «Абай жолы» роман-эпопеясының 3-кітабының «Өкініште» бөлімінде оның Ломброзо еңбегімен таныс болғанын былай суреттейді:
«Абай бұған орай қырдағы тірлік пен еңбекке басқаша мән бере сөйледі… Бір кезек бұлақ қырдағы қылмыс жөнінде сөз етісті…»,–дей келе, баукеспе Мыңжасар туралы әңгіме болып, оның ісі туралы айтылған билік жөнінде сипаттайды. Әрі қарай «Мыңжасар кеткеннен кейін Абай үйіне Әбіш қайта кірді. Бұл кезде Абайдың қасында өзге жас достардың да бәрі жиын екен. Қымыз ішіп қыза түсіп, әзілдесіп отырған топ. Осы кезде Әбіштің есіне Ломброзо түскен еді. Абай Әбіштен сол туралы сұрады.
– Ломброзо кім, ол не дейді?
Әбіш осыдан соң Ломброзоның орынсыз бір оқшау ойларын таратып айтып берді» (Әуезов М. «Абай жолы».Үшінші кітап. А., Жеті жарғы, 1997. 139-140-беттер). Бір кездері Ломброзо Ресейге келіп, Л.Толстоймен сұқбат құрып кеткен болатын, біраз жыл өткен соң Толстой мен Шәкәрім қажының арасында хат арқылы сыр алысу болғанын тағы білеміз.
Иә, Ломброзо кім еді?
Түрме дәрігері, Турин Университетінің профессоры Чезаре (Цезарь) Ломброзо (1835-1909ж.ж.).
Ол алғашқы күндерінен бастап «қылмыскер қылмыскер боп туады» деп жар салды. «Желтоқсанның бір түнерген күнінде мен каторжниктің бас сүйегінен төменгі сатыдағы омыртқаларында болатын белгілерге ұқсайтын атавистік ауытқушылықтардың сериясын аңғардым. Осыншалықты айқын ауытқушылықтарға көз сала отырып маған бір сәуле қара түнекті көкжиекке шейін жарыққа бөлегендей болды – қылмыскерлердің мәні мен пайда болуы проблемасы мен үшін шешілгенін ұғындым»,– деп бастайды ол өзінің «Қылмыстық адам туралы» деп аталатын көптомдық еңбегінде (1871-1876ж.ж.).
Ломброзо өз идеясына берілген, сондай-ақ өте еңбекқор адам болып шықты. Отыз жылдан аса жүргізген зерттеуінде ол он бір мыңнан аса қылмыскерді зерттеді. Тіпті, өліп қалса да атағы шыққан мыңдаған кәнігі қылмыскерлердің қабірін қазып алып сүйектерін өлшеді. Жаңадан қайтыс болған қылмыскерлердің сүйектерін өлшеп қана қоймай, ішкі органдарының салмағын өлшеп, олардың түсін де жазып алды. Алғашқылардың бірі болып қылмыскерлердің денесіндегі салынған суреттерге назар аударды. Францияда Париж Коммунасы болғанда коммунарлардың (көтерілісшілердің) қылмыстық әрекетімен байланысты антрпологиялық белгілерін анықтау үшін Париж сапарына аттанды. Осы үшін әдейі ұсталған елу коммунарды бөліп алды. Оның өз ұстанымына беріктігін мына бір әзіл әңгімеден де аңғаруға болады. Бірде анатомия пәнінен болып жатқан емтиханда ол студентке қаңқаның қол сүйегін беріп жатып мынандай тапсырмалар беріпті: тірі кезінде мына адамның жынысы қандай болған? Қандай еңбек түрімен айналысқан? Қандай адамгершілік қасиеттері болған? Қанша жасында қайтыс болған? Сонсоң, – дей бергенде, сөздіемтихан комиссиясының төрағасы Бруно бөліп жіберіпті де: «Ол кісінің атын сұрауды да ұмытпаңыз»,– деген екен.
Ломброзо қылмыскерлерге «Сендер арғы жануар-аталарыңның қасиетін алып туғандарыңа кінәлі емессіңдер» деп басу айтты, бірақ «Бізді де кінәламаңдар, өйткені сендердің тұла бойларыңда баяғы жануар аталарың үнемі жаңғырып тұрады, осы кездерде тәртіптен ауытқып, қылмыс жасап бізге зақым келтірулерің мүмкін. Сондықтан, өзіміздің қауіпсіздігімізді қорғау үшін біз сендерді бостандықтарыңнан айыруға мәжбүрміз»,– деген болатын.
Ол қылмыскерлердің негізгі үш типін қалыптастырды:
1) кісі өлтіргіштер – қанталаған салқынкөзді, төмен тартқан қошқар мұрынды болып келеді;
2) ұрылар – жүгіріп тұрған сұғанақ, әрі қысық көзді, қолы да сұғанақ, сирек сақалды, қисық мұрын;
3) зорлықшылар – жарқылкөзді, атжақты, ерні дүрдиген нәзік денелі боп келеді.
Ломброзоның идеяларын М.Әуезов Әбіштің ойымен былай көрсетеді: «Ол: «Қылмысты адам тумысынан сол жаманшылыққа бейім боп туады» дейді екен. Дүниежүзіндегі бар елдің бұзақы қаныпезерлерінің бас бітіміне, дене жаралысына сол бұзықтығы айқын көрініп тұрады-мыс. Қысқасы, ол адамдар туғанда жауыз, бұзық болатын болашағы бірге туады-мыс. Тәрбиесі, өскен ортасы, бастан кешірген ауыр-жеңіл тіршілік жағдайлары есеп емес… Сөйтіп бұзық боп тумақ, бұзық боп өмір кешпек. Айнымай, өзгермей жауыз боп өте бермек», дейді.
