Қазақтың басына дәл Ньютон секілді күнде алма құлап жатқан жоқ, әрине. Содан шығар, өнертапқыштықта өзге елдің алдына шығып кетпеппіз. Бұған себеп – ғалымдарымыз бен қарапайым жұрттың төбесіне тоқ етіп құлайтын Алматы апортының қаттығы я халық-ананың өнертапқыштарды өмірге әкелуге «мораторий» жариялағандығы да емес. Гәп – өнертапқыштарымыз бен олардың тыңнан ойлап тапқаны қазақтың өміріне енбей, елеусіз, ескерусіз қалуында.
Өнертапқыштарымыздың табыстары өмірімізге дендеп енбеген соң, өнертапқышпыз деп өзеуреудің жөні жоқ. Батыс елдері ғылыми-техникалық, технологиялық артықшылықтарына сенімді екен. Ал бізге бұлар серік пе? Бүгінде тастай түйініп, үлбіреген үмітімізді 2017 жылға аманаттап отырмыз. ЭКСПО-2017 көрмесі – елдегі өнертапқыштардың еңсе тіктер кезеңі деп. Бір мезгілде 100 мемлекеттен келетін 5 миллионға жуық адамға көшпенділердің көш соңында қалмағанын солай ғана дәлелдеу керек онда.
Елбасы 23 қаңтарда Үкімет мүшелерімен өткізген кеңесте бұл мәселенің өзектілігін ерекше атағаны мәлім. «Индустрияландырудың әрі қарай табысты болуы үшін біз зияткерлік меншікті де қорғауымыз керек. Үкіметке өнертапқыштық пен патенттерді тіркеу рәсімдерін жеңілдетуді және осы көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жетуді тапсырамын», – деген еді Елбасы.
Статистика 2011 жылы өнімділік және үдемелі инновациялар бағытында кәсіпорындардағы инновациялық белсенділік 5,7 пайызды, ұйымдастырушылық және маркетингтік инновация 7,1 пайызды құрағандығын көрсетіпті. Сондай-ақ ТМД елдері арасында Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі орында екен. Санға шаққанда, Ұлттық зияткерлік меншік институтының дерегі бойынша, елімізде жылына 1 жарым мың өнертапқыш патент алуға өтініш берсе керек. Сонда он мың адамға бір өнертапқыштан келмек. Ал басқа елдерде ол өнертапқыштардың саны жыл сайын 10 пайызға өсіп отырады екен. Бізде олай емес. Не десек те, бір анығы – жан басына есептегенде ғылыми жарияланымдарымыз бен әрбір ғылыми қызметкерге тиесілі патенттеріміздің саны жағынан дүниежүзінде бірінші орынды иеленетін Израильге жетпек түгіл, оның өкшесін де баспағандығымыз.
«Ер Төстігім – бір төбе, сегіз ұлым – бір төбе»
Рас, ғылыммен айналысқан ғалымдарымыздан бөлек, ел ішіндегі өнертапқыштарымыз да бар. «Ер Төстігім – бір төбе, сегіз ұлым – бір төбе» дегендейін, ауылдағы өнертапқыштар да – бір төбе. Екеуін де ортақтастыратын бір проблема: ойлап тапқандарының өнеркәсіп не өндіріс саласында әжетке аспауы.
Білетіндер әсіресе өнертапқыштардың басым көпшілігі ауылда. Олар тұрмыс қажеттілігіне орай өнертабыстарды өмірге көптеп әкелуде деседі. Бұл да – шындық. Ауылда дегеннен шығады. Бір мысал. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының бір ауылында тұратын жеке кәсіпкер – Мекен Қасымұлы Сарыарқаның сарышұнақ аязында сыр бермейтін, қақаған қыста қатып-семіп қалмайтын суағар (колонка) ойлап тапқан. Кеңес дәуірінің «көзіне» айналған салмақты шойын суағардан құрылымы қарапайым, жеңіл әрі шүмегіндегі суымен сіресіп қатпайтын құрылғы жасап шығарған. Құны 60-70 мың теңгелік, салмағы 50-60 килолық, 40-50 бөлшектен тұратын «көненің көзінен» 10-15 килолық, небәрі он шақты бөлшектен тұратын суағар. Өнертапқыш әуелі ауылдың кей жерлеріне орнатып бақылаған. Нәтижесі ойдан шыққан соң, жаңалығының жобасын, сызбасын жасап, Әділет министрлігіне қарасты ұлттық зияткерлік меншік институтынан өнертапқыштығы үшін патент алды да. Бірақ өнертабысы патентпен ғана шектеліп тұр. Оны өндіріске, қолданысқа қосатын, қолдау білдіретін ұйым, кәсіпорын жоқ. Алғашында Қарағандыдағы «Технопарк» ЖШС-нің басшылары кәсіпкерлікті қолдау ниетінде қызығушылық танытыпты. Алайда бүгінде олар да үнсіз дейді жеке кәсіпкер.
Мекен ҚАСЫМҰЛЫ, өнертапқыш:
– Бұл суағардың үшеуін ауылға орнатқаныма төрт жыл болды, міне. Содан бері бір рет те қатып көрмепті. «Қалай қойдым, солай ұмыттым» («как поставил, так и забыл») дейді ғой, сол секілді. Төрт жылдан бері елдің игіліне жарап тұр. 40 градус аязда да қатқан жоқ. Басқа колонкалар сіресіп, қатып жатқанда, ол сусыз қалдырған жоқ.
Қайсыбірінің өнертабысы сұранысты иеленсе де, әрі қарай дамытып өркендетуге қолдау мен қаржы тұсау. Құзырлы орындардан алған патенттері де бар. Бірақ пайдасы жоқ патенттен не қайыр?! Патент алу да бұйым емес. Тек қажетті қаржы-қаражатын төлеп, тиісті іс-шарасын жасасаңыз болды. Кез келген иесі, қожасы жоқ қаңғып жүрген жаңалықты иемденіп шыға келуге болады деген гу-гу де көп. Өйткені патент алуға аса көп қаржы қажет емес. Ал АҚШ-та – 15 мың доллар!
«Ойда отыз сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды»
Тіпті бір кезде бір басылым шетелдіктердің ауылдағы өнертапқыштардың идеяларын иемденіп кететінін жазған еді. Сарапшылар шетелдіктер қазақ ауылдарында жүздеген өнертапқыштың барын біледі дейді. Содан әдейі ауылдарға барып, олардың ойлап тапқандарын оңай олжалап не аз-маз ақшаға сатып алып кетеді. Сарапшылардың айтуынша, қазақтың шақша басында туған жүздеген идея шартарапқа шекара асып, онда ғаламат ғылым жаңалығы болып ашылып жатыр. Сөйтіп, шетелдер «өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп отыр». Қазақ қоғамының өнертапқыштарын өгейсіткені олардың тасын өрге домалатуда.
Әбілда ӘЛІМБАЕВ, экономика ғылымының докторы:
– Жалпы, аймақта венчурлық қор жоқ. Венчурлық қор ол қандай да бір өнертапқыштың ойлап тапқан жаңалығын қаржыландырады. Одан түскен пайданы өнертапқыш та, венчурлық қор да бөліседі. Бірақ бұл тәуекелділікті қажет етеді. Себебі ғалымның жаңалығы сұранысты иеленбей қалуы да мүмкін ғой. Венчурлық қор шетелде жақсы дамыған. Біздің елімізде кенжелеп тұр. Мәселен, бүгінде біздің оқымысты, ғалымдарымыздың бәрі жылап жүр. Неге? Ғылыми жаңалығын өндіріске, қолданысқа енгізе алмайды. Ал венчурлық қор сол оқымыстылардың көз жасын құрғатар еді. Қорды жасау үшін қандай қадамдар қажеттігін де батыл айта аламыз. Бірінші – қаржы әкімдіктен, одан кейін – республикалық көзден, үшінші – жер қыртысын пайдаланушылардың жергілікті бюджетке аударымдарынан, жекеменшік инвестордың салымдарынан құралуы тиіс.
EXPO демекші, бұдан біраз бұрын қарағандылық өнертапқыш Семен Болотников жұмыс істеуі үшін тек кәдімгі су ғана қажет жерасты электр стансысын салуды ұсынғанын жалпақ жұрт естіді. Автордың айтуынша, оның технологиясының келешегі зор және Қазақстанның осы идеяны ЕХРО – 2017 дүниежүзілік көрмесіне алып шығуына болады. Бұл біреу ғана емес. Мұндай өнертапқыштар елдің түкпір-түкпірінде бар. Бір қызығы, оларға шетелдіктер ынтық, тек біз емес. Бір әттегенайы – «ауылдағының аузы сасықтығы».
Түйін орнына
Биология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мұрат Құрмашұлы өнертапқыштардың бүгінгі ахуалы туралы тап басып айтқаны бар. Ол кісі: «Инновацияны жасайтын – өнертапқыштар. Ал осы өнертапқыштарды қолдап-қолпаштау, құрметтеу қажетті деңгейде емес. Бір ғана мысал айтайын, Жапонияда өнертапқыштарды құрметтеудің шарықтау шегіне жеткені соншалық, оларда ай сайын әрбір көшеде, әрбір ауданда, әр облыста өнертапқыштардың сайысы болып тұрады. Сосын сол сайыстан жеңіп шыққандарды тікелей императордың өзі қабылдауына шақырады, сұхбаттасады, кеңеседі. Өкінішке қарай, біздің әкімқаралар өнертапқыштарды емес, әнші-бишілерді қолдауға бейім. Әрине, бұл жерде әншілердің еңбегін жеңіл еңбек деп айтудан аулақпын. Бірақ келешекте өркендейміз, елде өндіріс ошақтарын жандандырамыз десек, өнертапқыштарға көңіл бөлінуі қажет. Оларға қатысты Үкіметтің ықылас-пейілі айрықша болуы керек», – депті. Академик ағаларымыздың бұл айтқандарынан асырып не айтқандаймыз?..