Марс Кучкаров: «Әділбекке жолын аштыру керек…»

Марс Кучкаров: «Әділбекке жолын аштыру керек…»

Жасыратын несі бар, қазақ-өзбек боксшыларының арасында ежелден келе жатқан бәсекелестік бар. Әрбір дулы жарыстардан кейін екі ел боксшыларының нәтижесін саралай бастайтынымыз содан. «Қазақ боксының өз даму жолы, өзбектердің өз жолы бар» десек те «сары құрлықтағы» біздің негізгі қарсыластарымыз осы ала тақиялы ағайындар. Олимпиада, әлем чемпионатында «Орта Азия дербиі» әманда тартысты өтеді. Алматыда өткен соңғы әлем чемпионатында да солай болды.
Алатаудың баурайындағы әлемдік бәсекеге өзбек боксшыларын Марс КУЧКАРОВ бастап келді. Олимпиада чемпионы Мұхаммадқадыр Абдуллаевты тәрбиелеген майталман маман ұлттық құраманың тізгінін ұстағанда қуанғандар көп болған. Өзбек боксының бағына біткен бапкерді «Астана» қонақүйінде жолықтырдық. Еліне қайтуға қамданып жатқан сәті екен. Сұхбат беруге қолқа салып көріп едік, ризашылықпен келісті.