Баласы Ломброзо оқуын баян еткенде, Абай анық теріс көріп, үнсіз ғана басын шайқады. Әбіш оның ойын сұрады.
Біразда Абай жауап қатты:
–Менің білуімше, сол Ломброзо теріс айтады. Және тек қана пікірі айтып отырған жоқ. Ғалым басымен қиянат пікір айтып отыр. Өзгені қояйын, тек бағана өзім жаза кескен Мыңжасарды да мен мына Ломброзоның жаласынан ақтаймын!–деді…
– Мыңжасарға жаманшылық істетіп жүрген оның тумысы емес. Түп себебін айтсам – жоқшылық (Әуезов М. Абай жолы… 140-141-беттер).
Әрине, роман – көркем әдеби туынды. Дегенмен, М.Әуезов те бекерден-бекер Абайдың аузына мұндай сөзді салып отырғанжоқ. Хакім өзінің отыз жетінші қарасөзінде былай дейді:
«9.Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.
10. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім». Соңғы сынақ Ломброзоға арналып айтылғандай.
Әлбетте, Ч.Ломброзоның тұжырымдары әлемдегі жұрттың бәріне бірдей ұнаған жоқ. Әлемнің әр түкпірінен оған қарама-қарсы зерттеулер де жүргізіліп жатты. Тіпті, кейбір оның замандастары «профессордың сөзіне сенсек қылмыстылықпен күресу тіпті де оңай, өйткені адамды өлшеп, салмақтап.. дарға асса болғаны (измерить, взвесить и повесить)»,–деп келекеледі.
Ағылшын ғалымы Ч.Горингтің басқаруымен үш мың қылмыскер мен қарапайым адамдар (соның ішінде студенттер де бар) зерттеліп, олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ екендігін анықтады. Не болмаса, ағылшын дәрігері Н.Ист те осындай тұжырымға келді (400 адам). Не болмаса өзге ғалымдар әр жерде антропологтың айтқан сөзінің ақиқат-жалғандығына өздері көз жеткізіп жатты.
Бірақ бұл да Ломброзоның пікірлестерінің легін толастата алған жоқ болатын. Дегенмен, оның тікелей шәкірттері ЭнрикоФэрри (1856-1934) мен Рафаэль Гарофалло (1852-1934) (ең алғаш «Криминология» атты еңбек жазушы) ұстаздарынан гөрі әлеуметтік факторлардың адамды қылмыскер ететіндігіне сенімдіболды.
Сөйтіп, отыз жылдан аса зерттеу жүргізе келе кейіпкеріміз өз көзқарасын аздап өзгертті. Өмірінің соңғы жағына қарай жарыққа шығарған кітабында ол бұрынғыдай «қылмыскер боп тек қана туады» деп жар салмай, қылмыскер болуға көптеген факторлар әсер етеді деп илікті. Ол он бес фактордың тізімін көрсетті, бірақ соның біреуі «тумысынан болатын қылмыскер» деп әуелгі идеясынан мүлде бас тартқанжоқ.
Әлбетте, Ломброзоға сүйеніп адамның ішіне емес, түсіне қарап соттауға, өлтіруге, піштіруге (ол осыны зорлықшыларға ұсынған болатын) болмас. Бірақ оның ғылымдағы еңбегін де ысырып тастауға болмайды. Сонда сырт көзге қарағанда осыншалықты бетіне лаққан идеяның қаншалықты ғылымға сіңірген үлесі бар?
Біріншіден, теріс нәтиже – ол да нәтиже. Және оны Ломброзо ешкім қайтып оралмайтындай етіп жеткіліктіден де жеткілікті дәрежеде (11 000 адам) зерттеп дәлелдеді.
Екіншіден, Ч.Ломброзоның идеясы мен жасаған еңбегі қылмыстылықтың себептері мен оның алдын алудағы ең алғашқы және ешкімге жалтақтамаған батыл қадам болды. Көптеген криминологияның пайда болуына үлес қосқан зерттеу жүмыстарына Ломброзоның сөзі мен еңбекқорлығы түрткі мен қамшы болғаны анық. Ломброзо олай демесе де криминология пайда болар еді, бірақ оның еңбегі жай ғана емес, қомақты еңбегі осы процесті бірнеше жылға жеделдеткені хақ.
Оның айтқанын «теріс нәтиже» деп жауып қойған мен әлі де болса антропология криминология терминінің аясында пайда болғанын (антрополог Топинар 1879 жылы енгізді) ескертпей кетіп жүрген жоқ, авторлар биологияға (соның ішінде, антропологияға) соқпай кетіп жүрген жоқ. Мысалға, американ ғалымы Э.Хутон 1939 жылы «қылмыскерлер даму дәрежесіне қарай төменірек тұрады» деп мәлімдеді өз еңбегінде. Не болмаса, тіпті, «неоломброзианство» деген ағымның бар болуының өзі де көп нәрсені аңғартқандай.
Тіпті, Ломброзо ұсынған жаза түрлерін ұсынушыларды қазіргі Қазақ елінің өмірінен де кездестуріге болады. Сенатор Ғ.Қасымов 2011 жылы педофильдергеқарсы «піштіру» (кастрация) жазасын ұсынды.
Алмас Жұмағали,
Заң ғылымдарының кандидаты
Абай мен Ломброзо неге келісе алмады?
Последние статьи автора