Өмірдің барлық саласынан өз орнын тапқан пластмассаны кім білмейді? Оның түп негізінде кәдімгі пластик жатыр. Пластиктің өзінің полипропилен, полиэтилен, полистирол, поливинилхлорид, полиэтиленгликоль деп аталатын, ә дегенде тілің күрмелетін ондаған «ағайыны» тағы бар. Осыларды бір сөзбен мұнай-химия өнеркәсібінің өнімі деп атайды.
Қойнауы қазынаға бай қазақ жері мұнай-химия өнеркәсібін өркендете алады. Өйткені Менделеев атай құрастырған кестедегі элементтердің барлығы бізде жеткілікті. Әсіресе мұнай мен газды мейлінше мол берген. Орал, Атырау, Ақтаудағы Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған, Өзен, Қызылордадағы Құмкөл бассейні сөзімізге дәлел. Енді шикізатты шетке шығарумен қатар, өзіміз терең өңдеуден өткізіп, дайын өнімді экспорттауға даңғыл жол ашылды. Кешікпей отандық дүкен сөресінен өзімізде өндірілген пластик тауарды арзан бағаға сатып алатын күн туады деген әңгімеге сенгің келеді.
Көмірсутекті көптеп өндіре бастағалы бері елде жүз мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнай өндіру көлемі 2001 жылдан бері екі есе өсіп, 2011 жылы 80 млн тонна қара алтын алуға қол жеткізіппіз. Осы жылдары газ өндірісі 5,46 млрд текше метрден 39,5 млрд текше метрге, яғни сегіз есеге артқан. Көрсеткіш көтерілген сайын жағдай жақсарады. Сонымен бірге инновациялық мазмұнның қажеттігі де айқын сезіледі. Ен байлықтың үстінде отырып, ырысы ернімізге тимесе не болғаны? Шикізатты «шикілей» экспорттаудың қазаққа соншалықты пайдасы бар ма? Бұл сауалдар Үкімет үйіндегілердің де мазасын алғанға ұқсайды. 2005 жылдан бастап елде мұнай-химия кешенін қайта «тірілту» жөніндегі жұмыстар басталды. 2015 жылға дейін мұнай-химия және химия салаларын өркендету бағдарламасы қабылданды. «Тірілту» дегеніміз жай сөз емес. Мұнай-химия – бұрыннан бізге таныс кәсіп. Кеңес уақытында да болған. Тек ол кезде жалпыодақтық өндіріс шеңберінің бір бөлігі ретінде салынып, басым көпшілігі ресейлік шикізатты өңдеп, дайын өнімді бүкіл Одаққа беріп отырған. Кейіннен экономикалық және өндірістік қарым-қатынастардың үзілуі салдарынан қазақстандық мұнай-химия кәсіпорындары шикізат тапшылығына ұшырап, 60 пайыздан астамы өндірісін тоқтатуға мәжбүр болды.
Атырауда – алып кешен, Қарашығанақта – жаңа зауыт
«Орнында бар оңалар» дейді дана халық мәтелі. Барды бағамдап, жоқты түгендеп, жаңаға ұмтылуды Елбасымыз өз Жолдауында нақты айқындап берді. Елбасы тапсырмасымен Атырауда алып мұнай-химия кешенінің қабырғасы қаланды. Ол екі кезеңнен тұрады: біріншісі – жылдық қуаты 500 мың тонна пропиленді құрайтын өндіріс, оның құрылысы 2010 жылы басталды, жобаның құны 2 миллиард долларға жуық. Құрылысты 2015 жылы аяқтау жоспарлануда.
Екінші кезең – жылдық қуаты 800 мың тонна пропиленді құрайтын өндіріс. Бұл жобаның құны 4,3 миллиард долларды құрайды, құрылысты 2016 жылы аяқтау жоспарлануда. 2015 жылға дейін Атырауда мұнай-химия саласын дамыту үшін 30 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсалмақ.
Мамандардың айтуынша, этаннан этилен, одан полиэтилен алу экономикалық және технологиялық тұрғыдан тиімді. Мәселен, қазіргі заманғы технологиялық жүйеде бір тонна этилен алу үшін 1,2-1,3 тонна этан жұмсалады екен. Салыстырмалы түрде алсақ, осындай өндірістік операцияға үш және одан да көп есе бензин мен 1,8-2 тонна пропан шығындалған болар еді. Алынған бағасы арзан этилен газ-химия өнімдерін шығаруға кең көлемде пайдаланылуы тиіс. Бұл жоба өңірде жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге де септігін тигізбек. Мәселен, осындай жобалар нәтижесінде 4000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Елбасы Жолдауында айтылған Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысының да маңызы зор. Бұл зауыт елді Ресей газына кіріптарлықтан құтқарып қана қоймай, мұнай-химия кешеніне қажетті шикізат та шығаруы тиіс. Дегенмен бүгін таңда осы ірі жобаның аяғына тұсау салып отырған мәселелер баршылық. Бірінші кезекте мынадай өзекті мәселе туындайды: бұрын қол қойылған келісімшарттың міндеттемелері бойынша жаңа қазақстандық ГӨЗ бен Орынбор ГӨЗ үшін Қарашығанақта өндірілетін газ жеткілікті ме? Қарашығанақ жылына 9 миллиард текше метр газды сатады, келісім бойынша Ресейге 15 млрд сатуымыз керек. Сондықтан Қарашығанақтың қуатын күшейтпей, отандық зауытқа қажетті 5 млрд текше метр газды алу әзірге мүмкін емес. Шетелдік инвесторлар биылғы жылдың аяғына дейін жобаны игерудің үшінші кезеңін бастауға уәде беріп отыр. Ол түпкілікті жүзеге асқаннан кейін қазір өндірілетін 8-9 миллиард газдың көлемі екі есе ұлғаяды, яғни ол 16 миллиард текше метрге дейін жететін болады. Осылайша, «шикізат бәріне де жетеді» дейді мамандар. Қалай дегенде де Елбасы Жолдауында айтылған жоба жүзеге асарына сенім мол.
Салауат ЖӘРДЕМОВ, техника ғылымының кандидаты:
– Отандық мұнай өңдеу зауыттарының қуатын тек 40 пайызға пайдаланып отырмыз. 60 пайызы терең өңделмейді. Газ өңдеу зауыттары 6,25 млрд текше метр газды өңдейді, оның ішінде ілеспе газдың 60 пайызы ғана өңделуде. Осының салдарынан, жалпы, көмірсутегін өңдеу мұнай мен газды айырумен ғана шектеліп, мұнай-химия шикізаты пайдаланудан тыс қалады. Ал осы шикізат полистирол, техникалық резина, шиналар сияқты бұйымдар өндіретін кәсіпорындардың іске қосылып, қалыпты жұмыс істеуіне аса қажет. Алдағы уақытта осыны да ескеруіміз қажет.
Оралдық пластик құбырдың сапасы жоғары
Бұл жобаның иесі – Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы (ОСӨК). Компания зауытының өндірістік базасында Германиядан шығарылған Krauss Maffеi зауытының өндірістік құрал-жабдығы орнатылған. Өндіріске қажетті шикізат Татарстаннан әкелінуде. Зауыт диаметрі 20 мм-ден 630 мм-ге дейінгі аралықтағы полиэтилен және полипропилен құбырларын шығарады. Оның өнімдерінің тұтынушылары – құрылыс, мұнай-газ, коммуналдық кәсіпорындар мен облыс тұрғындары. Елімізде тұрбалардың дені Ресейден, үлкен диаметрлі тұрбалар Еуропадан тасымалданады. Бір жылдың ішінде шамамен елімізге 22 мың тонна құбыр әкелінеді екен. Енді жоғары сұранысқа ие өнім түрлері осы «ОСӨК» ЖШС зауытының конвейерінен шығуда.
Аталмыш кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3500 тонна полиэтилен құбыр шығаруға жетеді. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт іске қосылғалы бері 2000 тонна полиэтилен құбыр өнімі шығарылған. Дайын құбырлар өз облысымыздан бөлек, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Қарағанды облыстарынан да тұтынушы тауып, алыс-жақынға жөнелтіліп жатыр. Таяу болашақта Ресей Федерациясының көршілес өңірлеріне экспорттау жоспарлануда.
– Біздің өніміміздің 67 пайызы қазақстандық мазмұнды құрайды. Әлемдік өндірістегі ең озық технологияны меңгеру арқылы біз барлық ресурсымызды 15 пайызға үнемдеп, жоғары сапаға қол жеткіздік. Ендігі өтінішіміз – құбыр жасауға қажетті шикізатты алыстан арбаламай, өзімізде шығарса екен. Сонда біз қандай бәсекеге де төтеп бере аламыз. Жалпы, Қазақстанда полиэтилен құбырларын шығаратын 12 зауыт бар. Қай-қайсысы да ішкі, сыртқы нарықтың сұранысын толық өтей алады, – дейді кәсіпорын директоры Валерий Крылов.
Ерлік ЖЫЛҚАЙДАР, кәсіпкер:
– Менің ойымша, мұнай мен газды терең өңдеуді қолға алмайынша, мұнай-химия шикізат қорын қалыптастыру мүмкін емес. Қазіргі кезде еліміздегі мұнай-химия өнімдерін тұтынудың басым бөлігі сырттан келетін импорттың арқасында қамтамасыз етіліп жатыр. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша химия өнімдерінің импорт айналымы 1 млрд долларға жуықтап қалыпты. Бұл қуанатын нәтиже емес. Ірі өндірістер құру керек. Бірақ біз секілді пластиктен өнім шығарғысы келген кәсіпкерлерді арзан шикізатпен қамтамасыз ету жағы ұмыт қалмаса екен. Сосын шығарған өнімімізді жергілікті сауда орындарында өткізетін жағдай жасалса жақсы болар еді...
Керек дерек
Химия нарығын зерттеу жұмыстарымен айналысатын америкалық Chemical Market Associates Inc. (CMAI) мәліметі бойынша, полистиролдың дүниежүзілік тұтыну көлемі жылына 14,4 млн тоннаға тең, соның ішінде Батыс және Шығыс Еуропада 3,5 млн тонна. Ең ірі тұтынушы Азия елдері, олардың үлесі жалпы көлемнің 30 пайызына жуық.
Қазақстан, Ресей және басқа ТМД елдерінде қалыптасқан полистирол пластиктерінің тұтыну көлеміндегі негізгі үлесін соққыға төзімді полистирол 51 %-ды құраса, акрилонитрилбутадиенстиролды сополимерлер үлесі – 20 %, көбіктенетін полистирол – 18 %, жалпы қолданыстағы полистирол – 9 % және сополимерлер үлесі – 2 %. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2015 жылға дейін дүниежүзіндегі тағамдық қаптама нарығы бес есеге ұлғаюы күтілуде.