– Марс Ғалиұлы, ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалғаныңызға сегіз ай болды. Алғашқы сыннан сүрінбей өткен сияқтысыз. Өзбек өрендерінің қоржынында бір күміс, бір қола. Пікіріңізді білсек..
– Аллаға шүкір, қоржында жүлде бар. Жалпы, сайыс барысында жігіттеріміздің деңгейін байқап көрдік. Өкінішке қарай, төрешілердің қырын қараған кездері көп болды. 49 келідегі Хасанбой Дусматов алтынға лайықтылардың бірі еді. Жасурбек Латиповтың финалдағы бәсекесін өздеріңіз байқадыңыздар. Нағыз чемпиондарша жұдырықтасты. Бұл жекпе-жекте Миша Алоянның шеберлігі емес, атақ-даңқы жеңіп шықты. Дегенмен, біздің команда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оған көрермендердің өздері куә. Әттеген-айы, Дусматовтың бағы жанбады. Әйтпесе, қарсыласын үш раунд бойы тықсыра білді.
Негізінен, біз жастарға үміт арттық. Универсиада, Азия чемпионатында да шәкірттерім сенімді ақтады. Әлем чемпионатының нәтижесіне де көңілім шат. Қай жарысқа барсақ та жүлдесіз қайтпайтынымызды дәлелдеп келеміз. Бұдан кейін де солай бола бермек. Кемшілік-кілтипандар зерттеледі. Үйге жеткен күннің ертесіне-ақ жаттығуға кірісеміз.
– Екі дүркін әлем чемпионы Аббос Атоев, әлем чемпионатының жүлдегері Елшад Расуловты құрамаға неге қоспадыңыз?
– Жастарға мүмкіндік бергенімізді айттым. Біздің мақсат – Олимпиадаға дайындалу. Елшадты жарыстарда байқап көрдік, ол әлем чемпионатына дайын болмай шықты. Оның орнын жастар сапынан Азия чемпионы Айбек Мамазулунов басты. Ал, Атоев 91 келіге ауысты. Егер бұрынғы салмағында болғанда осында келетін еді. Ол да әлі бабына келіп үлгерген жоқ. Дегенмен, олар командадан кеткен жоқ. Тәжірибелі спортшылар. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына көмектесіп жүр.
– Қазақстан құрамасының жетістігі жайында не айтасыз?
– Біріншіден, қазақ боксының өз жеңісті дәстүрі бар. Соңғы кездері спортқа көп көңіл бөліп жатырсыздар. Президенттің өзі спорттың нағыз жанашыры. Одан кейін Тимур Құлыбаев боксшыларға бар жағдайды жасап берді. Материалдық ғана емес, моральдық тұрғыдан да. Көп нәрсе осы қолдауға байланысты. Спорттық ғұмыры аяқталса да боксшыларыңызды капиталдық игіліктер күтіп тұр. Одан кейін сіздерде бапкерлердің жұмысы жақсы жолға қойылған. Ең бастысы, дарынды боксшыларыңыз көп. Міне, әлем чемпионатында қазақстандықтардың бәрі тамаша жұдырықтасты. Жеребе де оң жамбастарыңызға түсті. Бәрібір, үйде «қабырғаның» көмектесетіні анық қой. Бастысы, спортшыларыңыз чемпионатқа тыңғылықты дайындалған. Қазақ боксы дәл қазір өте жоғары деңгейде деп есептеймін.
Әлем біріншілігінің ұйымдастырылу жағы да көңілдегідей. Бәсеке барысында ешқандай кедергіге кезікпедік. Бауырлас жұрт әлемдік доданы жоғары деңгейде өткізе алғанына қуаныштымын. Біз қазақ бапкерлермен, боксшылармен әрдайым достық ниеттеміз. Жарыстарда бір-бірімізге дем беріп, қолдап жүреміз.
– Жалпы, осы чемпионатта өзара кездескен қос ел боксшыларының деңгейін сараптап беріңізші…
– Шәкірттерім шаршы алаң иелеріне қарсы қалай жұдырықтасу керектігін жақсы білді. Рас, кейбіреулері қызбалыққа салынып кетті. Мәселен, Айбек Мамазулунов бәсеке тағдырын тезірек шешкісі келіп, айтқанымызға құлақ аспай опық жеді. Ниязымбетов өте шебер спортшы. Екі әлем чемпионатынан күміс алу үлкен жетістік. Әрі адамгершілігі бір төбе, көпшілікке ұнайтын жігіт өзі. Олимпиада ойындарында финалдағы бәсекекесін тамашаладым. Сол жолы жеңісті Әділбекке берсе де жарасар еді. Өз шаршы алаңында кубалыққа тағы да есе жіберді ғой. Бәлкім, оған жолын аштыру керек шығар (күліп).
Жәнібек Әлімханұлының болашағы зор. Ерекше дарын иесі. Әсіресе, финалдағы бәсекесі есімде қалыпты.
– Өз шәкірттеріңізден қайсысының өнері көбірек ұнады?
– Бірден айтайын, ол Хасанбой Дусматов. Латиповке де өкпем жоқ. Одан кейін ауыр салмақтағы Мирзахиджоннан көп үміт күтемін. Бар болғаны жиырма жаста. Хорватпен болған бәсекесінде өте аз соққы жіберді.
– Біршама үзілістен кейін өзбек құрамасына қайта келдіңіз. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Міне, сегіз айға жуықтапты.Бірден жаттығу әдісін өзгертіп, жүйені ауыстырдық. Бірқатар салмақтарға жастарды тарттым. Универсиадада бес боксшы финалға шығып, бір алтын, төрт күміс және үш қола иеленіппіз. Тек біреуі ғана жүлдесіз қалды. Азия чемпионатында бір алтын, бір күміс, бір қола еншіледік. Одан кейінгі нәтижеміз міне, осы. Бастысы, командада ауызбіршілік бар. Қалай болғанда да өз биігімізден түспеуге күш саламыз.
– Соңғы екі-үш Олимпиададан өзбек боксшылары алтынсыз оралды. Мұның себебі неде?
– Білесіз бе, ол кездері басқа ұжым жұмыс істеді. Бір анығы, бапкерлер құрамы Лондон Олимпиадасында Аббос Атоевты алтын алуға жетектей алмады. Әйтпегенде, Атоев алтынның ауылына жақын тұрған. Үшінші раундта ол өз тізгінін босаңсытып алды. Яғни, бапкерлер оны техникалық, физикалық тұрғыда дайындай алмады. Әйтпесе алтын алатын өрендеріміз болды.
Біздің өз мектебіміз бар. Мәнеріміз де бөлек. Қазақтар негізінен техникаға көңіл бөлсе, біз физикалық дайындыққа мән береміз. Өйткені, қазір бокс кәсіпқойға жақындап келеді.
– Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Мырзаны боксшы ретінде де жақсы білемін. Бір кездері менің шәкірттеріммен қатар жұдырықтасты. Бір шәкіртімді жарыста жеңіп кеткені бар. Мықты спортшы, майталман маман. Қазір ол ең жас бас бапкер болса да біліктілігін мойындатты.
– Соңғы сауал, қазір қай елдің боксы қарқынды дамып жатыр?
– Ирландияның қадамы қуантып отыр. Үнділер мен жапондардың да қарқыны керемет. Құрлық біріншіліктері, әлем чемпионатының қорытындысына қарап, қай елдің көші ілгері екенін айту қиын. Келесі Олимпиада ойындарынан кейін бұл сұрақтың жауабы мәлім болып қалар..
– Cұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Т. ҚАСЫМ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста