Студенттік симфониялық оркестр Вена балына шақырады
Қазақ кәсіби музыкасының тарланбозы, талантты дирижер, тәжірибелі ұстаз, ҚР Халық әртісі Төлепберген Әбдірашев Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдинов сынды дарынды музыканттарды тәрбиелеп шығарған еді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ол қалыптастырған мектептің іргесі берік. Ақпанның 26-сы күні Әбдірашевтен тәлім алған Студенттік симфониялық оркестр үш жыл бұрын арамыздан өткен тұлғаның құрметіне арнап концерт бермекші.
Халық әртісінің шәкірті, талантты жас Қанат Омаров жетекшілік ететін оркестр бұл кеште өнерсүйер қауымға Гайдн, Моцарт, Хачатурян, Равель сияқты ұлы композиторлардың шығармаларын ұсынады. Солист, халықаралық байқаулардың жүлдегері Мұрат Нарбеков Гайднның ремажор виолончеліне арналған концертін орындайды. Жас музыканттың Австрияның әйгілі сазгерінің лирикалық элегиясын қуаныш пен махаббат музыкасы ретінде нақышына келтіре білетіні кәсіби өнер табынушыларына бұрыннан белгілі. Симфониялық оркестр бұдан бөлек «Дон Жуан» операсына арналған Моцарттың увертюрасын, Хачатурянның «Спартак» балетінің адажиосын, басқа да сазгерлердің сентименталды вальстерін орындап, тыңдарманға Вена балына қатысқандай әсер сыйлайтын болады. Консерваторияның Үлкен залында өтетін кеш сағат 19.00-де басталады.