Еуропадан әкелінген екіқабатты төбесі ашық қоғамдық көліктермен жолаушылар қаланың ең көрікті жерлерін аралап, саяхат жасай алады. Туристік автобустың бағыты мен жүру кестесі де бар. «Бұл әсіресе ішкі туризмді дамытып, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуге көмектеседі», - дейді жергілікті билік. Автобусқа жапа-тармағай лап қойған жолаушылардың арасында зейнеткерден бастап жас балаға дейін бар. Жұрттың көбі екінші қабатқа отырғысы келеді. Өйткені үсті ашық, ауасы таза. Көрінісі де жақсы. Саяхатшылар екі сағат бойына еліміздегі үшінші мегополис атанған Шымқаланың ең әсем жерлерін аралап, көретін болады. Бауыржан Омарбеков, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы: - Қаламызда соңғы жылдары бой көтерген жаңа ғимараттар бар тарихи-мәдени орындар бар. Осының бәрін қамтитын өзінің кестесі жүру жолы бар. Қаламыздың көрікті жерлерін тұрғындар мен қонақтарға таныстырады. Жолаушыларға жол бойы көліктің ішінде қазақ, орыс, ағылшын және француз сондай-ақ түрік тілдерінде қала жетістігі мен көне шаһар тарихы жайлы мағлұматтар айтылады. 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер тегін жүре алады. Ұлын серуендетуге алып шыққан Ғазалия Иманқұлова сапардан ерекше әсер алдым дейді. Ғазалия Иманқұлова, қала тұрғыны: - Бұл екіқабатты автобуспен қаланы араласаң, өте ерекше әсерде болады екенсің. Басқа да әсем жерлер өте керемет көрінеді екен. Таза ауа. Демалуға өте қолайлы. Автобустың үстінгі қабатына жайғасқан Диас ұтымды сәтті пайдаланып, қызына сөз салып, келісімін алды. Туристік көлік осылайша ғашықтардың да ұрымтал кездесетін жеріне айналды. Қаланың орталығындағы қиял әлемінен жүретін автобус «Тәуелсіздік», «Жер ана монументі» мен жаңа әкімшілік іскерлік орталығын қазына этномәдени кешендерін аралап шығады. Екіқабатты автобустар әзірге күнде кешкісін ғана жүреді.
24.kz