Сегізінші Үкіметтің тізгінін Серік Ахметов ұстады

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фотолар)

Кеше Қазақстанның саяси истеблишментінде кадрлық ауыс-түйістер болды. Сарапшылардың кадрлық саясатқа қатысты көптен бері болжаған сараптаулары жаңылыс кеткен жоқ. Саяси басқару ісінде аса маңызды жауапты қызметтерді атқаратын азаматтардың есімдері кеше мәлім болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің фракциялар жетекшілерімен Қазақстан Республикасының жаңа Премьер-министрінің кандидатурасы бойынша кеңес өткізді. Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалған Кәрім Мәсімовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді және Қазақстан Республикасы Пре­мьер-министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын қолдау туралы бірауыздан шешім қабылдады.
«Серік Ахметовті Премьер-министр ретінде тағайында­дым. Парламент бізге қолдау көрсетті. Бұл азамат қызметтің барлық сатысынан өткен, үлкен лауазымдарда болды, бизнеспен де шұғылданды. Қаланы басқарған, Астана қаласы әкімінің орынбасары, министр болды, Үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарды, сондықтан тәжірибесі жеткілікті. Меніңше, депутаттардың қолдауына қарағанда, бұл дұрыс шешім болды деп санаймын», – деп. С.Ахметовтің кандидатурасын ұсыну себебін түсіндірген  Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Үкіметтің құрамы алдағы он күннің ішінде мәлім болады.
Ел тарихындағы сегізінші Үкі­меттің тізгінін қолға алған Серік Нығ­метұлы Ахметов  1958 жылы 25 мау­сымда Қара­ғанды облысында туыл­­­ған.  Білімі жоғары. Қарағанды ме­­тал­лургия зауы­ты жанындағы за­уыт-ЖТОО-сын, Ресей бас­қару ака­демиясының аспирантура­с­ын бітір­ген. Мамандығы инженер-ме­тал­лург, экономика ғылымының док­­­­то­ры.
Еңбек жолын Қарағанды метал­лур­­гия зауытында бастаған Серік Нығмет­ұ­лы 1983 жылдан 1990 жыл­ға дейін партия және комсомол ор­ган­дарында, Қазақстан ЛКЖО Қара­ғанды облыстық комсомол ко­­ми­­те­­тінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Кәсіпкерлікпен шұ­ғылданған, орталыққазақстандық «Кең дала» тауар биржасының пре­зи­­денті болған. 2001 жылдан Темір­тау қала­сының әкімі, Астана қаласы әкі­мі­нің бірінші орынбасары, ҚР Пре­зиденті Әкімшілігінің Ұйымдас­тыру-бақылау басқармасының мем­лекеттік инспек­циясының меңгеру­шісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағы басқармасының төрағасы. Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2009 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының әкімі болған Серік Ахметов  2012 жылдың қаңтар айы­нан бастап Қазақстан Республи­касы Премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Құрмет, «Парасат» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» ме­далімен, мерейтойлық медальдар­мен мара­патталған. Үйленген. Екі бала­сы (ұлы, қызы), екі немересі бар.

