Алматының оңтүстік-шығысынан 250 шақырымдай, Райымбек ауданы Тоғызбұлақ ауылына жақын жерде Жуантөбе деген мекен бар. Аты айтып тұрғандай, қалың қабырғалары алыстан менмұндалаған еңселі төбе Екпінді жазығының дәл төрінде, таумен ұласа жонданып көрінеді. Биіктігі – 16-17 метрге жуық, радиусы – 50 метрдей, сыртынан шыр айналдыра ор қазылған төбенің орта тұсы опырылып, төмен түсіп кеткен. Ауыл зиялылары бұл төбені өткен ғасырларда орыстың қарақшы-жиһангерлері тонап кеткен деген болжам айтады. Жуантөбенің үстіне шығып, зер сала қараған кісі Іле Алатауының қолтығын қуалай, шығыстан батысқа созылған төбелер тізбегін байқайды. Сол тізбектің жүйесін бұзбай жүріп отырсаңыз, бір шеті Алтын адам табылған Есік қорғандарына бір-ақ апарады...
Алып төбе жайында аңыз көп. Біреулер «бұл жер кезінде қалмақтың атақты ханының ордасы болған екен, қалмақ ханы мұнда қомақты алтын-күміс пен көп мөлшерде қытай күрішін тығып кетіпті» десе, енді бірі «жаугершілік замандарда ата-бабаларымыз бұл төбенің үстіне от жағып, ел шетіне дұшпан келгенінен хабар берген» деседі. Шынын айтқанда, біздің көңіліміз осы екінші аңызға құлайды. Көнеден талып жеткен сол кәрі аңыз бізге бір шындықтың шетін шығаратындай. Жуантөбеден қалмақ хандарынан гөрі, арғы бабаларымыз – түркі қағандарының қолтаңбасын көбірек кездестіруге болады. Сондықтан да оны көне түркі ескерткіштерінің қатарына жатқызған дұрыс сияқты. Неге десеңіз, біріншіден, қақпасы күншығысқа бағытталып салынған. Төбенің шығыс бетіндегі опырылып түскен ойпаң бүйірі оған кіретін есіктің орны екенін білдіреді. Түркілерде орданың, жалпы баспананың есігі күншығысқа қарайтын болған. Өйткені таң шуағымен бірге үйге құт кіреді деп түсінген. Және бір ерекшелігі, төбені шыр айналдыра тереңдігі екі метрден асатын, радиусы 100 метрге жуық ор қазылған. Кезінде оған су жіберілген сияқты. Ондағы мақсат ентелеген жау болса, ордаға емін-еркін кіре алмасын деген сақтықта жатса керек. Бұл жерде айта кетерлік бір қызықты жайт бар. Жуантөбе орналасқан Екпінді жазығы негізінен шөлейт аймаққа жатады. Су жазық деңгейінен шамамен 1000 метрдей төменде жатқан Меркі өзенінен тартылған екен. Шыңырау тереңінен су жеткізген көне тоғанның орны әлі бар.
Сөздің реті келгенде айта кетейік, атақты Шарын шатқалының су қоры Ақтоғай, Сарықамыс, Қарқара, Үш Меркі аталатын өзендер жүйесінен құралады. Шыңнан бірден шыңырауға ұласып кететін жер бедері әлемде сирек кездеседі. Шарынның басы – Меркі өзенінің геологиялық жаратылысы тура осындай. Кезінде Шоқан Уәлиханов өзінің Қашқарияға сапарында осы жерге арнайы тоқтап, түнеген екен. Ол өз жазбаларында «Сөгеті арқылы өтіп, Торайғыр тауымен жүріп, одан әрі Меркіден Қарқараға шықтым» деп баяндаған. Сталиндік репрессияның құрбаны болған Қапез Байғабылұлының әнінде айтылатын әйгілі Меркі өзені дәл осы Жуантөбенің шығысынан ағып өтеді.
