СПИД-ке шалдыққандар көбейіп барады
Елімізде СПИД жұқтырғандар қатары 2072 адамға жетті. Мамандардың айтуынша, қатерлі індетті жұқтыратындардың дені өмір сүруге қолайсыз жерлерде тұрып жатқан немесе жеке бастың тазалығына жете мән бермейтін азаматтар екен. Қорғаныш тапшылығы ауруларының зиянын, одан қорғану жолдарын халыққа насихаттау мақсатымен жақында «Өмірдің байлығы» деп аталатын жоба іске асырылады.
Бұл жобаны Еуропалық одақ қаржыландырады. Шара барысында Алматы, Қарағанды мен Теміртаудағы балалар үйлері, колониялар, басқа да әлеуметтік мекемелерде ВИЧ-СПИД ауруларынан сақтануға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жобаны қолға алған халықаралық әлеуметтік жобалар қауымдастығы мамандарының айтуынша, екі күнге созылған шара негізінен, 2008 жылдан бастап қолға алынған болатын. Биыл бұл істі жүзеге асыру үшін Еуропалық одақ 98 мың еуро көлемінде қаржы бөлді. Оның мақсаты – қатерлі дертке тап болғандар санын азайту, жастарды ерте бастан бұл індеттен аулақ жүруге үндеу. «Бұл жобаның ең басты артықшылығы – жұқпалы инфекциялардан сақтанудың жолдарын үйрететін ұстаздар мен тәрбиешілерге оны оқытудың жаңа жолдары үйретіледі. Адам ең алдымен өз денсаулығына өзі мән беруі керек, сонда ғана біз қасымыздағы адамдарға ақыл-кеңес бере аламыз», – дейді қауымдастық директоры Сильвия Гальбьяти. СПИД дерті көп дендеген аймақтардың бірі – Алматы. Өткен жылдың өзінде ғана қалада қорғаныш тапшылығы инфекциясын 349 адам жаңадан жұқтырған.