Алматыда Қазақстан Жазушыларының кезекті XV құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жаңа құрамы бекітіліп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет сайланды.
Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1977) журналист мамандығы бойынша, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін (Мәскеу қаласы, 1985) әдебиетші мамандығы бойынша бітірген.
1971 жылдан - Шығыс Қазақстан облыстық газетінің корректоры.
1977 жылдан - республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі.
1979 жылдан - «Жазушы» баспасының редакторы (Алматы қаласы).
1985 жылдан – Қазақ телевизиясы жастар редакциясының редакторы.
1986 жылдан - «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясы сын бөлімінің тілшісі. 1988 жылдан - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
1991 жылдан - «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы.
1993 жылдан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде бөлім меңгерушісі.
1997 жылдан – Қазақстан Республикасы Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрлігінің бөлім меңгерушісі.
2000 жылдан - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Кеңсесінде мәдениет секторының меңгерушісі.
2002 жылдан - «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының бас редакторы. 2008 жылдан бері - «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы қызметін атқарған.