Шымкентте бала туу көрсеткіші өскен. Былтырдың өзінде көрсеткіш жылдағыдан 5 мыңға артты. Сол себепті шырайлы қала жаңа перинаталды орталыққа мұқтаж, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби өмір есігін ашады. Бұл көрсеткіш жылдағыдан әлдеқайда көп. Мысалы, өткен жылдың өзінде мегаполисте 33 мыңнан астам бала дүниеге келген.
«Бала туу көрсеткіші өсті. Пандемия кезінен бері ай сайын босануға келетін аналар саны көбейіп отыр. Бір күнде біздің перзентханада 50-60-қа жуық бала өмірге келеді», - дейді перзентхана меңгерушісі Гүлмира Қоңырбаева.
Қазір Шымкентте 4 перзентхана жұмыс істеп жатыр. Бірақ орынның жетіспеушілігіне байланысты жаңа босанған аналар үйлеріне ерте шығарылады. Десе де, бұл күрмеулі мәселенің шешімі емес. Мегаполиске тағы бір перинаталды орталықтың қажет екені рас.
«Қазір бізде акушерлік төсек-орын жетпейді. Болашақта жаңа перинаталдық орталықты құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазір салынып жатқан көп бейінді ауруханаларды босандыру бөлімшелерімен қамтамасыз ету көзделіп отыр», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.
Қазір 153 анаға шақталған қалалық перзентхананы ұлғайту көзделіп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл жеке перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана болмақ. Шымкенттік аналар халық санының өсуі жағынан алдыңғы орында тұрған шаһарда тағы бір перзентхана салынады деп үміттеніп отыр.