Еліміздің билік органдарын, тіпті Парламенттегі халық қалаулыларының өздерін алаңдатқан бір өзекті мәселе бар. Түйіні тарқатылмаған соң, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың талай ұшығы шыққан да – осы сала, яғни орындалуы тиіс сот шешімдері жыл сайын екі-үш есеге өседі. Ал сот орындаушыларының қатары одан сайын төмендейді. Жүктелімі басынан асқан соң шара бар ма? Шешімдер орындалмай жылдар бойы сүрленіп те барады. Әділет министрлігі қаншалықты қауқар танытқанымен, статистика әрбір екінші сот шешімінің орындалмай жатқанын растап отыр...
Күні кеше Парламент Мәжілісінде өткен арнайы кеңесте осы жай өткір сынға ұшырады. Депутаттар сот шешімдерінің аяқасты қалғанына наразы. Өйткені бұл ел қазынасына түсетін елеулі қаржының бюджетке түспей қалуын туғызуда.
Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазіргі тұста біреудің дауын шешу оңай емес. Сот орындаушысы шешімді орындау үшін заңның кейбір тұстарын бұзуға да мәжбүр болады. Өйткені олай етпесе, борышкердің үйіне де кіре алмайды. Сот орындаушыларының үй иелерінен дөрекі сөздер естіп, тіпті ауыр жарақат алып жатқанын да атап кету керек. Заң баптарының бір-біріне қарама-қайшы келуі де – сот актілерінің ұзақ уақыт орындалмауына бірден-бір себеп.
Жүйедегі жүгенсіздік пен заңның солқылдақтығын сот орындаушылары да растап отыр. Мұны біз сала басшыларының бірімен болған әңгімеден анық аңғардық.
Нұрлыбек КҮЗЕНБАЕВ, Ақмола облысы сот актілерін орындау департаментінің басшысы:
– Республикалық орташа статистика әрбір сот орындаушысына 300-400-ге таяу атқару өндірісінен келетін растады. Бұл әр аймақта әртүрлі болып өзгеріп тұруы да мүмкін. Мәселен, Ақмола өңірінде бір сот орындаушысына 700 сот шешімінен келеді. Сот орындаушысының иығына артқан жүгінің орасан екенін билік те біліп отыр. Бірақ Елбасының Жарлығымен мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту сот орындаушыларын да айналып өтпеді. Тек Ақмола облысында ғана 9 сот орындаушысының қысқартылуы – мұның нақты айғағы. Ал сонда сот шешімдерінің орындалу көрсеткіші қайтіп түзелмек?!.
Иә, расында да, сот актілері көбейіп жатқанда, саладағы кадрларды қысқартып тастау қаншалықты тиімді? Аталған өзгеріс саладағы қордаланған жағдайды одан сайын күрделендіріп жібермей ме екен? Бұл онсыз да ұнжырғасы түскен сот орындаушыларына жығылған үстіне жұдырық болып жүрмесе игі.
Күн сайын сот орындаушыларының әрекетсіздігіне, сот шешімдерінің орындалмағанына беймаза болған халықтың қарасы көбейіп тұр. Мұны Әділет министрлігінің жеке блогына түскен арыз-шағымдардан анық аңғаруға болады. Күн сайын үстемеленіп жатқан шағымдардың тоқсан пайыздан астамы сот актілерінің орындалуына қатысты. Мұның ішінде мемлекет шығыны жөнінде әңгіме тіптен бөлек. Тек бір ғана Ақмола облысында сот шешімінің уақытында орындалмауынан мемлекет кірісіне 70 миллиард теңге түспеген. Бұл – бірінші шілдеде болған жағдай. Ал тұтас ел аумағында бұл санның қаншаға жеткенін елестетіп көріңіз. Төбе шашыңыз тік тұрады. Ал сол қаражат мемлекет кірісіне түссе, әлеуметтік жағдай да оңалар ма еді деген ойға қаласың. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмейтіні тағы бар.
Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың тек тоғыз айында республика бойынша 806 мың атқару өндірісі түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 165 мың құжатқа көп. Ал шешімдерді орындау көрсеткіші әлдеқайда төмен. Өйткені сот орындаушысының бір басында – пәленбай шешім. Есептеп жіберсеңіз, әр сот орындаушысы жақсы нәтижеге жету үшін ай сайын кемінде 50 сот актісін орындауы тиіс. Ал бұл тіпті мүмкін емес.
Бақтияр ӨНЕРБАЕВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары:
– Сот шешімдерін орындау өте ауыр іс. Өйткені сот орындаушысының атқару өндірісін түгендеп қарап шығуға да уақыты жетпейді. Бұл өндірушілердің ызасын туғызады. Үлгеру үшін әрбір сот орындаушысы күніне 24 сағат жұмыс істеуі тиіс.
Сот орындаушылары да өз жұмыстарының аса күрделі екенін мойындады.
Рашит ТҰРСЫНОВ, Көкшетау қаласы аумақтық бөлімінің сот орындаушысы:
– Сот орындаушысы күн сайын қауіп-қатердің ортасында жүреді. Мәселен, біз қарызы үшін борышкерді үйінен көшірмек болғанда, өзі 4-қабаттан секіріп кетпек болды. Тіпті баса-көктеп өзіңе тұра ұмтылатын жағдайлар да кездеседі. Сонда да сот шешімі заңмен орындалуға тиіс болғандықтан орындаймыз. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 362 бап бар. Бірақ ол әр кез орындала бермейді.
Талай қарғыс пен алғысты қатар естіген сот орындаушыларының мәртебесі әлі өсер емес.
Бұл, әрине, заңның солқылдақтығы демеске лаж жоқ. Бірақ көңілге бір медет боларлығы жақында Парламенттің қарауынан өткен Заңды Мәжіліс мақұлдады.
Заң күшіне енсе, сот орындаушыларының мәртебесі өсіп, қылмыстық жауапкершілікке өздері-ақ тарта алады. Сонда ол мемлекетке де, заңды және жеке тұлғаларға да тиімді болмақ. Бірақ сот орындаушыларының санының аздығы әлі де кедергілердің көп болатындығын айғақтайды.
Ақжан ЕШТАЙ, Ақмола облыстық сотының төрағасы:
– Сот шешімдерінің орындалмауын, әрине, ең бірінші кезекте сот орындаушысынан көреміз. Бұрын ол соттың қарауында болған. Қазір ол Әділет министрлігінің қарауына өтті. Бұрын әрбір судьяның қарауында бір сот орындаушысы болатын. Қазір судьялар атқару өндірісінің қандай жағдайда екенінен хабарсыз болып жатады. Сондықтан бұл іске аса жауаптылық қажет деп есептеймін.
Бірақ өндірушілер мен борышкерлер сот орындаушыларын өз істеріне жауапсыз санайды.
Гүлайша МЕҢДІҒАЛИЕВА, өндіруші:
– Сот орындаушылары өз істеріне жауапсыз қарайды. Мәселен, мен үш жылдан бері алиментімді өндіре алмай келемін. Тіпті телефонға да дұрыс жауап бермейді. Сондықтан сот орындаушыларын жауапкершілікке тарту қажет деп есептеймін.
Әрине, бес саусақ бірдей емес. Саланың жөнделуі үшін тұтас заңға өзгеріс қажеттігі – уақыт талабы. Ал Парламенттің қарауындағы жаңа заң жобасы аталған салаға қан жүгіртіп, жүйеге жүйелілік енгізуі – алдағы уақыт еншісінде.
Заң солқылдақ болса, сот шешімінен пәрмен бар ма?
Последние статьи автора