Кәрім Мәсімов Президент Әкімшілігіне жетекшілік етеді
Қазақстан тарихында ең ұзақ жыл Премьер-министр болған Кәрім Мә­сімов­тің жетінші Үкіметі жаһандық дағдарысты еңсеріп, Елбасы тап­сырған көптеген бағдарламаны табысты атқа­рып шықты. Кеше Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев ҚР Премьер-министрінің отставкасын қабылдады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Үкімет өз міндеттерін жаңа Ми­нистр­лер кабинетінің бекітілуіне дейін ат­қарады. Үкіметтің соңғы отырысында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов Елбасы­на ризашылығын білдірді: «Мен еліміздің Президентіне маған осы жылдары артқан жоғары сенімі үшін алғысымды білдіргім келеді». Кәрім Мәсімов сон­дай-ақ Үкімет мүшелері­не атқарылған жұмыстар үшін риза­шылығын жеткізді. «Біз ел Прези­дентінің өзімізге артқан жоғары сенімін ақтауға тырыстық. Үкіметтің барлық мүшелеріне бірігіп жұмыс істеген жылдар үшін алғысымды білдіремін. Барлығымыз біздің Прези­дентіміздің командасында қалуымыз керек, бұл – ең бастысы», – деп атап өтті К.Мәсімов.
Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев өз өтінішімен қызметінен босаған Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімші­лігінің басшысы қызметіне таға­йындау туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев ҚР Президенті Әкімшілігі­нің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңес бары­сында Нұрсұлтан Назарбаев Аслан Мусинге атқарған жұмысы үшін алғы­сын айтты және Президент Әкімшілі­гінің жаңа бас­шысы Кәрім Мәсімовті таныс­тырды.
Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігінің алдына бірқатар міндет қойды және нақты тапсырмалар берді.  Аса білікті экономикалық топ-менед­жер ретінде танылған Кәрім Мәсімовке Президент Әкімшілігінің жетекшісі ретінде бүкіл елдің саяси менеджмент саласында жауапты міндеттер жүктеліп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жур­налистерге берген сұхбатында Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкімші­лігінің басшысы болып таға­йындалған Кәрім Мәсімовтің бай тәжірибесі елімізге қызмет етеді деп атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев – «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары
Сондай-ақ кеше Елбасы Нұрсұл­тан На­зарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның орта­лық аппаратында партия төраға­сының жаңа бірінші орынбасары Ба­қытжан Сағынтаевты таныстырды. Бұрын бұл қызметті Парламент Мә­жілісінің  (тө­мен­г­і палата) төрағасы Нұр­лан Нығматулин атқарған бо­латын.
С.М. Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетін бітіріп, ең­бек жолын Алматы халық шаруашы­лығы институтының саяси экономика ка­федрасының оқытушысы болып бастаған Бақытжан Әбдірұлына бас партияның бар жүгін еңсеріп алуы қиынға соқпайтыны анық. Өмір жо­лын­да Жамбыл облысы әкімінің орын­­басары, Қазақстан Республика­сының табиғи монополияларды рет­теу жө­ніндегі агенттігінің төрағасы, ҚР Премьер-министрі кеңсе­сі­нің бас­шысы, Павлодар об­лы­сының әкімі, ҚР Эконо­микалық даму және сауда министрі секілді жауапты қызметтерді атқарған Бақыт­жан Сағын­таев Құрмет ор­дені­мен және ме­­рейтойлық медальдармен ма­­­ра­­пат­тал­ған.
Ауыр салмақты саясаткерлер Мәжіліске барды
Өткен апта соңында 2008 жыл­дың қазан айынан бері Президент Әкімшілігін басқарған 62 жастағы Аслан Есболайұлы Мусин Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төр­ағасы болып тағайын­далды.  Прези­дент кеңесшісі Е.Ертісбаевтың пікірін­ше, бұған дейін жоғары лауа­зым­ды қыз­меттерді атқар­ған А.Мусиннің қа­зіргі қыз­меті жауапты болып есеп­теледі. Себебі бұдан бұ­рын депутаттар Есеп ко­митетінің құзыретін күшейту туралы айтқан болатын. 
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро қаулысымен Мәжіліс депутаттарының босаған ман­даттары бірауыздан Серік Әбікенұлы Үмбетовке және Омархан Нұртайұлы Өксікбаевқа берілген болатын. Партиялық тізім бойынша сайланған екі мәжілісмен басқа жұмысқа ауысу­ларына байланысты өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Олар Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысы әкімінің қызметіне тағайын­далса, Жақып Асанов ҚР Бас прокуро­ры­ның орынбасары қызметіне орнық­қан еді.
Бұған дейін Жамбыл облысын, Ауыл шаруашылығы министрлігін, екі рет Алматы облысын басқарған Серік Әбікенұлы Үмбетов – Алматы облы­сында қымыз өндірісіне зор қолдау көрсетіп, ұлт мәдениеті мен өнерінің жанашыры ретінде танылған тұлға. Ал бұған дейін Президент Әкім­шілігінің Бас бақылау инспек­циясының бастығы, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, тоғыз жылдай Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болған Омархан Өксікбаевтің «реви­зор­лық» тәжірибесі Мәжілісте де үлкен пайдасын тигізеді. Сайып келгенде, Мәжіліс ауыр салмақтағы саясаткер­лер­мен толықты деуге негіз бар.
Ал Серік Үмбетовтің орнына бұ­ған осы орган басшысының орын­ба­сары қызметін 2006 жылдан бері атқарып келген Абай Айдар­хан­ұлы Бисембаев ҚР Президентінің іс басқарушысы бо­лып тағайындалды. Абай Айдарханұлы Бисембаев 1967 жылы туған. М.Ло­моносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару акаде­мия­сы жанындағы На­рық институтын бітірген, саясаттану ғы­лымының кан­дидаты ғылыми дәрежесі бар.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін республика Ғылым академия­сының Экономика институтында ғы­лы­ми қызметкер болып жұмыс істеді. Ке­йін Мемлекеттік мүлік жөніндегі мем­­лекеттік комитеттің басқарма бас­тығы, Министрлер Кабинеті іс бас­­­қар­масының бас инспекторы, Пре­з­идент­тің жанындағы Эконо­микалық кон­суль­тант­­тар кеңесінің консультанты болды. Бағалы қа­ғаздар жөніндегі ұлттық ко­миссияның мүшесі болып тағайын­дал­ды. «Азық-түлік келісім­шарт кор­­­­по­­­рациясы» акционерлік қо­ғамы­­ның президенті, бірінші вице-президенті, вице-президенті қызмет­терін атқарды.

