Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар» деген. Бүгін – барша мұсылман асыға күткен қасиетті Құрбан айт. Осы мейрам қалай басталып, қандай рәсімдермен жалғасын тауып, қалай түйінделуге тиіс екенін нақты білмейтіндер де бар. Солар үшін біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторы, белгілі теолог Ершат Оңғаровпен кеңесе отырып, күннің кестесін тізуді ұйғардық.
Құрбан айт неден басталады?
Құрбан айт дегенде мұсылман баласының жыл бойы күтетін рәсімі, ол – Құрбан айт намазы. Айт намазы екі рәкат, әдетте Күн көкжиектен найза бойындай көтерілгенде жамағатпен оқылады. Алматы уақыты бойынша бұл биыл таңғы сағат 8.30-ға дәл келеді екен. Сондықтан барша мұсылман бұл мейрамды таң рауандап атқаннан мешітке барып, намаз оқудан бастайды. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «бүгінде бірінші істелетін амалымыз – намаз оқу, содан кейін үйге келіп, құрбандық шалу», – дейді. Ал жалпы Құрбан айттың мерзімі айттың алғашқы күнгі Күн шыққан кездегі айт намазынан бастап, айттың үшінші күні Күн батқанға дейін жалғасады. Құрбандық шалу рәсімі де осы аралықта өтеді. Қанша құрбандық шаламын десе де, шектеу жоқ, ал құрбандықтың ең кіші мөлшері – бір жасар қой. Тек жылқы шалуға болмайды, себебі мұсылмандар үшін ол қастерлі.
Құрбан шаларда не айту керек?
Құранның Хаж сүресінде: «Олардың құрбан малдарының еттері де, қаны да Алла тағалаға жетпейді, бірақ оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді», – дейді. Сондықтан құрбан шалу кезінде ең алдымен ниет маңызды. Құран сүрелерін, мысалы, Әнғам сүресінің 162-163 аяттарын оқыса, тіпті жақсы. Онда Алла тағала: «Ей, Мұхаммед, былай де: «Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де әлемдердің раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық – осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін», – деген. Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе, «иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» деп дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа Иллаллаһ» деп малды бауыздау керек. Ал сойылған малдың бір бөлігін мұқтаждарға таратып, екінші бөлігін өз отбасына қалдырса, қалған үшінші бөлігін туыстарына арнап ас жасап, шақырса болады.
Тазалықтың сауабы құрбан шалғанмен тең
Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың (р.а.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?» – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең», – деді.
Ренжіскендер табысып, ауырғанның көңілін сұрау абзал
Намаз оқылып, құрбан шалумен қатар, айттың адамдарға сыйлайтын тағы бір қуанышы – көрісу, жүздесу, аман-саулық сұрасу. Сол себепті айт күндері мұсылмандардың көптен көрмеген ата-ана, туыс-бауыр, достарына, «айт құтты болсын» айтуымен жалғасқаны абзал. Мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, жылы жүзді, кешірімді болып, ренжіскендердің табысқаны жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Қайтыс болғандарға Құран бағыштап, тіпті кезінде құрбан шала алмаған болар деп, қайтыс болған ағайын-туыс, ата-бабалардың атынан да құрбан шалуға рұқсат етіледі. Бірақ ол әуелі өз атынан құрбан шалғаннан кейін ғана шалынуы тиіс. Сондай-ақ бұл күндері мұсылмандардың әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарға кішігірім болса да сый-сыяпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуіне де болады. Бұл қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдылықтарын барынша арттырады.
Түйін: Мінекей, бауырлар, айттың алғышарттары осындай. Ендеше Алла разылығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болып, үш күніңіз сауапқа толы өтсін!