Батыс Еуропа–Батыс Қытай автодәлізі – сөз жоқ, халықаралық маңызы бар ғасыр жобасы. Мемлекетіміздің қазынасына қосар қомақты үлесімен қатар, саяси ұпай да сыйлайтын маңызды нысан. Бәлкім, жобаның шикі жасалуынан болар, жоқ әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір, дәлізге қатысты кертартпа келеңсіздіктер бірінен кейін бірі көрініс беріп отыр. Көрші Жамбыл облысының аумағынан өтетін бөлігінде жұмыс қызу жүріп жатқанда, Оңтүстік Қазақстанда жер саудасы қызып жатты. Жұмысты жеделдету үшін арнайы Астанадан үлкен лауазым иелері бір емес, бірнеше рет ат басын тіреді. Сонымен, әйтеуір, сең қозғалғандай болып еді. Сөйтсек...
Жерге қатысты дау әлі толастамапты. Дәліз түсетін жер телімінің иелері учаскенің құнын бірден аспандатып, жұмыртқадан жүн қырқып қалуға жанын да, барын да салып жатқанға ұқсайды.
«Халықаралық автожол өтетін жерлерді сатып алуда әсіресе Сайрам ауданы тұрғындары тарапынан көптеген кедергілер мен келеңсіздіктер болып жатыр. Мәселен, осы ауданның Т.С. деген тұрғыны бағалаушыларға ұсынған өзінің жерінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіретінін көрсеткен. Онда су тартатын скважина, ағаш бағаналардың бар екенін алға тартып, мемлекет қазынасының 14 миллион теңгесін әмиянына түсірген. Алайда кері тексеру барысында айтылған жайттар анықталмаған. Прокуратураның ұсынысы бойынша Сайрам аудандық сотының үкімімен аталған азамат алаяқтығы үшін екі жыл шартты жазаға тартылып, мемлекет пайдасына 13 599 758 теңгені кері қайтаруға мәжбүр болды», – дейді облыс прокурорының орынбасары А.Байшолақов.
Бұдан бөлек, үш жер иесіне төлем жасау операциясы сотта қаралуына байланысты тоқтатылып тұрса, төрт жер иесінің келтірген мәліметтері кері тексерілуде.
Сондай-ақ бес жер иесімен негізсіз кеткен шығынды қайтару жөнінде келісім-шарт түзілген. Осы секілді себептерге байланысты жер учаскелерін сатып алу жұмысы тағы да уақытша кешеуілдеп тұр. Прокуратураның мәліметінше, облыс аумағынан 850 жер учаскесі сатып алынуы керек болса, бүгінге дейін оның 537-сі сатып алынған. 313-і сатып алыну үстінде.
Бұл – жер бетіндегі, яғни көзге көрініп тұрған нысанға байланысты туындап отырған келеңсіздік. Ал енді көзге көрінбейтін, жер астында тарих болып қатталып қалған құндылықтарымыз да жол астында қалғалы жатыр ғой. Мұны, әрине, даулап жатқан жеке азаматтар жоқ. Бұл жайт, ең алдымен, археологтердің жанына батып, шырыл қағып жүр. Мамандар мәліметіне сүйенсек, дәл осы халықаралық автотрасса тарихымыздың тұңғиығынан сыр шертетін 20-дан астам тарихи-архитектуралық ескерткіштердің үстіне салынады екен. Оның ішінде көне Қарлұқ қалашығы, ортағасырлық Рибадз кенттері бар. Бұл жерлерді былтыр жол салушы мердігерлер қопара бастағанда, топырақ арасынан қыш кеселер сынығы тағы басқа да құнды жәдігерлер кезіккен. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев: «Бұл қалашық Х ғасырда бой көтерген. Пиар-акция кезінде құрылысшылар мәдени қабатын қазып құртты. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, қалашық 20 гектар аумақты алып жатыр. Бұрынырақта осы жерді жанай Алматы-Шымкент трассасы салынған. Ал жаңа халықаралық автобан тура осы көне қалашықтың ортасынан кесіп өтеді. Демек, оны құртатыны сөзсіз. Автожол құрылысын жүргізетіндер әлі археологтермен келісімшарт түзген жоқ», – дейді. Солай бола тұра, автотрасса өтетін аймақтағы тарихи жәдігерлерді сақтау, қорғау ісіне қатысты нақты шешім шықпай отыр. Яғни археологтердің жанайқайы жар басындағы жаңғырық күйінен әріге аса алмауда, тіпті рұқсат алуға да асықпайтын көрінеді. Егер тарихқа шын жаны ашитын адам табыла қалса, бұл жерлерге, бірінші кезекте, ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастырып, жергілікті тұрғындардың да, туристердің де жиі табан тірейтін аймағына айналдыруды ойлайтыны анық еді. Өкінішке қарай, әрі құндылығымызды шетелдіктерге таныстыру мүмкіндігі мол, әрі үздіксіз табыс көзіне айналдыру бизнесі бола алатын бизнес түрі арман күйінен айнымайтын секілді.
– Археология ғылымы бір күнде жасалатын жұмыс емес. Оның үстіне, техниканың темір табанымен таптап өте салу оңай, ал тарихты түгендеу қиын. Біз үшін Көлік және коммуникациялар министрлігінің бұл орайдағы ұстанған мақсаты түсініксіз болып отыр, – дейді Б.Байтанаев баспасөз өкілдеріне берген мәлімдемесінде.
Осылайша оңтүстікте жерге қатысты, тарихи маңызы бар археологиялық қазба жұмыстарына қатысты даудың көрігі қызып тұр. Оның қашанға дейін созылатыны тағы белгісіз. Ғасырлар тарихының куәсі болатын жәдігерлерімізді жоғалтып алып, кейін сан соғып қалатын болсақ, ұрпақ алдындағы үлкен күнәміздің бірі осы болмақ. Ал оған ертең кім жауапты болады? Бұл жағын ойланатын жанашырдың аз болып отырғаны өкінішті.
P.S.
Бір дау шешімін таппай жатқанда, тағы бір сорақылықтың басы қылтиып тұр. Сайрам ауданының бұрынғы әкімі Мұхит Әліге қатысты стратегиялық маңызды жоба екенін біле тұра, халықаралық дәліз аумағынан жер бергені үшін облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің жетекшісі Шағала Момынханқызы хабарлады. Оның айтуынша, ККМ автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменті тарапынан жергілікті атқару органдарына автомагистральдің аумағына жататын жерлерден жер телімдерін беруге тыйым салынатындығы туралы арнайы хат жіберілген екен. Солай бола тұра, аудандық әкімдік шаруа қожалығын жүргізу, тұрғын үй салу секілді мақсаттарға жалпы аумағы 34,83 гектар болатын 17 жер телімін беріп жіберген сыңайлы. Аудан әкімі жоғарыда аталған хатты ұмыт қалдырды ма, әлде мән бермеді ме, ол жағын тергеу амалдары анықтайтын болады.