Парламентарийлер пайымы:

Жаңа Үкімет елдің әлеуметтік жағдайына жаңа серпін берсе игі

Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты:
– Президенттің ұсынысын қолдадым және бұрынғы Үкімет басшысына алғыс айту ниетіне қосылатындығымды да айттым. Себебі, менің пайымдауымша, Серік Ахметовтің дайындығы мол. Ол өнеркәсіп пен өндірістің  отына апталып, күлін қолымен көсеген, ыстық пен суықты, ақ пен қараны ажырата алатын атпал азамат деп білемін. Білікті басшы ретінде өзін талай көрсетті. Өңірлердің проблемасын бес саусақтай біледі. Ең бастысы, биліктің барлық мектебінен өткен, өндірістік, өнеркәсіптік, басқарушылық салаларының барлығында шеберлігін шыңдаған Серік Нығметұлы – қоғамның қайшылықтарын да айқын сезетін азамат. Ал жаңа Үкіметке айтар тілегім, біріншіден, елдің әлеуметтік жағдайына  жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Әсіресе, шындығын айтуымыз керек, ауыл тұрмысы, өңірлерді өркендету мәселесі әлі де өзекті. Бұны Президент өз Жолдауында да дөп басып көрсеткен болатын. Екінші мәселе – депутаттық сауалдар туралы. Парламент мінберінен жолданған депутаттық сауалдарға жаңа көзқарас керек. Үкімет, керісінше, депутаттық сауалдарды өз жұмысына сапалы пайдаланса, онда оның бәрі ел игілігі үшін атқарылған шара болар еді. Өйткені депутаттар мәселені тек биліктен жауап алу үшін емес, сол проблеманың шешімін табу үшін жолдайды. Міне, осы жағдайларға атқарушы биліктің жаңа құрамы тың серпінмен келсе деген үміт те, тілек те бар.

Орынбасарын көтеру арқылы Елбасы Мәсімов үкіметінің жұмысын  жоғары бағалап отыр

Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:
– Менің ойымша, Президенттің ұсынысымен Серік Ахметовтің тағайындалуы бүгінгі Үкіметтің дұрыс бағытта жүріп келе жатқанын, атқарылып жатқан жұмыс сапасын бағалау деп есептеймін. Шынында, Үкімет басшысын жаңа қызметке ауыстырып, оны ауыстырар кезде қызметін бағалап, орынбасарын сол билікке әкелуінің өзінде үлкен мән жатыр. Жалпы, бір басшыны жоғарылатып, оның орнына орынбасарын тағайындау осы саладағы жұмыстардың нәтижелі екендігін білдіреді. Ал жаңа Үкіметтің қызметіне келер болсақ, ол қолға алынған индустриялық-инновациялық саясатты жалғастыратын болады. Индустриялық жобалардың, қабылданған бағдарламаның 10-12 жылға межеленген мерзімі бар. Соның жартысын Мәсімов Үкіметі бітіріп кетті. Ал Ахметов Үкіметі тура сол қарқынмен басталған істі сапалы аяқтайды деген үміт бар. Атқарушы биліктің алдағы жаңа құрамына келер болсақ, менің ойымша, Мәсімов Үкіметінде бірқатар министр өз қызметтерін сапалы атқарып келді. Кемшілігі болғанымен де, жұмыстағы нәтижелері көрініп тұрды. Дегенмен кейбір министрлер, оның ішінде Парламент депутаттары тарапынан көп сын естіп жүрген ведомство басшылары ауысуы мүмкін  деп есептеймін.

Үкімет басшысын таңдауда Елбасы тағы да көрегендік танытты

Шалатай Мырзахметов, Мәжіліс депутаты:
– Мен мемлекет басшысы ұсынған Серік Нығметұлы Ахметовті бұрыннан білемін. Өзінің іскерлігі  арқасында қай жерде отырмасын орнын тапқан азамат ретінде көрсетіп келді. Кез келген мәселені байыптылықпен талдап шешетінін танытып жүрді. Қарапайымдылығымен, кез келген іске белсенді кірісетіндігімен де ерекшеленді. Сондықтан да Елбасы кандидатураны ұсынғанда дұрыс таңдау жасап, тағы да көрегендігін танытты деп білемін. С.Ахметовтің кісілігі қарапайымдылыққа ұштасқан, қарапайымдылығы қазақи пайым мен рухқа жанасқан азамат деп білемін.
Үкіметтің алдағы жұмысына келсек, бұрынғы қарқын үдей түседі, жұмыс өз ырғағымен кетеді деп ойлаймын. Сол үшін де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің ішкі «асханасы» қанық адамға таңдау жасап отыр. Дегенмен алда көп мәселе бар. Оның ішінде Мемлекет басшысының Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясына көп мән беріліп, индустрияландыру саясатын, инновациялық үдерісті шапшаңдатуымыз қажет деп ойлаймын. Біз, Мәжіліс депутаттары, осы бағытта жаңа Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс жасау үшін кандидатураны бірауыздан қолдадық. 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста