Еліміздің алдағы басты мерекесі – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап жақында Шымкент қаласында фольклорлық ансамбльдердің «Ғасырлар үні» байқауы өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен тоғыз өнер ұжымы қатысып, жиналған қауымды құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйімен тәнті етті.
Байқауда республикамыздағы әскери фольклорлық ұжым – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Шекара сазы» ән-би ансамблінің фольклорлық тобы да өз өнерін көрсетті. Жалпы, ән-би ансамблі ұжымы ел сүйіп тыңдар жаңа әндерімен көпшілікке етене танымал. Шекарашы әншілер орындап жүрген Ескендір Хасанғалиев, Бағдат Алтаев, Естай Әлікеев, Ермек Елгезеков сынды ақын-сазгерлердің әндерін халық ыстық ықыласпен қабылдап жүр. Мәселен, Бағдат Алтаевтың «Жеңіс күні» әні – жүректі тебірентер шығарма. Оны тыңдаған жанның еріксіз делебесі қозып, бойдағы ел мен жерге деген сүйіспеншілік рух тулап шыға келеді. Мәңгілік әннің мәңгілік құдіреті болады деген осы шығар. Ән мен күйлерін қашан да нақышына келтіре орындап, тыңдарманның жүрегіне жол таба білетін ансамбльдің фольклорлық өнерпаздар тобын да осы жолы көрермен қауым ыстық қошеметпен қабылдады. Байқауда шырқаған әндеріне көпшілік тік тұрып құрмет көрсетуі соны білдірсе керек. Осы жолғы байқаудан фольклорлық топ құр қол қайтпай, қола жүлденің иегері атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Өнерпаздар тобы осыдан бір ай бұрын Алматы қаласында өткен «Ғасырлар сазы» республикалық фестиваліне қатысып, жеңімпаз атанған болатын.
Шекарашы өнерпаздар қоржынында – қос жүлде
Последние статьи автора