Әлқисса, аңызға сүйеніп айтсақ, тоған тартушылар ауыр жүк артылған есектерді Меркі өзенінің басынан қырқаға қарай ақырындап айдап отырыпты-мыс. Үстіндегі салмақтан белі қайысқан есек байғұс өрге қарай тік шыға алмай, тау қапталын майдалай қиялап жылжып отырады. Есектің жүрген ізіне бабаларымыз белгі соғып, сол бойынша тоған тартқанда, өзен суы өз ағысымен 1000 метрлік өрге бір-ақ шыққан. Сол су жота басындағы Жуантөбеге жетіп жығылғанға ұқсайды. Мұның өзі сол заманға тән инженерлік таңғажайыптардың қатарына жатады.
Судың жағымсыз, тылсым күштерден аластаушы, жамандыққа қарсы қорған, қалқан іспетті қызмет атқаратыны – түркілер ұғымында ежелден бар дүние. Жалпы, көне түркі архитектурасында орданы сумен қоршау секілді романтикалық шешімдер жиі кездеседі. Астанадағы Елбасы резиденциясын Есіл өзенінің қоршай ағып жатуы да бізді біраз ойға қалдыратындай...
Нәпіл Базылхан, түрколог ғалым:
– Орда төбелерге айналдыра тоған қазылып, оны сумен толтыру ғұрыптық кешен деп аталады. Кейде ол өзен суымен, кейде жаңбыр суымен толтырылған. Бұл – көне түркі дәуіріне тән нәрсе. Күлтегін, Білге қаған ескерткіштері сондай. Жуантөбе сақ дәуіріне де тиісті болуы мүмкін. Қалай дегенде де, ол жерге археологиялық жұмыстар жүргізу керек. Егер сол маңнан бұған дейін тас, қыш, металл т.б. бұйымдар табылған болса, бүлдірмей, зерттеушілердің қолына тапсырған жөн. Зерттемей тұрып нақты бір нәрсе айту қиын. Төбесіне от жағылатын қарауыл төбелер қазақ хандығы дәуірінде де болған. Төбенің ортасы ойылып түсіп кетуі ішіндегі мұраның қолды болғандығын дәлелдейді. Кезінде Петр біріншінің жарлығымен Сібір және қазақ даласы аяусыз тоналған. Ордалардағы бағалы алтын, күміс бұйымдарды түк қалдырмай тасып әкеткен. Қазақстанның оңтүстік бөлігінен Ұлы Жібек жолы өтетіндіктен, ондай төбелерде тарихи құнды жәдігерлер, зергерлік бұйымдар мол болған.
Зейнолла Самашев, археолог:
– Бұл қорғандарды б.з.д. IV-ІІІ ғасырлардағы сақ дәуірінің ескерткіші деп айтуға болады. Немістермен бірлескен, осы тақырыптағы зерттеулерімізді жарияланымға дайындап жатырмыз. Барлық қорғанды қазуға археологтардың шамасы жетпейді. Бір қорғанды қазу үшін кем дегенде екі жыл уақыт кетеді. Алдымен айналасын тиянақты зерттеп, сосын барып макетін калпына келтіруге тырысу керек. Баяғыдағыдай бульдозермен қопарып тастауға болмайды. Егер қазба жасалатын болып шешім қабылданса, алдымен сыртын қоршап, оған баратын жолын, инфрақұрылымын жөндеу керек. Қасындағы ауылдан мұражай ашқан жөн. Сосын барып реконструкциялап, обаға кіретін есік жасап, ішіндегі заттарын мұражайға қойып, орнына көшірмелерін қалдырған дұрыс. Сонда ғана келушілерге жағдай туады.
