Боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жекке киіп шығатын шапанын жанкүйерлер сынға алды. Өйткені, Генаның шапаны қазақы оюмен өрнектелмеген деп жазады baq.kz.
"Осы мәселе кейінгі кездері баспасөз беттерінде де, әлеуметтік желілерде де оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Шапан киген жақсы-ау, бірақ, сол шапанды өзін қазақпын деп атаған Гена батырдың ұлттық төл ою-өрнегімен әдіптелмеуі, қазақ елінің атынан сынға түсіп жүргендіктен, Қазақстанның мемлекеттік нышандарымен әрленбеуі біздің де көңілімізді күпті етіп жүргені жасырын емес", - дейді мақала авторы Серік Сейтман.
Автор Головкинді бұл үшін кінәламайтынын, ниеті дұрыс екенін айтады.
"Әрине, бұл үшін Головкинді кінәлаудан аулақпыз, оның әу бастағы ниеті дұрыс қой. Ол қазақтың түбін зерттеп жүрген этнограф немесе этнолог па екен?.. Оған жүктелген міндет мүлде басқа. Батырымыз өзіне жүктелген міндетті толық атқарып жүр", - делінген мақалада.
Осыған орай, Генаға қазақы нақышта шапан ұсынатындар табылды. Әбдіжамит Саттарұлы есімді азамат Астана әуежайынан Головкиннің кезекті жекпе-жегіне жанкүйер болу үшін аттанып кетті. Бұл жолы азамат жәй емес, даңқты боксшымызға қазақы нақышпен әдіптеліп тігілген шапанын да ала бара жатыр екен.
"Қолымда Генаға сыйым ретінде алып бара жатқан арнайы тіктірген шапаным бар. Ол бұдан былай осы шапанды киіп шықса екен", - дейді Әбдімәжит Саттарұлы.
Айта кетейік, кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы, WBA (Super), IBO және WBC (Interim) чемпиондық белбеулерінің иегері Геннади Головкинмен жекпе-жек өткізетін британдық боксшы Мартин Мюррей арасындағы жекпе-жек ақпанның 21-нен 22-не қараған түні Монте-Карлодағы "Salle des Etoiles" аренасында өтеді деп күтілуде. Отандасымыздың өнерін "Қазақстан" ұлттық арнасы тікелей эфирден көрсетеді деп күтілуде.