Әр отбасының мәселесі – мемлекеттің мәселесі
Біздің елде «басы екеу болса да, малы төртеу болмай» жүрген отбасылар аз емес. Мұның түрлі себептері бар, әртүрлі факторлардың әсерінен де кейбір отбасылар бірден аяқтан тұрып кете алмайды. Егер «Отан отбасынан басталады» десек, әр отбасының әлеуметтік жағынан жақсы қамтылмауы елге сын. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін қаржылай көмек беруді қолға алып, әр өңірде «Өрлеу» жобасын іске асыруды тапсырған еді.
Шындығында елімізде тіршілікте таршылық көріп, заманның ағымына ілесе алмай, көш соңында келе жатқан отбасылар жоқ деп айта алмаймыз. Ал мұндай отбасылар қолдауға өте зәру. Сондықтан мемлекет мұндай отбасыларды ешқашан назардан тыс қалдырған емес.
Өрлеу жобасы – отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында келісімшарт жасасу арқылы мемлекеттік шартты ақшалай көмек көрсету бағдарламасы. Бағдарламаның шарттарын орындауға міндеттенген отбасыға әлеуметтік көмек көрсетудің белсенді нысандары көзделген қанатқақты жоба.
Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау әр өңірдің жұмыспен қамту орталықтарының күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Жұмыссыздықпен күрес, қоғамдағы әл-ауқаты төмен отбасыларға көмек беруге қатысты жұсыстар елордамыздан бастап еліміздің басқа да өңірлерінде қарөқынды жүргізілуде.
Олжас Омар, Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры: – Біздің қоғамда аз қамтылған отбасылардың өзі түрлі топқа бөлінеді. Бірі көпбалалы, жалғызбасты, бала күтімімен үйде отырған аналар, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтар, тізе берсе, жетерлік. Егер отбасының бір мүшесі жұмыссыз отырса және ол еңбекке қабілетті болса, оның жұмысқа тұруына жәрдем беріп, тіпті кәсібін бастауға да ынталандырамыз. Яғни біз тағайындаған жәрдемақы отбасының табыс көзіне айналмауы тиіс. Осыны да ескереміз. Біздің орталық мамандары әр отбасын аралап, ішкі мәселелеріне үңіледі. Олар отбасында кірістен көрі шығыстың көптігін айтады. Көпшілігі арнаулы білімі жоқ болғандықтан жұмыссыз жүреді. Біз әлеуметтік көмек көрсетіп, төлемақы тағайындаймыз және мүмкіндігінше отбасы құрамындағы еңбекке қабілетті адамды жұмыспен қамтимыз. Жұмысқа орналастырған соң жалақысын уақытылы алуын қадағалаймыз. Ал көмек мөлшері отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен болмауы тиіс. Ал төлем мерзімі 6 айдан 12 айға дейін. Тіпті 3 айға төлемді алып өз ісін ашуға да мүмкіндік бар. Бұл жаңа форматтағы жобаның берері мол. Атап айтсам, балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою, тұрғын үй көмегін алу, мүгедектерді әлеуметтік оңалту бойынша көмек алу.
Маманның айтуынша, егер отбасында еңбекке қабілетсіз адам болса жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндеттелмейді. Бұл шартсыз ақшалай көмек. Ал шартты ақшалай көмекке отбасында жұмысқа қабілетті кем дегенде бір адам болуы керек және жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндетті.
Дегенмен әлеуметтік жеңілдік – көпшіліктің барлық мәселесін шешіп тастамайды. Осыны ескерген жөн. Мемлекет тарапынан берілген көмек – кедейшіліктің алдын алып, ұлттың әл-ауқатының жақсаруына сеп болмақ. Жыл басынан бері, жаңа форматтағы жобаны жүзеге асыру үшін тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген. Бір-бірінен естіп білгендер кейіннен орталыққа өздері іздеп келген көрінеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Астанада жыл басынан бері шартсыз ақшалай көмек бойынша 588 отбасына оның ішінде 2 610 адамға жәрдемақы тағайындалған. Шартты ақшалай көмек 510 отбасы 3 056 адамға берілген.
Айнұр Нұрсабет