Хамит Айтқұл, ҚР Орталық мұражайы археология орталығының ғылыми қызметкері:
– Жуантөбені мен өзім арнайы барып көрдім. Тонаушылар оған төбесін ойып, сол арқылы кірген екен. Қаншалықты дүниені алып кеткені белгісіз. Кім білсін, кезінде Есік қорғанын да тоналған деп жүрдік қой. Бірақ Алтын адам қорғанның бір бүйірінен шыққан болатын. Сол секілді мұнда да бір алтын адам жатуы ғажап емес. Төбелер тізбегі дегеніңіз рас. Отырар ауданында да дәл осындай Жуантөбе деген төбе бар. Олардың бәріне ортақ туыстық байланыс бар. Бір өркениеттің ізі екені анық.
Жұман Смайылов есімді археолог ғалыммен сөйлескенімізде: «Рас, ол жерге ғалымдардың көп жолы да түспей жүр. Осы мәселені аймақтық органдар мен мәдениет мекемелерінің құлағына жеткізсеңіздер, дұрыс болар еді. Қаражат мәселесін шешіп, кешенді зерттеу жасау керек. Біз, бір жағынан, бұл қорғандарды қазуға онша ұмтылмаймыз. Бір есептен, олардың тұра бергені де дұрыс», – деген ой айтты.
Рас-өтірігін кім білсін, «Жуантөбенің астын ордалы жылан мекендейді-мыс» деген қауесет бар. Өйткені жұрт жаздың ашық күндері тасқа шығып, қыздырынып жататын сұсты мақұлықты жиі көреді екен. Жуантөбенің шырақшысындай болып жарты ғасырдан астам уақыт жанында тұрған жалғыз үй бар. Сол үйдің иесі Серғали Нүсіпов есімді азамат «Бала күнімізде көп болатын еді, кейінгі жылдары мүлдем азайып, тіпті жоғалып кетті. Бірақ осы күнге дейін сол жыландардың не адам, не малға қиянат жасағанын көрген емеспін. Әлде біз тиіспеген соң, олар да тыныш жата ма екен?» – дейді.
Жуантөбе, неге екені белгісіз, жұмбағы ашылмаған қалпы, осы күнге дейін бірде-бір мардымды зерттеу жасалмай, ғылымның назарынан тыс қалып келеді. Егер заманауи археологиялық жұмыстар жүргізіп, бұл ескерткіштің қай дәуір, қай кезеңге жататынын нақты айтып беретін адам болса, төл тарихымызды түгендеуге қосылған қомақты бір үлес болар еді. Қала берді, оны туризмнің игілігіне айналдырып, шетелдіктерге көрсетуге әбден лайық. Сол арқылы Жуантөбенің іргесінде тұрған, Алашқа Қапездей біртуар талант сыйлаған Тоғызбұлақ ауылының да әлеуметтік жағдайын біршама жақсартуға болар еді. Шығысында – Шарын, батысында – Көлсай, түстігін – күнгей Алатауы, терістігін Торайғыр таулары қоршаған таңғажайып төбе бүгінде өз жоқтаушысын сарыла күтіп жатқандай...
Р.S.
Жоғарыдағы ғалымдардың пікірімен келісе отырып, төл тарихымызға лайықты құрмет көрсетуде «салқынқандылық» танытпасақ екен дегіміз келеді. Түптің түбінде Қазақстандағы әрбір қорым, оба, төбе түгелдей аршылып, қайта қалпына келтірілуі керек екені даусыз. Оған ондаған, бәлкім, жүздеген жыл кетуі де мүмкін. Дегенмен қазіргі негізгі мақсат ол төбелерді бас салып қопарып қазып тастау емес, оны болашақтың игілігіне аман-есен жеткізу екендігін естен шығармаған жөн. Ол үшін ең болмағанда заманауи технологияның көмегімен талшықты сканерден өткізіліп, маңыздылығына қарай шетінен тоқтаусыз зерттеле берсе екен деген тілегімізді Мәдениет министрлігінің назарына жеткізгіміз келеді. Бұл салаға құйылған қаражаттың қалай да өзін ақтайтынына еш күмән жоқ. Қазақстанның үсті де, асты да қала екенін әлемге паш ететін күн жақындай берсе, қанеки!..